Жаңалықтар

Дуадақ – жыл құсы

Биыл Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоцациясы Құстарды қорғау одағымен бірлесіп, «Жыл құсы» ретінде дуадақты таңдады.

Дуадақтың жойылып кету қаупі болғандықтан, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілгені айтылды. «Жыл құсы» акциясының мақсаты – азайып бара жатқан құстарға назар аударту.

Айта кетейік, дуадақ – шығу тегі жөнінен тырналарға жақын болғандықтан тырнатектестер қатарына жатқызылады. Кейбір орнитолог ғалымдар дуадақтарды өз алдына жеке отряд деп қарастырады. Оның сыртқы дене тұлғасы мығым әрі тауықтарға ұқсас үш саусағы құрлықта жүруге және жүгіруге бейімделген. Аяқтары біршама ұзын әрі жақсы жетілген. Басы онша үлкен емес, әрі жалпиып келген. Көздерінің түсі сарғыш қоңырқай. Тұмсықтарының түбі жалпақ, жұқа болып келеді. Дуадақтың мойны қысқа жуандау келген. Қанаттары үлкен әрі жалпақ. Өте сақ құс. Оның құйымшақ безі болмайды. Қауырсындары түлеген кезде ұсақ ұнтақталып түседі. Қораздарының дене тұрқы мекиендерінен ірі және оның қауырсындары түрлі түсті болып келуімен ерекшеленеді.

Сондықтан да, қораздарын мекиендерінен бірден айқын ажыратуға болады. «Дуадақтай үлкен» деген теңеу сөздер оның тұлғасының ірі екендігін аңғартады.

Дуадақты қазақ халқы дене тұрқы ірі болғандықтан «тоқтыбалақ» немесе «қозыбалақ» деп те атайды.

Дуадақтар өсімдіктердің тұқымдарымен, жәндіктермен, тіпті, ұсақ омыртқалы жануарлармен де қоректенеді. Дуадақтар еліміздегі Наурызым, Қорғалжын және Үстірт мемлекеттік табиғи қорықтарында қорғауға алынған.

Еліміздегі дуадақтардың санының азаюына заңсыз аулау және олар тіршілік ететін табиғи ортаның тарылуы, әсіресе, тың және тыңайған жерлерді бейберекет жырту әсер еткендігі белгілі. Сондықтан да, саны азайып және таралу аймағы тарылғандықтан дуадақ Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» (2010) тіркеліп, қатаң түрде қорғалады.

Гүлжанат ҚАРШЫҒИНА.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button