Жаңалықтар

Еңбегімен елге жаққан ер

Әкем Жұмаш Мұзқажыұлы – 1896 жылы қазіргі Шет ауданы, Бұғылы-Тағылы жерінде туған. 1932 жылы ҚарЛАГ-қа қазіргі Бұхар жырау ауданы Доскей елді мекеніне бір сағатта жер аударылған. Інісі Имаш та 1937 жылы тұтқындалып, үш күн Қарағанды қаласында ұсталып, кейін Ақмола қаласына жіберіліпті. Қазірге дейін Имаш туралы бір хабар жоқ. Әкейдің ағасы Мұқаш Көкшетаудағы агрономдық курста оқып жүргенде әскерге шақырылып, 1939 жылы Фин соғысына қатысқан. Әкей марқұмның айтуынша, «Соңғы хатында төбемізден жай түсіп жатыр» деп жазған екен.

Әкей 1934 жылы Кеңес Одағының Орталық Комитетің бірінші хатшысы міндетін атқарған. И.Сталин «кадры решают все» – деп ұран тастағанда Көкшетауға барып тракторшының курсын бітірген. 1935 жылы бригадирлік курсқа жіберіліп, сол жылы Коммунистік партияға қабылданады.

1940 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көрмеге қатысқан. «Ленин шалашта тұрып, шөп шапты» дегенге сенбеймін деуші еді. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі берген көптеген мақтау грамоталары болатын.

1942 жылдың көктемінде егін салу науқанында, қыста МТС-те (машина-тракторная станция) жөнделген тракторлар сынып қала береді. Әкей трактор бригадасының бригадирі болған.

Бір күні облыстық прокурордың тергеушісі іздеп келіп, әкеме үстінен жазылған арызды көрсетеді. Арызда: «Жұмаш Мұзқажыұлы әдейі тракторларды сындырып жүргізбей жатыр, өйткені, ол халық жауы. Інісі Имаш халық жауы ретінде 1937 жылы атылған» деп жазылыпты.

Қол қойғандар сол уақыттағы колхоз төрағасы, сельсоветтің төрағасы және ауылдық партия ұйымының хатшысы. Ол кезде әр тракторшыға журнал жүргізілген. Трактор қай уақыттан бері, не себеппен жүрмей тұр? Сол журналдан тергеуші керегін жазып алады. Әкей тергеушіге: «Тракторды жөндегенде дұрыс сайман салынбады, мен оны Қарағанды МТС-ның директоры Вайсоховскийге айтқанымда «Слушай, Музгожин, сейчас идет война деді» дейді.

Әкей марқұм тергеушіге сот болғанда облыстық бас инженер механигінің қатысуын сұрап, бригадирлік курста оқығанын, теория жүзінде тракторды жөндегенде деталь шыдамай ағып кететін кездері болатынын айтады. Әкей сол сотта ақталып шығып, аман қалады. Бұл 1942 жылы болған. 1958 жылы сол арыз жазған екі көрші Әкейден кешірім сұрайды.

Енді, сәл шегініс жасайық. Әкей ерен еңбегінің арқасында 160 гектар жердің әр гектарынан 21 центнерден астық жинаған еңбекқор жан болған.

Әлгі тергеуші арызды көрсеткен күні әкей кешке үйге келіп, шешеміз Зүлфимаға: «НКВД жендеттері алып кететін шығар, әлгінде менен Облыстық прокурордың тергеушісі жауап алып кетті» дейді.

Бір жұмадан кейін Қарағанды МТСнің директоры Вайсоховский келіп, әкейге «бригадирлықты тапсыр да тандаған кісіні (тракторшыны) ал, тандаған тракторды ал» дейді. Әкей «маған тракторшы керек емес, мына шашылып жатқан тракторды алып, өзім жүргіземін» депті.

Киіз үйді жығып, шешей екеуі көшіп кетеді. Ала жаздай ешкіммен қатынаспайды. Ақан деген кісі су мен керосинді атарбамен әкеліп тұрады. Әкей жаздай жер жыртады. Бір күні трактордың суын, майын тексеріп тұрғанда Қарағанды МТС-нің директоры Вайсоховский келеді де: «Музгожин сен маған тракторды адамсыз жүргізем дегенсің» дейді. Әкей тракторды соқпаққа салып, газын басып, секіріп түседі. Трактор жерді өзі жыртып кете барады. Сонда әкей Вайсоховскийге «Основная гайка в технике, это – человек» дейді. Вайсоховский: «Ертеңнен бастап, бригаданы қабылда, еңбегіңді ақтаймын» дейді. Сонсоң, журналистер бірінен соң бірі келіп, суретке түсіреді. Сөйтсе, әкей жер жыртудан облыс бойынша бірінші орын алған екен. «Қандай сыйлық болса, бірінші маған беретін» дейді әкей.

1948 жылы бидай жақсы шығады да, әкей Ленин орденімен, «За доблестный труд в годы Великой Отечественной войны 1941- 1945 г.г.» медалімен марапатталған.

Зейнеткерлікке шыққан соң әр түрлі жұмыстар атқарып, елге қызмет етуден танбапты.

Бес мезгіл намазын оқыды, оразасын ұстады. Жасырын…

1950 жылдары ауылда Парторг болып, Галя деген кісі жұмыс істейді.

Сол парторгтің атқосшысы Егзек Арғынбаев былай деп еске алады.

«Бір күні парторг маған: «Мұзқажының Жұмашын, (тағы екі адам аты-жөнін ұмытып қалдым) алып кел» – деді. Үшеуін де алып келіп, кабинетке кірдік. Парторг: «Мен сендерді ораза ұстап жүр деп естідім, ауыздарыңды арақпен ашыңдар, әйтпесе партбилетті үстелдің үстіне қойындар» – деді. Графинді араққа толтырып қойған екен, үшеуіне үш стақан арақ құйып берді. Ана екеуі арақты ішті. Әкем: «Партбилетті сен берген жоқсың, сен ала алмайсың» деп орнынан тұрып шығып кетті. Орталық комитеттің Қаулысында «дін жолында жүрген адамдар дінін жалғастыра берсін, бірақ жастарды дінге тартпасын» делінген екен. Сол Қаулыны Әкейге әкеліп: «Партбилеттің ортасына қойып, бес мезгіл намазыңды оқып, оразанды ұстап қорықпай өмір сүр» – дедім. Әкейдің көңіл-күйі көтеріліп, екінші рет дүниеге келгендей қуанды» деп еске алады.

Ол кезде әкей аудандық бюроның мүшесі болған. «Сауатсыз адам ел басқарса, осылай болады» деп отыратын марқұм.

Ұрпақтарының, әкейді жақсы білетін ауылдастарының тілегі «Өзі еңбек еткен ауылының бір көшесіне Жұмаш Мұзқажыұлы есімі берілсе» деген ой-армандары орындалса, адал еңбегімен елге жаққан ерге көрсетілген құрмет болар еді. Елтай орта мектебінің директоры болған Раушан Сарсенбаева әкемді: «Осы ауылда жұмыс істейтін бір-ақ адам бар, ол Мұзқажының Жұмашы» – деп отырады екен.

Түйтеғұл ЖҰМАШҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button