Жаңалықтар

Дос жүректің лебізі

«Біз де үшеу едік, олар да үшеу еді» дегендей, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің І курсына оқуға түскеннен кейін 1979 жылдың қазан айының екісі күні қас қарая картоп теруден келіп, ертеңіне таңғы сағат 8:15-те университеттің алғашқы студенттік сабағына барып едік. Мен, Мұрат Хасенов, Мәлік Белгібаев үшеуміз сабақтан сілеміз қатып келіп, енді ұйқыға жатамыз ба дегенде, университеттің №4 жатақханасының 212 бөлмесіне үш жігіт cау етіп, кіріп келді.

 

Қорықпасақ та, аздап сескеніңкіреп қалғанымыз рас еді. Бірақ, бейтаныс жігіттердің сөздері де, жүздері де жылы екен. Бұл жігіттер біз оқитын факультеттің ІІ курс студенттері Ақылбек Отынбаев, Талғат Байсарин, Төлеубай Ермекбаев болып шықты. Сөйтсек, олардың бізге келгендегі мақсаттары өздерінен кейін оқуға түскен «інішектерімен» танысу екен. Бүгін алпыстың асқарына шығып отырған қадірлі Төлеубай досыммен бұдан бақандай 42 жыл бұрын осылай танысып едім.

Филология факультетіне оқуға жігіттер көп түсе бермейді. Сондықтан да төменгі, жоғарғы курс жігіттері бір-бірімен етене араласып, дос-жаран болып кете беретін. Біз де Төлеубаймен алғашқы айлардан-ақ тонның ішкі бауындай жақын араласып кеттік. Негізі адамдарды ортақ мақсат пен мүдде біріктіреді ғой. Біздің қоян-қолтық араласып кетуімізге себеп болған – факультеттің қабырға газеті мен «Балауса» студенттік әдеби-шығармашылық бірлестігі.

Кейбіреулер ойлайтындай, студенттік өмір қыз-жігіт болып, қызық-думан қуу емес. Филфактың жігіттері бас қосқанда ақын-жазушылардың жаңа туындыларын ортаға салып, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Фариза ақындардың өлең шумақтарын жатқа біріміз бастап, қалғанымыз аяқтап, жыр жарыс та ұйымдастыратынбыз. Төлеубай, Болат Асанов, Еркін Өкімбаев өз өлеңдерін, ортамыздағы жалғыз прозаик Талғат Байсарин новеллаларын, Мәлік Белгібаев өзіне тән позаға тұрып алып Олжастың, Мұхтардың өлеңдерін жатқа оқып, ортаға салатын. Ол кезде қазіргі ақтұйғын ақын Ғазиз Ештанаев өзінің бойындағы тамаша дарынын бес жыл бойы бізден жасырып жүріпті.

Мереке күндерінде жолаушылар поезымен Төлеубай досымыздың Атасу стансасындағы үйіне қонаққа жиі баратынбыз. Көпбалалы үй болса да, Мансұр әкей мен Бәтеш шешей топырлап барған жігіттерді өздерінің ұлындай қарсы алып, бар дәмді асын алдымызға тартатын. Жастықтың жалыны мен қызыл шарап қыздырған біздің артық-кем отырыстарымыз бен у да шу ән-жырларымызға әсте қабақ шытпайтын. Төлеубай досымыздың өзінен кейінгі інілері аға сыйлағаны сонша, бәйек болып, жағдайымызды жасап, алдымызда тік тұрушы еді! Мұның бәрі текті де бекзат ата-ананың тәрбиесі, өздеріне Құдайдың санасына берген әдемі әдептері екен ғой…

1987 жылдың шілде айында Кеңес әскерінің құрамына, одан әрі Ауғанстанға 25 жастан енді асқан қазақ аспиранты «керек» бола қалыпты. Содан мені Төлеубай досым мен жары Жамал өздері сол кезде университеттің отбасылық жатақханасында тұрып жатса да, аға-жеңгемдей таңға дейін әскерге шығарып салу мерекесін жасағанын қалай ұмытайын?! Ертеңіне қазіргі облыстық әскери комиссариаттың жинау бекетіндегі темір шарбақтың арғы жағында маңдайым күнге күйіп, таңдайым кеуіп, өте қатты шөліркеп тұрғанымда, Төлеубай досым редакциядағы жұмысын Құдайға тапсырып, маған жүгіріп жеткені әлі жадымда. Қанатымен су сепкен қарлығаштай бәйек болып, салқын сыраны қолыма ұстатқанда, маңдай терім бұрқ ете қалғаны-ай!

Балалықтың бал дәуренін бірге өткізген Бектөре Бөкенов, Болат Сыздықов достарының айтуына қарағанда, Төлеубай бала кезінде анау айтқандай аса момақан бала болмапты. Ауылы Атасудағы орыс кемпірлердің бірі керексіз болып жатқан шыны бөтелкені алып, дүкенге өткізе қояйын десе, үшеуі одан озып барып, шынының аузына таспен жарықшақ салып, жарамсыз етіп кетеді екен. Ауылындағы орыстардың жайқалып тұрған бау-бақшасына жасаған «түнгі жорықтары» және бар…

Тәңірі адамдардың өмір сапарына ортақ сүрлеу мен соқпақ беруі мүмкін. Бірақ, әр адам сол соқпақты әртүрлі бағытта жалғастырады. Тағдыр, пешене, жазу деген осы шығар. Төлеубай бастаған сол үшеудің ешқайсы біздің факультетті бітірмеді. Ақылбек ІІ курстан кейін қайғылы жағдайда өмірден озса, оралдық досымыз Талғат оқудан шығып қалып, Сарандағы зауытқа жұмысшы болып кетті.

Ал Төлеубай досымыз 1981 жылдың жазында ІІІ курсты бітірген соң, М.Ломоносов атындағы Москва университетінің журналистика факультетіне оқуға ауысты. Алыс қала, шалғай жерде туған елден жырақта жүрсе де, Қадыр ақын айтпақшы, студент кезімізде оны «бір елдің басшысындай» шығарып салуымыз бен қарсы алуымыз толастаған жоқ.

Төлеубай бұл оқу орнын ойдағыдай бітіріп, одан кейін бір жарым жыл әскери борышын өтеп келген соң өзінің еңбек жолын Қарағанды облысындағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында тілші болып бастады. Қаламы қарымды, жазуы жүйрік журналист қана болған жоқ, облыстық жастар газеті «Қарағанды жастарын» ұйымдастырып, артынан «Орталық Қазақстан» газетін басқарды. Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Саттар Ерубаев, Тоқтар Әубәкіров жайлы елді елең еткізген очерктерімен есімі елімізге танылды. Бүгінгі күні де еліміздің ақпарат құралдары мен Facebook әлеуметтік желісінде оның оқырман олжасы болып табылатын материалдары жиі жарияланып тұрады.

Қадірменді досым Төлеубай!

Алпыстың асқары құтты болсын! Өмірдің бел-белестерінде алар асуларың көп болғай!

Бүгінгі мерейлі жасыңда адал көңілмен ақтарған дос жүректің ыстық лебізін қабыл алғайсың!

Шапағат ЖАЛМАХАНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button