АймақЖаңалықтар

Е. Бейсембаев: «Көкжөтелді тек екпе тоқтатады»

Кейінгі кезде аймақта көкжөтелмен ауырғандар көптеп тіркелуде. Бұл қандай ауру? Ол қалай жүреді? Көкжөтелмен ауырмау үшін не істеу керек? Міне, осы жөнінде Шахтинск қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Бейсембаевпен әңгімелескен едік…

Суретте: Шахтинск қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Еркін Бейсембаев

– Еркін Дәненұлы, көкжөтел дегеніміз қандай ауру және оның қауіптілігі неде?

– Бұл қауіпті инфекциялардың бірі. Біріншіден, оны жаңа туған сәбидің жұқтырып алу тәуекелі болса, екіншіден, ол өткір тыныс жолдары ауруларының тасасында білінбей қалуға бейім. Көкжөтел бактериалдық табиғаты өте-мөте жұқпалы ауру болғандықтан жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарын зақымдайды. Оның бактериялары кеңірдек пен көмейдің ішкі қабықтарында көбейеді. Ауру қоздырғыштары адамға ауамен әсіресе, жөтелу мен түшкіру арқылы беріледі. Дертті қабылдау қаупі кез келген жаста жоғары. Ал сырқатпен қарым-қатынасқа түсу ауруды жұқтырудың ықтималдығы 90 пайызды құрап, көкжөтелге қарсы туабітті иммунитетті жояды. Көкжөтел кезіндегі жөтел ұзаққа созылып, емдеуге бағына қоймайды. Сондықтан дұрыс ем-домды дер кезінде бастау қажет.

– Сонда көкжөтелден келер қауіп қорқынышты болып тұр ғой…

– Иә, көкжөтелдің ең қауіпті салдарының бірі энцефалопатия немесе бас миының қабынусыз зақымдануы болып табылады. Ол эпилепсия мен кереңдікпен және адам өлімімен аяқталады. Аурудың асқынуы бәрінен бұрын жас балалар мен қарт адамдарда жедел дамиды.

Көкжөтелден халықты қорғау мен оның қаупінің алдын алудың әдіс-айласы қандай?

– Көкжөтелді реттелетін жұқпа деуге болады. Яғни оны екпенің көмегімен тоқтатады. Халықты көкжөтелге қарсы иммундау профилактикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жүргізіледі. Қазақстан Республикасында вакциналау сәбидің екі, үш, төрт айлық жас мерзіміндегі үш екпеден тұрып, қайта вакциналау 18 айлығында жасалады. Сонымен бірге көкжөтелге қарсы қосымша қайта вакциналау баланың мектепке барар алдындағы 6 жасында қарастырылған.

Екпе алған баланың көкжөтелмен ауыруы мүмкін бе?

– Екпе көкжөтелді жұқтырудың тәуекелін мейлінше азайтады. Бала ауырып қалған күннің өзінде ауру екпе алмаған бүлдіршіндерге қарағанда жеңіл, асқынусыз өтеді.

Сурет: azattyq-ruhy.kz

Сіздердің мекеме көкжөтелге қарсы қандай шаралар қабылдауда?

– Біздің басқарма қызметкерлері халықпен санитарлық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, қаланың аналар мектептерінде, базарлар мен сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда көкжөтелдің алдын алу мен иммундеудің пайдасы туралы әңгімелер, дәрістер, радиодәрістер өткізуде. Сол сияқты әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер, медициналық ұйымдарда семинарлар ұйымдастырып, ақпараттық роликтер мен мақалаларымыз instagram және facebook парақшаларына салынады.

– Сөз соңында оқырмандарға не айтар едіңіз?

– Ең бірінші ата-аналарға Қазақстан Республикасында екпелердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы көзделген екпелерді мезгілінде алыңыздар дегім келеді. Ал балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналар өзінің ғана емес, өзгенің балаларын да қауіп-қатерге душар етеді дер едім. Өйткені барлық әлемде вакциналау халықты жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуынан қорғаудың бірден бір тиімді құралы екенін естен шығармағанымыз жөн. “Сақтансаң, сақтаймын” дегенді де біздің қазақ осындайдан айтқан.

Әңгімеңіз бен кеңесіңізге көп рақмет.

Әңгімелескен: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button