Жаңалықтар

Діни сауаттылық – қоғам қауіпсіздігі

Қарағанды қаласында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік-конфессиялық саясатты, конфессияаралық келісімді және діни экстремизмнің алдын алуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.

Семинарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының Терроризмге қарсы дайындық орталығының дінтанушысы Болат Шоманов, Қарағанды облысы конфессияаралық проблемаларды зерттеу және талдау орталығының теолог және психолог мамандары, дінтанушылар, Қарағанды қаласы мешіттерінің имамдары, Қарағанды облысы аудандарының жастар орталықтарының мамандары қатысты. Шара барысында ислам дінінің қалыптасуы, теріс ағымдардың пайда болу тарихы баяндалды. Жастардың радикалды діни ұйымдарға бет бұруы, басқа елдерден немесе ресми емес бірлестіктерден дін жайлы теріс білім алу мәселелері көтерілді.

– Радикалды бағыттармен күресу үшін оның түпкі шығу тарихын жақсы білуіміз керек. Бұл бағыттардың негізгі мақсаты – еліміздің көркеюіне бөгет жасау, тарихымызды жою, ұлттық құндылықтарды мойындамау, салт-дәстүрімізге қарсы шығып, мәдениетімізден айыру. Мәдениет жоғалған кезде экстремизм және терроризм пайда болады. Экстремизм заңды бұзу, қоғамда қалыптасқан мәдени-рухани құндылықтарды жою ниетінде қалыптасады. Ал осы ниет іс-әрекетке көшкенде бұл терроризмге ұласады. Жас буын осыны біле бермейді. Осы бір құбылысты жою үшін сіз бен біз болып атсалысуымыз қажет. Мәселені тек бір жақты қарастыруға болмайды. Осындай жағдайлардың болуына басқа мемлекетті, жастарды кінәлай беру дұрыс емес. Бұл кезекте әр адамның өз тәрбиесіне және санасына байланысты. Ең басынан баланың ата-анасы қажетті білім беріп, дін туралы түсінігін қалыптастыруда сақ болса, теріс ағымға бет бұруының алдын алады, – деп баяндады дінтанушы Болат Шаймолданұлы.

Семинар барысында көтерілген тағы бір мәселе – мемлекеттік мекемелерде діни киімдерді кию. Қоғамда осы мәселе қызу талқыда. Осыған қатысты түрлі қақтығыстар мен келіспеушіліктер де орын алып жатады.

Осы орайда Қарағанды қаласының Қазыбек би мешітінің бас имамы Ысқақ Абдрахман әйел адамдардың «хиджаб» кию мәселесіне тоқталды.

– Мемлекеттік мекемелерде, мектеп, тағы да басқа ұйымдарда оқушылардың біркелкі мектеп формасын сақтау керек екенін білеміз. Бұл талап мұғалімдерге де қойылған. Дін жолында жүрген оқытушылар жұмыс орнына орамал тағып келе алмаймыз деп айтып жатады. Осы себептен басқа елдерге көшіп кететін мамандарымыздың да саны аз емес. Бұған қатысты мемлекетіміздегі заңда рұқсат бар ма?, – деген сұрағын қойды.

Болат Шаймолданұлының айтуынша, біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Әр адам өзінің ұстанғысы келетін дінді ұстануына құқы бар. Алайда, заң бойынша мемлекеттік мекемелерде дініңізді, сеніміңізді насихаттауға және мақсатты түрде ашық көрсетуге тыйым салынады. Бұл тек ислам дініндегілерге ғана емес барлығына ортақ мәселе.

Семинар соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар өзара пікір алмасып, әркім болашақта қажет болады деген ұсыныстары мен ойларын ортаға сала отырып, іс-шараны қорытындылады.

Дильяра ӘБІШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button