Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен Республикалық бас мешітте «DINTELLECT» зияткерлік білім сайысының ақтық кезеңі өтті. Жеңімпаздарды марапаттауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Сайысқа Қарағанды өкілдігі «Әнет баба » мешітінің Жастар ісі секторының жауапты маманы Жанайдаров Думан Қамариденұлы және мешіт шәкірттері де қатысқан еді. Байқау нәтижесінде Қарағанды өкілдігі мен Астана қаласының командасы тең түсіп, екеуі де жеңімпаз атанды. Қос команда да финалдық ойынның барлық кезеңінде бірдей ұпай жинаған. Сондықтан ұйымдастырушылардың шешімімен Қарағанды облысы мен Астана қаласының командасы жеңіске лайық деп танылып, екеуіне де 200 мың теңгеден қаржылай жүлде берілді.
«DINTELLECT» – Жастар ісі секторының білімді насихаттау бағытындағы үлкен жобасы. Бес турдан тұратын сайыста қатысушылар дін, тарих, мәдениет, дәстүрге қатысты логикалық сұрақтарға жауап іздеді. Тартысты бәсекеге еліміздің әр аймағынан келген 20 команда қатысып, алғашқы алты орын иегерлері қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА