ДОМБЫРА – ДАСТАН
Күнделікті әдетпен радионы қосып едім, қос ішектен төгілген мұңлы әуен жанымды баурап ала жөнелді. Тыңдай келе біліп тұрмын, әйгілі күйші Аққыздың «Қайран елі» екен. Тоғыз пернелі домбыраға осыншама сиқырлы үн берген ғажайып дүниеге тамсанасың, таңданасың…
1970 жылдардың орта кезінде аудандық «партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқаратын кезім, Амантай, Бақытбек деген жігіттермен көрші тұрдым. Күз уақыты, бірде әңгімеден әңгіме туа бәріміз қарақат теруге бармақшы болдық. Сонда Бақытбек музыка мектебінің директоры болып қызмет атқаратын: «Ақтоғайға барайық, сай-салада қарақаттан көз ала алмайсыңдар», – деп өзінің туған жеріне шақырды. Сонымен, ГАЗ-52 машинасына мініп алып, үшеуміз Ақтоғайға жол тарттық. Ақтоғайға келе Бақытбектің әкесінің үйіне келіп, шай ішіп, демалып алдық.
Ол кезде Ақтоғай ауданының орталығында хирург болып істейтін менің бажам Серғазы деген азамат тұратын, амандасуға сонда бет бұрдық. Серғазы өзі кезінде балуан болған, гармоньді құйқылжыта ойнайтын, аққөңіл, сері жігіт болатын.
Кейін Мақажанов ауруханасында нейрохирург болып істеді. Бақилық болғанына міне, 1 жыл болды. Серғазы құшақ жая қарсы алып, қоярда-қоймай қой сойып, дәм асты.
– Бүгін демалыңдар, ертең ертерек Қараталға барамыз, ол жақ қарақатқа бай, – деді. Таңертең тұрсақ – үйде тағы да екі жігіт, бір әйел адам шай ішіп отыр екен. Серғазы дереу оларды бізге таныстырып жатыр: «Мынау сұлу келіншек әйгілі әнші Дариға Ақатаева, жанындағы жолдасы Мәдениет, тағы әнші Қуат Қожамбаев, бәріміз қарақатқа бірге барамыз», – деді.
Сонымен не керек, ГАЗ-52 кузовына киіз төсеп, Қараталды бетке алып, тартып кеттік. Қара жолмен сайын даланы бетке алып, зулап келеміз. Алыстан Қызыларайдың шың биігі Ақсораң сағымға оранып ерекше бір көрініс беріп тұр. Жалпы, Ақтоғайдың табиғаты ғажайып сұлу, бірде жазық, бірде бір-біріне иін тірескен шатқалды биік-биік шың құзды таулар, баурайындағы терек-қайың, жайқалған алқызыл гүлді құрақтар иіліп сәлем беріп тұрғандай самал желмен тербеліп тұр. Бір кезде Серғазы гармоньді қолына алып: «Ал, бастаңдар», – деп құйқылжыта жөнелді. Жаңа машинаның үстінде мойнындағы ұзын ақ орамалын қолына алып, көтере желге желбіретіп Дариға әнді бастап жіберді. Қандай ғажайып дауыс! Құзар шыңнан құлаған мөлдір судай сыңғырлап тұр, ешбір қоспасыз, табиғи қазақы үн. Салған әні Латиф Хамидидің екінің бірі айта бермейтін атақты «Бұлбұлы». Мынандай сұлу табиғатқа жараса кеткен әсем әуен жаныңды тербейді. Бір кезде Дариға толқынды шашын қайырып, сыңғырлай күліп: «Сіздер де қосылсаңыздаршы», – деді. Ән басталып кетті.
Жайнай бер, жайнай бер
Ақтоғайым,
Бұлбұлдай сайрай бер,
Ақтоғайым.
Әніңді айтып қуанып мен,
Атыңды айтып мақтанайын,
Ақтоғайым!
Не деген ғажап, не деген үндестік! Ақтоғай жұртшылығының гимніне айналған Абзал Бөкеновтің сөзіне жазылған жергілікті композитор Дәртай Сәдуақасовтың әні «Ақтоғай – алтын бесігім» ұшқан құспен жарыса, сайын далада бізбен бірге самғап келе жатты. Ақтоғай халқы Дәртайды қатты құрметтейді, бағалайды, өнер кештерінде аты аталмай қалмайды. Сондай кезде біздегі ғажайып музыкант, өнерге адал берілген, оныншы класты бітірісімен Мәдениет үйіне баянымен кірген Ыбыжан Төлегенов еске түседі. Өле-өлгенше қолынан гармонын тастамай кетті. Әттең, соған арнап бір рет кеш өткіздік пе, жоқ, атын да атамаймыз. Екі қазақи орта, өнерге көзқарастары аспан мен жердей.
Сонымен ән мен күйді базарлатып, Қараталға да келіп жеттік. Алдын ала хабарласып қойған болуы керек, Серғазының дос-азаматтары құшақ жая қарсы алды.
«Сіздер қарақат теруге бара беріңіздер, біз ас мәзірін дайындаймыз» деп бір қойды жетектеп әкеп, бата жасатты. Жеңіл-желпі шай ішіп алып, тауды бетке алдық. Қарақаты мол сайларға алып келді. Бірақ, қарасақ толып жатқан машина мен адамдардың сайраған іздері. Қарақат шамалы, теріп кетіпті. Серғазы айтады: «Мына Балқаштың орыстары күзге қарай Ақтоғайдың тау-тасын жайлап алады. Қайда не барын бізден жақсы біледі, оны айтасың, палаткаларын тігіп алып, қарақаттың піскенін тосып жатқанын қайтерсің» – деді. Шамалы қарақатпен ауылға қайттық, бір кезде Дариға: «Біздің келгенімізді естісе ұят болады ғой, күйші апаға бәріміз сәлем беріп шығайық», – деді. Сол кезде Бақытбек маған: «Аққыз күйші осында тұрады», – деді. Естуім бар, бірақ көрмеген адамым. Шамалы уақытта межелеген жерге жетіп, үйге кірдік. Үстел басында ақ жаулықты әжеміз шай ішіп отыр, жастау келіншек шай құйып отыр.
«Апа, есен-саусыз ба?», – деп бәріміз жапа-тармағай амандасып, қысыла-қымтырыла отырып жатырмыз.
«Иә, жол болсын, қай баласыңдар?», – деді әжеміз.
«Апа, танымай қалдыңыз ба, мен дәрігер Серғазы ғой, мына кісілер Дариға, Мәдениет, Қуаттар және бір қонақтарымыз бар», – деді.
Әже оңтайланып алды да: «Жарайды, ылғи өнердің адамдары екенсіңдер, қонақ болыңдар», – деді. Уақыттың тығыздығын айтып, рахметімізді жаудырдық. Сөз арасында байқаймын, күйші апаның Дариғаға ілтипаты бөлек.
Бұл Аққыздың 80-ге келіп қалған кезі екен, кішкене адамға сүзіле қарайды. Қабырғаға жастықты тірей сүйене отырды да: «Ал, Дариға, бір ән салып жібер», – деді.
Сонымен не керек Дариға, Қуат ән маржанын ағын судай төгілдірді. Репертуарлары қандай, бірінен-бірі өтеді, бөлме іші нұрға толғандай. Қарасам есік ашық, ар жағында адамдар толып тұр, сөйтсем, көршілері екен жиналып қалған. Қараталдың көгінде шарықтаған ән толастады. Бір кезде Дариға «Апа, бір күй тартыңыз, арнайы келдік қой», – деп өтінді.
«Е, шырақтарым, бұрынғыдай емес, домбыраны анда-санда, бір жеке отырғанда ғана ұстаймын, оның үстіне мына қолды ауыртып алып отыр емеспін бе? Дегенмен, сирек келетін қонақсыңдар ғой, домбырамды әкелші», – деді кейуана. Домбыраны ала бере: «Қасиетті қара домбыра, қолымнан сен де қаларсың бір күні», – деп жайлап күрсінді. Бір-екі шертті, құлақ күйін түзеді, тиегін орнына қойды. Арқасы бар өнер адамы ғой, кішкенеден соң бүрсиіп отырған қария басын көтере, кеудесін тіктеп, екі иығына қанат біткендей қомданып, өзгеріп сала берді. Мұңлы, сиқырлы әуен бөлмені жаулап алды. Саусақтары салалы, екі шектің асты-үстіне тыным жоқ, домбыраға қарамайды, алыстан бір елес көріп отырғандай шертіп отыр. Иегі дірілдегендей болды, әлде іштей бірдеңе айтып отыр ма, онысын айыра алмадым. Жасы келген адам тартып отырғаны аздап білінсе де, оң қолдың қағысы ғажайып. Тоғыз пернелі домбыраның төрт-бес пернесін ғана пайдаланып, осындай сазды әуен тудыру үлкен шеберліктің белгісі, сиқырлы музыка әлемінің үлгісі деп түсінуіміз керек.
Күй аяқталды, үйді біраз уақыт үнсіздік басты. Бәрі алған әсерден арыла алмай отырған болуы керек. Бір кезде күйші апа жай ғана «Қосбасар ғой», – деді.
«Тағы бір күй», – деп шулай жөнелдік.
Екінші бастап тартқаны – «Қайран елі» еді. Домбыраның тылсым үні адам жанын әлдилеп, шуағымен сезіміңді тербеп, өмірге деген құштарлығыңа қанат бітіргендей. Күй кейде бәсең, кейде адуындап, батқан күнге мұң шағып, атқан таңға қуанғандай алып-қашпа сезімге баурайды. Күй аяқталды, күйші апа бағанағыдай емес, беті ажарланып, ерекше бір шырайланғандай болып көрінді. Бүгінде Аққыздың осы күйлері шертпе күйлердің биік шоқтығы болып саналады.
«Ал, іштеріңде домбыра тартатын адам жоқ па?», – деді күйші апа сәлден соң. Сөйткенше болған жоқ, Серғазы: «Мынау, Зәрубай деген жігіт күйші», – демесі бар емес пе!
«Ал, тарта ғой», – деп домбырасын ұсынды күйші апа.
«Жүрексіне қолыма алдым. Домбырада тоғыз перне, біз институтта жүргенде тартқан «Адай», «Балбырауын», «Серпер» сияқты күйлер тартылмайды, оған қосымша пернелер керек. Аз-кем ойланып Құрманғазының «Қызыл қайыңын» тарттым. Қысылдым ба, терлеп кеттім.
«Дұрыс-ақ, шырағым, біздің Арқа шертпе күйдің негізін қалаушы ғой, одан хабарың бар ма?», – деді. Ол кезде мен ылғи төкпе күйлерді орындаушы едім, тек әкемнің бір шертпесін жобалаушы едім, толықтай болмаса да соны шерттім.
«Жақсы екен, бұл қай күй орындағаның?», – деді.
«Нақты атын білмеймін, бірақ әкей «Қосбасар», – деп бірнеше күй топтамаларын тартады» дедім.
«Иә», – деді ана даусын соза, «Қосбасарлар» шексіз ғой, біздің түріміз мынау, енді соларды келер күнге жеткізетін – сендер емессіңдер ме, өлмес мұра жасау сендердің қолдарыңда, атын атап, түсін түстеп, айтып тұрып тарту керек, бұл – жастар сендерге аманат», – деді.
Осынау бір көрген көзге елеусіз, кішкене ғана адамның бойында Ақсораңның нөсеріндей, Тоқырауынның толқынындай, ұлан-асыр сезім буырқана шыққанын байқадым, туған елге, жерге деген шексіз бір сүйіспеншіліктің иісі аңқып тұрды. Адалдықтың бітім-болмысы мен адамгершіліктің ақ пейілін біздің жанымызға серік еткендей. Қолын алып, қазақ музыкасының бағына туған күйші апамен қимай-қимай қоштастық.
Көп жылдар өткен соң, Аққыз апаның ұрпақтары, оның ішінде іздеуші, шығармасын жинақтаушы шертпе күй шебері Болат Тәкішевтің шақыруымен күйшінің 110 жылдық мерейтойына Шеттен күйші Дәулетбек аға екеуміз барып қатыстық. Жан-жақтан біраз күйшілер жиналыпты. Мерейтойды қазақтың ұлтжанды азаматы, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбек жүргізді. Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы адуынды жырларын арнады. Аққыздың күйлерін жинақтап, дискісін шығарып, күйшілерге таратты.
Екі күн Ақтоғай басында, Тоқырауынның жағасында дүркіреп той өтті, ас берілді, бәйгі ұйымдастырылды.
Күйші апаның туғанына биыл – 120 жыл. Қазақтың киелі қара домбырасын қастерлей ұстап, толассыз нөсердей күй селдеткен, ұрпақтарына өшпестей мұра қалдырған Аққыз апаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Биыл Тәттімбет, Қыздарбек, Сембек, Әбди күйлерін орындап, бүгінгі күнге жеткізуші басты тұлғаның бірі, сайын далада мұң мен өкінішке толы «Қоңырын» қоңыраулатқан Әбікен Хасеновтің туғанына 125 жыл. Әзірге Қарағандыдағы шертпе күй орталығының басшысы Қайролланың, Шет ауданы әкімдігінің қолдауымен Киікті, Босаға, Мойынты, Жарық, Ақжал, Ақадыр елді мекендерінде арнайы іс-шаралар өткізілді. Әрине, бұл жақсы бастама бірақ, толыққанды емес. Бүкіл Еуропа дүрлігіп, Америка аяғынан тік тұрып, бас жүлде «Гран-приді» «Ұлытауға» беруі олар өздері мезі болған гитара мен скрипка емес, қазақтың қасиетті қара домбырасына бас игендік еді!
Бүгінде Әбікен өзі жасаған домбырасы Нілді ауылындағы «Сәкен музейінде» тұр. Осы игілікті іс-шараға барша қазақ жұрты ат салысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Зәрубай СҮЙІНДІКҰЛЫ,
ҚР білім беру ісінің үздігі.