Руханият

«Достарым, бір ағам бар Тайжан атты…»

Аманжол-Рахымжанның Қасымының туған ағасы Тайжан – сұрапыл соғыстан оралмаған солдаттардың бірі. Тайжан РАХЫМЖАНҰЛЫ 1943 жылы Украин жерін азат етіп жүрген қанды жорықта хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, оның тұңғышы Төлеуғазы 16 жасынан майданға аттанып, алдыңғы шепте жүріп сан мәрте ауыр жараланса да, әйтеуір ақыры аман-есен еліне қайтыпты. Баяғы Қасым, Тайжан хикаясы артта қалып, Рахымжанның ұл-қызы ержетіп, өсіп-өніп, Аманжол ұрпағының абыройын еліміздің алтын күн аспанында жеңіс туындай желбіретуде.

Иә, тарихты жасайтын да, жазатын да жеке тұлға, олардың әрқайсының мақсаты да өз керегінде, сол себепті оқырман да қазақ ақындарына қатысты айтылған аңыз бен ақиқатты дұрыс айыра білуі үшін, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білім, таза ниетімен қоса басқа жұрт та арқа сүйерлік шеберлік иесі болуы қажет. Ол шеберлік – архивтік деректермен құжатталған ғылыми-зерттеу. Абай нұсқаған әдіснама – ақылмен білу, көзбен көру, жүрекпен сезу. Қасымның жолын дұрыс анықтау ісінің өзі, шынын айтсақ, тура бір деректі-детективтік дүниеге баларлық іске айналып кеткенін көреміз. Қасымның қара таста таңбаланған тағдыр жолы әр заман, әркім өз үлесін қосқан шым-шытырық, адам түсініп болмайтындай көрінетін қым-қиғаш оқиғаларға толы. Ақын тағдырында орын алған оқшау-оқшау оқиғалардың басын біріктіріп беретін бір ғана амал – әр істің себебін іздеп табу болғандықтан, біз зерттеу ісін Қасымның өмірден өткен күнінен бастағанды жөн көрдік.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1955 жылғы 19 қаңтарындағы №15 санында ақын Қасым қазасы туралы некролог жарияланды. Міне, осы бір некрологта Қасым балалар үйінде тәрбиеленіп, Семейдегі педагогикалық техникумда, Ленинградтағы орман шаруашылығы академиясында оқыған делінген. Бұл деректің Қасымның Жазушылар одағында сақтаулы жатқан жеке ісіндегі автобиографиялық жазбаларынан алынғаны белгілі. Орталық мемлекеттік мұрағатта ақынның өз қолымен толтырылған екі автобиографиясы сақтаулы. Ондағы Қасым көрсеткен мәліметтер нақты фактілермен бекітілмеген, тиісті құжаттар тіркелмеген. Сол кезеңде іс жүргізуде дәп қазіргідей талап қоймағаны, қажетсінбегені түсінікті. Екі автобиографиялық қолжазбасындағы бір фактіге қатысты берілген ақпараттардың өзі әрқилы. Қасым өзінің туған жылын 1911 жыл деп растағанмен, сол жылдың қай айында, күнінде дүниеге келгендігі белгісіз деп кеткен. Өзі Қарқаралы уезінің Темірші болысының №7 ауылының тумасы екен, әкесі Рахымжан 1916 жылы қайтыс болып, 8 жасына дейін анасының жанында, одан кейін ағасының қарауына көшкен. Анасының да, ағасының да атын нақты атамапты. Қасымның үш ағасы болған, екі үлкен ағасы Нығметжан мен Ахметжан. Олардан кейінгісі Тайжан Рахымжанұлы. Қасымның «ол он бір, мен алтыда қалдық жетім» дейтіні – Тайжан. Әкесінен алты жаста жетім қалып, сегіз жасына дейін анасымен бірге болса, ақынның «Жаулығын теріс байлай ана кетті, Сыртта жел, үйде біздер қалдық сыңсып» дегені 1918 жылға келеді. Тайжан Рахымжанұлының туған жылы ресми құжаттарда 1900 жыл деп көрсетілген болса, Қасым өлеңінде әкесі Рахымжан қайтыс болғанда Тайжанның жасын «он бірде» деп жаңылыс жазды ма екен деген ойға қаласыз. Анасы басқа жұртқа кеткен соң, Қасым ағасының қолында болғанын айтады, алайда қай ағасы, жазбапты. Ағалары Ахметжан мен Нығметжан Қарқаралыдан ертерек кеткен сыңайлы, ауылда Қасыммен бірге қалғаны тек Тайжан. Бізде «Қасымды Семейге ағалары алып кетті, Тайжанмен бірге көшке ілесіп қалаға жетті, өзі жеке ағаларын іздеп шықты» деген дәлелсіз әңгіме бар. Некрологтағы «аталған Қасым балалар үйінде тәрбиеленген» деген сөз де шындыққа жанаспайды. Соңғы ақпарат таптық тұрғыдан алғанда Советтік саясатқа сай келетін нәрсе болғанмен, ақын: «Қардоқ, Күйген бекет, Талдың бойы, Кең жайлау ата-баба өткен тойы, Тудай болып желбірген аспанында, Аманжол ұрпағының абыройы» деп шындыққа сүйеніп жырлаған. Қасым өзі туралы өлеңінде жазып кеткенін архив деректері растайды. Адам шынын көбінесе жаны қиналып, аласұрған, тергеу мен тезге түскен мезетте еріксіз айтуға мәжбүр болатынын ғылым жоққа шығармайды. Биыл жазда Алматыдағы мұрағатта сақтаулы жатқан ақынның өлең блокнотына кездестік. Қордағы қара блокнот: Алматы. ОММ. Қор 2142. тізбе 1. іс 68. Қасым блокнотта «1951 жылы жабық партия жиналысында оқылатын өлең» деп қол қойыпты. 1951 жылды тарихтан білесіздер, 1951 жыл советтік диктатор Сталиннің қазақ ұлтына, халқына қарсы ұйымдастырған тағы бір қанды жорығының жылы еді. Дәп осы 1951 жылы Қасым да жаппай саяси қуғын-сүргін құрбанына айналып кете барды. Себебі, ақын Қасым «Мен – Қазақпын!» – деп айта білді. Және де қалай айта білді десеңізші! Тыңдап көрелік: «Біз – қазақ, мәңгілікке келген елміз! Ел намысын ешбір жауға бермейміз. Менің Елім – Менің Жерім!» Бұл жолдардың бәрі де Қасымның 1946 жылы дүние архивтерін ақтарып отырған қазақ студентін паш етіп жазған «Қазақстан» атты өлеңінен. Қасым өлеңіндегі «дүние архивтері» – ғалами ғылым, әлім сақ, бастау, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылым. Әділін айту қажет, Қасым 1951 жылдың желтоқсанында қара блокнот ақ қағазға қызыл қанымен шынын жазды:

«Сонау бір кез мұрша болмай ойлануға,

Шыққалы жатыр едім қой бағуға,

Ленин мен Сталин келіп ауылымызға,

Ап кетті көппен бірге мені оқуға».

Ақын блокноттағы өлең – 1922 жылы Семейге атақты Әліби Жангельдин бастаған «Қызыл керуен» Орынбордан Қарқаралыға жетіп, Қасымның басқа жетімдермен бірге үкіметтің пәрменімен Семейге оқуға әкелінгенін дәлелдейтін дерек. Қасымның «Ленин мен Сталин келіп ауылымызға» дегені Совет үкіметінің ресми өкілі «Қызыл керуен» образы. Интернетте Қызыл керуен – «Красный караван» аталған көштің заңды құжатта көзделген атауы «Коллегия Красного каравана КирЦИК». 1922 жылы Қазақстандағы атқарушы билігінің атауы – Киргизский Центральный комитет. «Қызыл керуен» сол кездегі Еңбек және Қорғаныс Кеңесі мен Орталық Атқарушы комитеттің біріккен шешімімен құрылған, Банкіде арнайы есеп-шот ашылып, 60 000 000 рубль бөлінген. «Қызыл Керуен» Орынбордан 1922 жылдың 20 мамырында шығып, 25 мамырда Ор қаласына келсе, қалада 5 айдың ішінде 10 000 адам аштан қырылып қалған. Он мың. Бір Ор қаласында бес айдың ішінде, 2 мыңы үйінде, 8 мыңы көшеде өлген. Үкімет «Қызыл керуен» шығарда белгіленген маршрут бойынша барлық елді мекенге телеграмма соққан, оның ішінде Семей де бар. «Қызыл Керуен» Павлодардан соң Қарқаралы қаласына соғады да уездің болыс-болысынан жинап алынған қазақтың жетім балаларын Семейге оқуға алып кетеді. Қарағанды архиві Ю.Поповтың қорындағы Қасымның қызы Дариғаның хаттарында әкесі Қасымның Семейдегі «школа подростков»-та оқыды деп көрсетілген. Шынында, сол уақытта Қазақстанның үш қаласы Әулие-Ата, Петропавловск, Семейде үш өлкелік «школа для казахских подростков» ашылған еді. Аталған мектептердің мақсаты қазақтың балаларын қазақ техникумдары мен совет-парт школдарға түсу үшін дайындау болатын. Қасымның ауылда мектеп-медреседе мұғалім мен молдадан оқыды дегенді еш жерден естімедік. Ауылда оқуға қолы жетпеуінің объективтік себебі де баршылық. Қасым 1911 жылғы жұтта туған, 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті, 1916 жылы қазақты майдандағы қара жұмысқа ала бастады, 1917 жылы әкесі Рахымжан қайтыс болса, 1919 жылы анасы басқа жұртқа кетеді, одан кейін 1921 жылы ағасы Нығметжан Қытайға өтіп, шекара асып жоғалады. Ал, Тайжан ағасы ауылдан қалың малы төленіп қойған жерінен бір қызбен тіл табысып, көңіл қосып, оны Семейге алып қашып кеткен. Міне, осы себептерден келіп, Қасым алғаш еңбек ете бастаған кезеңінде ол қыстақ бір байдың «поместьесі» болған деген. Тіпті, сол қыстақ Рахымжанға тиесілі болсын-ақ. Бірақ, «баяғыда мал бітіп еді» деген мақтанмен іс біте ме? Баяғыда бір болыпты-мысқа қарағанда бар жақсы ғой! Құдайға шүкір, Аманжол-Рахымжанның ұрпағы бар екен. Және де рухани бай екен. Рух дегеніміз – мінез. Ақыл мен ғылымды сақтайтын берік, қайратты мінез. Қасымның ағасы Тайжан ауылда бірге өскен Әміре есімді қызға ғашық болып, қалың малын алып қойған қайын жұртының барлығына қарамай, Семей шаһарына алып қашқан. Тайжанды ел-жұрт «момын» еді дейді, бірақ Тайжан тіршілік майданында ақыл мен әдіспен күресе білгенін Қасымның өлеңінен байқаймыз:

«Қор болмай есер тағдыр қылжағына,

Үңіле білдік біздер ел жанына.

Ойыншық, қуыршақ боп көргеніміз жоқ,

Әркімнің шолжыңы мен ыржаңына».

Сойқан соғыс басталғанда да Тайжан ел қатарлы бірінші болып қан майданға аттанады. Украина жерін азат ету операциясында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Тайжан өзінің 16 жасар ұлы Төлеуғазы да соғыс майданына кіргенін білмей кеткен. Барлап қарасаңыз Рахымжанның ұлдары Тайжан мен Қасымдарда бір ортақ мінез бар. Ол – қоғамның жолын қуу, яғни, адамшылыққа адал қызмет ету.

Қасым ағасы Тайжанның тұңғышы Төлеуғазыны Алматыға алып кетіп оқытпақшы болғанда, анасы Әміре келіспепті. Бірақ, Төлеуғазының ұл-қыздары ақын Қасымның жолын, ісін жалғастыра білгеніне куә болып отырмыз. Қасым Семейде веттехникумды, Ленинградта орман институтын аяқтамай кеткен еді. Қасымның жастықта жіберіп алған кемшіліктерін кейінгі ұрпағы түзеп беріпті. Дәмегүл Төлеуғазықызы Рахымжанова Семейдің ветеринарлық институтын бітіріп, Москвада кандидаттық диссертациясын қорғаса, Болат Әділғазыұлы Рахымжанов диссертациясын Ленинградта қорғайды. Бұрындары, Қасым 1935 жылы Орал қаласында қазақтың театр-студиясының жұмысын жолға қоюда өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болғанын көрсете білгендігі туралы айтқан едік. Архивтердегі құжаттарды ақтарып, зер сала қарағанда анық аңғарғанымыз – Қасым мінезінің ар алдындағы адалдығы, ұлттық мүдде мен поэзияда адамдық жауапкершілігі ересен зор болған. Шынында да, ақын Қасым құр басының бақытын ойламаған кісі. Осы текті мінез Қасымның ағасы Тайжанның тұңғышы Төлеуғазының ұлы Нұрлан өмірінен табылды. Нұрлан Төлеуғазы үлкен ағасы ақын Қасымдай ұлтқа қызмет етуде, мемлекеттік құрылысы ісінде жалындап, дауыл боп соқты, тек әттең, өмірден ертерек өткені өкінішті. Дегенмен, бар жақсының аты да, заты да үзілмес, ақын Қасым «Дүниеге келер әлі талай Қасым» деп біліп, сеніп айтқан.

Достарым, Тайжанның шөбересі бар Қасым атты!

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button