“Құдіретті жырдың құндағы”
МҰҚАҒАЛИ АТЫН ЕСТІГЕНДЕ, ЕЛЕҢ ЕТЕ ҚАЛМАЙТЫН ҚАЗАҚ КЕМДЕ КЕМ ШЫҒАР. ОНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫСАҢ, ТЕРЕҢ ОЙҒА СҮҢГІП КЕТЕСІҢ. ПОЭЗИЯСЫ ОТТАЙ ЫСТЫҚ СЕЗІМГЕ ЖЕТЕЛЕП, КЕЙДЕ ТЕРЕҢ ШЫҢЫРАУҒА САЛЫП, ОНАН СОҢ БАРЫП КӨККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ. ӘРБІР ӨЛЕҢІ БОЙЫҢА ШАБЫТ БЕРЕТІНДЕЙ. КӨҢІЛІНДЕ ТҰРҒАН ОЙДЫ ДӨП БАСЫП АЙТУ ОЛ – АҚЫННЫҢ АҚЫНДЫҒЫ. МҰҚАҒАЛИ СОНДАЙ АҚЫНДАРДЫҢ БІРІ ДЕ БІРЕГЕЙІ.
Өлеңнің әр шумақтары асқақ арманға жетелейді. Жырлары махаббаттың символы іспеттес. Ақынның ой-санаңды тербейтін, теңізше терең мағыналы жырлары жадыңда таңбадай тез сақталады. Таланты ерекше жаратылған ақынның бірі. Ол ешқашан жаңсақ пікір, жалған ойды өлеңінде дәріптемеген.
Иә, көп өлеңі махаббат жайлы. Бірақ оның ішінде азаматтық лирикасы да бар. Әр тақырыптағы өлеңі әртүрлі мағына береді. Жалпы Мұқағали ой-санамызды өсіріп, көкжиегімізді кеңейтіп, сөздік қорымызды молайта білді. Әрине, Абайдай асқақ деуге ауызымыз бармас. Бірақ, өз заманында Абайдың деңгейіне жете білген жалғыз ақын. Мысалы, оның мына өлең жолын алатын болсақ: «Ақынмын деп мен қалай айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым», – дейді. Қашан да халқынан төмен тұрғанын дәлелдеп тұрған. Ақынның өзі осы шумақ арқылы «ақынмын» деп айтуға ұялатынын астыртын жеткізіп тұр. Ол өзі сондай қарапайым болғандығын осыдан-ақ көрсетіп тұр емес пе?!
Ал, мына бір өлең жолдарында: «Сен мықты, анау осал, мен орташа, бәріміз бір аспанның астындамыз». Биіктемін, жоғарыдамын деп танауыңызды көтермеңіз дейді. Ол ештеңеге жетелемейтінін де жеткізген. Ақынның әр өлеңін қарайтын болсаңыз, келешек ұрпаққа батасын, ағалық ақылын да айтып кеткен екен. Әр өлеңі біз үшін таптырмас жәдігер болып қалмақ. Мұқағали нені жырласа да өзіндік қолтаңбасы көрініп тұрады. Тіпті, өлеңдерінен халқының қуанышы, күйінішін бірден байқауға болады. Ал, ақынның әр образы сол уақыттағы өмірдің шынайы бейнесі. Аз ғұмыр кешсе де соңынан қалдырған мұрасы бір төбе. Көзі тірісінде шығармалары өз дәрежесінде кітап болып жарық көрмеді. Шағын екі-үш жинақ болып басылды. Қайтыс болғаннан кейін ақын мұрасы жеке том болып та, екі, тіпті, төрт томдық болып жинағы шықты. Міне, ақын мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа жетелер құнды қазына болып қала берді. Оның шығармалары мен үшін әлі ашылмай жатқан бір тылсым әлемдей. Біз оның шығармаларын оқып, келешек ұрпаққа дәріптей беруден жалықпауымыз керек. Өйткені, әр қазақ баласы қазақ жерінде өткен барша ақын, жазушылардың шығармаларымен таныс болуы тиіс. Бұл әр қазақтың борышы.
Олжас ҚҰРАЛОВ, әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.