Жаңалықтар

Еңбекпен есейген ер

            Біз – бір жылдың, бір топырақтың төліміз. Құрдастық қалжыңымызды жарастыра жүріп, үзеңгілес қызмет еттік. Өмірдің бұралаң-бұлтарысын бірге көріп, талай бел-белестерден сүрінбей өттік. Абырой асуына да қатар көтерілдік. Достығымызды қадірлей білдік. Үлкендер «Досыңды көрсет, қандай азамат екеніңді айтып берейін» деп отырушы еді ғой. Ол – мені, мен – оны «Досым» деп таныстыруға еш қысылмайтындай шынайы дос болдық. Бір-біріміздің бағамызды біліп, бағымызды қадірледік.

Міне, өмірде адал досым, қызметте сенімді серігім бола білген еңбек ардагері Біләл Доскейұлымен сексеннің сеңгіріне қатар көтеріліп отырмыз. Білекең 1938 жылы 15 қаңтарда Шет ауданына қарасты «Жаңа жұрт» колхозында дүниеге келіпті. Біздің буынның тағдыры ауыр болғанын, балалықтың балдәурен шағына мейірлері қанбағанын жұрт біледі. Әсіресе, менің Біләл досымның тағдыры ауыр болды. Үш жасқа толғанда әкесі Несіпбай Ыбыраев майданға аттанып, хабарсыз кетті. Майданға аттанарда Біләлді Доскей атасы мен Бибіажар әжесіне аманаттап кетеді. Содан Біләл атасы Доскейдің тәрбиесінде болып, тегі де сол кісінің атына жазылып кеткен екен. Біз оны кейін білдік. Бәріміз Біләлді Досекеңнің баласы деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, Доскей атасы Біләлға үнемі «Сен – менің баламсың» деп отырады екен де, көзінің тірісінде бәйбішесіне: «Біләлді Доскейұлы деп жаздыр. Ыбырай-Несіпбайда Сыздық бар. Оны да жеті жасқа дейін тәрбиелеп, мұсылман жасап жібергенбіз» деп қатты тапсырыпты.

1944 жылы Доскей атасы дүние салып, Біләл әжесі екеуі ғана қалды. Сол «Жаңа жұрт» колхозында бастауыш мектеп бітірді. Көзіміз көрді, әжесі өте парасатты, өжет, тік мінезді, аймаққа, ағайынға қадірлі кісі еді. Сол кісінің тәрбиесі болар, Біләл досым да жасынан елгезек, тәрбиелі, үлкенді құрметтей білетін, кішіге қамқорлық жасай алатын азамат болып бой түзеді. Әкеден, атадан ерте айырылған, алайда, тағдыр тауқыметіне мойымаған жігерлі ұл осылайша ерте есейді. Еңбекке ерте араласты. Мектеп табалдырығын қатар аттағанымызбен, Біләл орта мектепті бізден кейін бітірді. Сабақ үлгерімінің төмендігінен емес, тағдырдың тауқыметімен солай болды. Кейбір жылдары колхоз жұмысына жегіліп, әжесіне қолқанат боламын деп жүріп, мектептегі оқудан қол үзіп қалды. Жалғыз Біләл емес, сол сұрапыл жылдарға балалық шағы тұспа-тұс келген ұрпақтың көрген бейнеті ғой бұл. Бірақ, біздің көбіміз жазғы, күзгі маусымда колхоздың егіс даласы мен пішен дайындау алқаптарында жұмыс істегенімізбен, оқуымызды ақсатпаған едік. Ал, Біләл болса, тың игерушілер легіне қосылып, мектепті 7 сыныптан кейін тастап кетті. Барлық достары оның оқуға деген қабілетін білгендіктен, Біләлді қайтадан оқуға үндеп жүрдік. Бірақ, «сананы тұрмыс билеген» заман ғой, Білекең алған бетінен қайтпады.

Иә, «Нұраталды» совхозының сол кездегі директоры М.Бурягин болмағанда, Білекең сол бейнетке белшеден батып жүре берер ме еді… Кім білсін?! Бір күні егіс даласына келген директор Біләл Доскейұлына жолығады. Жас жігіттің еңбекқорлығын сырттай бақылап, риза болып жүрсе керек, бірден: «Сен жақсы тракторшы, майталман механизатор боласың. Орден де аласың, медаль да тағасың. Бірақ, бұл жер сенің ортаң емес. Сондықтан, келесі оқу жылынан бастап оқуыңды жалғастыр. Сенен болашақта білікті маман шығады» деді. Біләлдің болашағы туралы Бурягин мырза оның қамқор ағасы Сәнеке Дүйсекеновке де ескерткен екен.

Сөйтіп, Білекең 1955-1958 жылдары Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда орта мектепте оқып, ойдағыдай бітіріп шықты. Мектеп бітірген жылы комсомолдық жолдамамен «Нұраталды» совхозының №3 комсомол бөлімшесіне тракторшы болып орналасты. Алғырлығымен, саяси сауаттылығымен, қоғамдық белсенділігімен танылған жігерлі жас бірден совхоз, аудан басшыларының назарын өзіне аудартты. Сонымен, Біләл Доскейұлына зор сенім артылып, оған совхоздың комсомол ұйымын басқару міндеті жүктелді. Мен ол кезде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Жақан Қошанов замандасымыз – екінші хатшы. Ауыл жастарының жетекшілігіне сайланған күннен бастап Біләл Доскейұлының пікірі, көзқарасы бізбен үндестік тауып, біздер қоян-қолтық жұмыс істеуге кірістік. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екендігін танытты. Сол жылдары біздердің мойнымызда ауыл жастарын еңбекке баулу, олардың жұмыстан бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру секілді жауапты міндеттер тұрды. Орталық Комитеттің жер-жерде комсомол жастар бригадаларын құру тұралы қаулысы бар. Не керек, біз бірлесе жұмыс жүргізу арқылы бірнеше жастар бригадаларын ұйымдастырдық. Көшбасшылық қырымен көзге түскен Білекең аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің пленум мүшесі, тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1959 жылы совхоз жолдамасымен Қарағанды қаласындағы бухгалтерлік курсты бітіріп келді де, шаруашылықта есепшілік қызметке кірісті. Шаруашылықтың есеп-қисап жұмысында да алғырлығымен танылды.

Бұл жылдар Шет өңірінің шаруашылықтары шалқып, жұлдызы жарқыраған кезең болатын. Жаңадан шаруашылықтар ұйымдастырылып, жаңа совхоздар ашылды. Солардың бірі – «Путь к Коммунизму» совхозы. Осы жаңа совхозда аға есепші қызметін атқара жүріп, Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсті. Теориялық білімсіз-ақ ауыл шаруашылығы саласының есеп-қисап жұмысын практикалық тұрғыдан жетік меңгеріп алған Біләл Доскейұлының қызметтік өрлеу кезеңі басталды. 1964-1973 жылдар аралығында совхоздың бас есепшісі лауазымын мінсіз атқарған ол 1973 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Екі жылдан кейін жаңадан ұйымдастырылған «Ақши» мал бордақылау совхозына директор болып жоғарылады. Жаңадан ұйымдасқан шаруашылықта жұмыс шаш-етектен болатыны белгілі. Оның аумағын белгілеп, бекіту, егіс, шабындық жерлерін анықтау, совхоз орталығының бас жоспарын әзірлеу, әлеуметтік саланың жұмысын жандандыру деген секілді қыруар шаруа тұрды. Осының барлығын оңтайлы ұйымдастырып, аз уақыт ішінде әр салаға білікті мамандар топтастырып, барлық шаруаны жолға қойды. Төңірегіне кілең жас мамандар топтастыра білді. Өзі соларға ақылшы бола жүріп, ауыл шаруашылығының тұтас бір буынын тәрбиелеп шыққанын көзіміз көрді. Олардың қатарында М.Ысқақов, С.Байымжанов, М.Еділбаев, Н.Сырымбетов, Ө.Жүнісов, Р.Нұрбеков, Қ.Игенбаев, Қ.Хасенов, Қ.Бәстенов сынды білікті мамандар кейін аудан көлемінде талай жауапты қызметтер атқарып, ел алғысына бөленіп жүрді. Жаңа шаруашылықтың көрсеткіштері аудан бойынша көш бастап, дала төсі дүбірге бөленді. Біләл Доскейұлының осынша еңбегін ескерген аудан басшылығы оның 1978 жылы «Шет» совхозын басқаруға жіберді. Бұдан кейін де Шет ауданының бірнеше шаруашылықтарын басқарды. Атап айтқанда «Шет» совхозына қарасты «Жарық» ауданаралық астық қабылдау кәсіпорнын өркендетуге өлшеусіз үлес қосты.

1989-2006 жылдары Шет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары, бас есепші болып абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, ел игілігі жолындағы қоғамдық белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Ақсақалдар алқасының тізгінін ұстап, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне өзіндік үлесін қосты.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, лайықты марапаттарға ие болды. «Тың және тыңайған жерлерді игерудегі еңбегі үшін» медалімен үш рет (1957, 1964, 1975 ж.ж), «Қажырлы еңбегі үшін» (1970 ж), «Ерен еңбегі үшін» (1990 ж), «Трудовое отличие», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен, бірнеше рет ҚазССР Министрлер Кабинеті мен Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Білекеңнің замандастары мен үзеңгілес әріптестеріне деген құрметі ерекше. Мәселен, өзімен ауыл шаруашылығы салалсында қатар қызмет атқарған Б.Хамзин, Т.Қасымов, К.Майкенов, А.Жұмағұлов, Е.Түсіпов, Д.Көпжанова, А.Әбеуов, С.Сәдуақасов, Ғ.Әйешов, М.Қанапин, Қ.Смағұлов, Қ.Құрманәлиев, М.Түсіпов, А.Омарбеков секілді замандастары мен К.Дүйсенбеков, Х.Байғабылов, Е.Сембин, М.Төлеуқұлов, Е.Мұхамеджанов, Ә.Сағындықов сынды ұстаздарын зор құрметпен еске алып отырады. Сондай-ақ, өзімен қатар қызмет атқарып, сырлас та, сыйлас болған К.Амандықов, Ж.Қошанов, Ш.Қасымов, Б.Жумкин, Ө.Жуасбаев секілді достардың іскерлігі мен азаматтығын кейінгі жастарға үлгі етуден жалыққан емес.

Білекең адалдықпен асқақтап, қарапайымдылықпен қарыштады. Адами қасиеттерді бәрінен биік қоя білді. Ортақ игіліктен оқшауланып, қара басының қамымен пендешілікке бой алдырған сәттерін көрмеппіз.

Бүгін сексеннің сеңгіріне қадам басты. Әттең, бір кем дүние… Асыл жары Роза замандасымыз осы бір мерейлі шақта жанынан табылмады. Алланың әмірімен 57 жыл отасқан қосағы 2016 жылы о дүниелік болып кетті. Алты бала тәрбиелеп, 12 немере, 3 шөбере сүйген асыл әже Білекеңнің бүгінгі қызығында барын дастарқанға салып, алыс-жақыннан жиналар достарын, туыстарын күтіп отырар еді…

Бейнетпен шыңдалып, еңбекпен есейген асыл досымыз, еңбек ардагері, елжанды ер Біләл Доскейұлын бүгінгі мерейтойымен құттықтай отырып, ендігі ғұмырда қабағын мұң, көңілін кір шалмайын тілейміз. Ғасыр жаса, Асыл дос!

Қасымбек МЕДИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button