Руханият

Домбыра – ұлт байлығы

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6-7 сынып оқушыларына арналған «Домбыра» оқу құралы кітабының жобасы таныстырылды. Оқулықтың авторы – белгілі өнертанушы Жанғали Жүзбай.

Айта кетеріміз, бұл – әлі баспаға тапсырылмаған оқулықтың алғашқы нұсқасы. Мұның алдында Халықаралық Түркі Академиясына «Домбыра» оқулығын әзірлеу тапсырылған болатын. Қараша айында Президент сол оқулықпен танысты.

Осы орайда айтарымыз, мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу қажет. Бұл туралы биыл шілде айында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концертте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Мемлекет басшысының еліміздегі мектептерде ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған бастамасын қолдаймын.

Қарап отырсақ, осы уақытқа дейін орта білім беру мекемелерінде музыка мектептерінің ұстаздары ақылы түрде домбыра үйірмесін жүргізіп келеді. Сол үйірмеге қатысуға ниеті бар көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балалары ай сайынғы 2000 теңгеден басталатын ақыны төлеуге шамалары жетпегендіктен қатыса алмай жатады. Жеткіншектер талаптары таудай бола тұра, ұлттық өнерді үйренуден осылайша шет қалады. Болашақта маңдайы жарқыраған, домбырада шебер ойнайтын, нота танитын, әнші-күйшілер бүгінгі балауса балғындардың арасынан суырылып шығатынын жақсы түсінуіміз керек. Ендеше, тегін домбыраға баулу үйірмелері ашылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бұл ізгі дәстүр қала мен ауыл мектептерінде жаппай үрдіс алуы қажет. Сонда Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғиса сынды дарабоздар бастаған күйшілік өнерді дарынды жастарымыз жалғастыра түсіп, елін, ұлтын сүйетін рухы биік, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелейміз.

Дархан УӘЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

 тарих ғылымдарының магистрі.

Басқа материалдар

Back to top button