Спорт

Еңбекпен келген екі алтын

Болгарияның София қаласында «Странджа Кубогы-2025» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Бұл доданы былғары қолғап шеберлері «Шағын әлем чемпионаты» деп де атап кеткен. Абылайхан Жүсіпов ұлттық құраманың қоржынына алтын медаль салды. Ол 71 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Сабыржан Аққалықов болса, 75 келі салмақта бірінші орыннан көрінді. Талғат Сырымбетов 60 келі салмақ дәрежесінің қоласын місе тұтты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Финалда Абылайхан Жүсіпов Фарух Тоқтасыновтан 5:0 есебімен басым түсті. Ақтық сында жерлесіміз екінші нөмірде жұдырықтасты. Шегіне жүріп, джеп соққыларын молынан дарытты. Солақайын да сәті келгенде нысанаға дөп тигізді. Қолдарын ауаға сермеп, артық соққы жасаған жоқ. Шабуылға лап берген Фарух Абылайханның қарымта соққыларына оңбай түсті. Жалпы, Абылайхан Жүсіповтің техникалық, тактикалық тұрғыдан ілгерілегені айқын көрінді. Аяқ қозғалысы да жылдам. Оң қаптал мен сол қапталға тез ауысып, қарсыласының қарқынын тежеп тастады. Ол ақтық сынға дейін италиялық спортшыны 3:2, ал, Олекси Шыряевті 5:0 есебімен ұтқан еді.

Талғат Сырымбетовтің жартылай финалдағы қарсыласы – Радослав Росенов. Болгариялық бокшсы. Ринг иесі. Болгариялық боксшыға төрешілердің бір бүйрегі бұрады деп ойлады ма екен, Талғат гонк соғылған бетте ашық айқасқа кірісті. Қарсыласы бойшаң. Қолы да ұзын. Екінші нөмірде жүріп, жерлесімізді біраз сабылтты. Талғаттың бүйіріне біраз соққы дарыды. Содан болар, соңғы раунда алғашқы раундтардан қарағанда шаршаңқы қимылдады. Радослав соңына қарай, тіпті, қос қолын төмен түсіріп жұдырықтасты.

Сабыржан Аққалықовтың ақ­тық сындағы қарсыласы Тимур Нұр­сейітов жарақатына байланыс­ты рингке шығудан бас тартты.

Сонымен қатар, қыздар арасында 70 келіде бағын сынаған Азиза Исина қола медаль еншіледі.
Медаль саны бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы командалық есепте көш бастады – 5 алтын, 9 күміс, 4 қола. Екінші орынға Өзбекстан жайғасты. Оларда 5 алтын, 1 күміс, 2 қола. Алаң иелері – Болгария үшінші орында. 2 алтын, 3 қола. Түркия мен Әзірбайжан үздік бестікте. Аспан асты елінің өкілдері 1 қола ғана алып, 11 орыннан табылды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button