Жаңалықтар

“Діни фанатизмнің тамыры қайда?”

«Тамаша ниеттермен де тозаққа жол тартылады». (Орыс халқының мәтелі)

Біз әдетте «фанат» деп әлдебір затқа, идеяға басыбүтін берілген адамды айтамыз: сол зат немесе идея фанат үшін дүниедегі ең құнды нәрсе әрі соның үддесінен шығу үшін немесе соған қол жеткізу үшін ол адам бар күш-қайратын, тіпті, жанын да бәске тігеді. Мысалға, біз спорт (бокс, футбол, бильярд), құмар ойындар (карта, компьютер), өнер (музыка, театр), ғылым, техника және идея фанаттарын білеміз. Қазір «дін фанаттары» деген түсінік кеңінен тарауда…

Фанатизмнің барлық құбылыстар сияқты екі қыры бар, оны екі түрлі мағынада қолданамыз: жақсы жағы – өнер, білім, ғылымдағы бар жаңалық, ілгері жылжу, даму осындай жанкештілердің арқасында болады, яғни, «Өнер-білім құрбандық тілейді» деген сөз – әбден рас;

жаман жағы – біржақтылыққа ұрыну, шектен шығу қаупі, әсіресе ой, мұрат, идея мәселелерінде.

Біздің де әңгіме қылмақшы негізгі тақырыбымыз – идеялық фанатизм, идеялық фанатизмнің діндегі көрінісі.

Өз аңсар-мұратына, ұстанымына, идеяға адалдық, сол жолда барын сарп қылу, өмірін арнау – мықтылықтың, ерліктің, адамдықтың үлгі-өнегесіндей қабылданады. Өйткені, идея үшін күрескен күрескерлер күнделікті күйбең тірліктен, материалдық әлемнен жоғары басқа бір өлшем-биіктікте әрекет ететін, ақыл-сезімі терең, ерік-жігері ерен адамдар болып келеді және шын мәнінде адамзаттың алға жылжуына, пайғамбарлардан бөлек (Ол кісілерге Алланың сәлемі болсын!) Сократ, Будда, Конфуций, әл-Фараби, Ясауи, Толстой, Ганди, Абай сынды тұлғалардың мұрындық болғаны анық.

Жалпы, адамзаттың тарихын «сана-сезімнің, ақыл-парасаттың, идеялардың даму тарихы» десе де болғандай. Жалған пән, үстірт ғылым үстемдік еткен «құдайсыздық» кезеңінен «дінсіз ғылымның – апат, ғылымсыз діннің – опат» екенін түсінген, бірлік пен махаббатты ту қылуға ұмтылған бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жол – осы дамудың көрінісі. Былай қарасаң: көкірек толып, көңіл марқаятындай. Бірақ, идея үшін итше алысу, мұрат үшін мыңдап, миллиондап адам қанын төгу, Құдай атын жамылып қудалау, дін атымен жасалған инквизация, Варфолемей түні, Крест жорығы секілді небір сұмдықтар да – идея үшін болғанын ескерсең, аза бойың қаза болады (Бұл тізімге қазіргі «жиһадшылардың» жарылыстарын қосып қойыңыз).

Шын мәнінде, адамды – ой, адамзатты – идея жетектейтініне көзің жетеді. Адамды адамға жау қылған, бір ұлтты басқалардан жоғарғы қойған, нәсілге, жынысқа, текке бөліп жатсындырған, «Құдай жоқ» деп құтыртып, «табиғатты бағындырамыз» деп есіртіп, «ойна да күл!» деп ойсыз қылған, сансыратқан, сандалтқан мәнсіз, жалған идеялардың жемісі жантүршігерлік болуы заңды сияқты болғанымен, «еркіндік, теңдік, бауырмалдық» идеясын көтерген революциялардың, «Құдай үшін, әділдік үшін!» болған қудалау, қырғындардың нәтижесі де жан шошырлық болғаны ойға қалдырады.

Жақсылық атын жамылып жасалған жамандық «идея, идеялық фанатизм» деген ұғымдарға байыппен қарап, байқап басуды үйретеді.

Сонымен, «идеялық фанатизм» деген не? «Жақсы» идея мен «жаман» идеяны қалай ажыратуға болады немесе жақсы идея неге жамандыққа бастауы мүмкін? «Діни фанатизмнің» тамыры қайда?

Бұл мәселелерді ашықтау үшін әуелі құндықтар туралы айтпай болмайды. Құндылықтар – шектен шыға аса қадірленсе, пұтқа айналады. Яғни Жаратушының есімі мен сипаттары, құдіреті мен қалауы ұмытылған кезде құндылық – пұт, пұт – «Құдай» бола бастайды. «Алла Тағаланы тану, разылығын табу» деген ұлы мұратқа қызмет етуге тиіс, осы негізгі мақсатқа құрал болуға тиіс, соған жеткізер баспалдақ болуға тиіс құндылықтар – осы мақсат ұмытылған немесе қате ұғындырылған кезде өздері мақсатқа айналып, құндылық емес, пұт болады…

«Құдайсыз» кезеңдегі бізді бақытқа жеткізеді деген «пұттарымызды» саяси, технологиялық және моральдік деп үлкен үш топқа бөлуге болады.

Саяси пұтқа табынушылық дегеніміз – «белгілі бір саяси немесе қоғамдық жүйе орнаса, бар мәселе шешімін тауып, адамдар бақытқа кенеледі» деген сенім.

«Бұл жолда құрбандықтарға баруға болады, яғни түсінбеген немесе қарсы болған адамдардың құрбан болуы – заңды» деген түсінік. «Социализм құрамыз, коммунизмге жетеміз» деп ұрандатып жүріп, бай-кедей боп бөлініп, ақ-қызыл боп алысып, «халық жауларын әшкерелейміз» деп бірімізге-біріміз жау болып, жұлынымыз үзіле жаздағанын ұмытқан жоқпыз… Технологиялық пұтқа табынушылық – «техника жетілсе, ғылым мен білім дамыса, онда бар мәселені шешуге болады, тамағы тойып, қауіпқатерден арылып, қолы босаған адам баласы өз қалағанын істеп, рахатқа батып, бақытты ғұмыр кешеді, тіпті ауруды жойып, өлмеудің жолын табатын шығармыз» деген сенім.

Табиғатты «бағындырамыз» деп шамдандырғанымыз, экологиялық проблемалар, «жұлдызды соғыс» бағдарламасы, ядролық соғыс қаупі, адамның роботтануы, интернетке тәуелділік, тағы басқа толып жатқан қасіреттер көз алдымызда…

Моральдік пұтқа табынушылық – әділдік үшін, намыс үшін, шындық үшін еш нәрседен де тайынбайтын, этикалық идеяларды – мақсат еткендердің әрекеті. Құдай атымен қырғын салып, дін үшін динамит жарып, адамгершіліктен аулақтағандарды асып өлтіріп, әділдіктен тайғандарды атып-шауып, қорқыныш пен үрейдің дәнін егіп жүрген «тірі шаһидтерді» естіп, көріп жүрміз…

Фанатизм – суық ақылдың жемісі. Ал, суық ақыл дегеніміз – жүрексіз, сезімсіз, мейірімсіз, тек есепшіл ақыл (рассудочный ум).

Оған құбылыстар мен заттарды бөлек тұрып тексеру, оларды бөлшектеу тән. Суық ақыл заттық-материалдық әлемді тануға өлшеусіз қызмет еткенімен, рухани танымда шектеулілігін көрсеткен. Суық ақыл – түрлі-түсті құлпырған тұтас әлемді «ақ-қара» деген схемаға сыйғызуға тырысатын, бұл қисынға сыймаған нәрсені «мүмкін емес, яғни болуының да қажеті жоқ» деген байламға байлаған, үкім шығарғыш ойлау жүйесі. Ал, бұлай ойлау – нәпсіге тән.

«Сен – кәпірсің, мен – жақсымын, сен тозаққа, мен Жұмаққа лайықпын» деген сананың терең түкпіріндегі жымысқы ой, тәкәппар пейіл, «Сен сияқты құдайсызды құрту – Құдайға жағатын іс, әділетке лайық амал» деген адасқан ой, астамшыл көңіл – нәпсісіне жем болған фанатиктің ой жоруы. Өйткені, өзін өзгелерден бөлек сезіну, өзгелерден үстемдікті аңсап тұру – нәпсінің табиғаты.

Яғни, суық ақыл дегеніміз – өзімшіл нәпсінің санасы, ал діни фанатизм – нәпсінің торы… (Құранда айтылған тек ойға ілесетіндердің адасатыны жөніндегі аяттар – осы суық ақыл жөнінде айтылған деп білеміз.)

Ал тереңнен толғар парасатты білдіретін, хакім Абай айтқан «нұрлы ақыл», хазіреті Шәкәрім айтқан «таза ақыл» – рухтың, жүректің үнімен үндес, иманмен тамырлас ақыл. Бұл ақылға өзін әлеммен тұтастыра қарау, түсінгісі келген дүниесін сезіне білу, құрметтеу, бөлшектеуден гөрі біріктіру, талдаудан гөрі таңырқау, кінәлаудан гөрі аяу тән. Бұл ой жүйесі – Ұлы Раббысына бас иген, әр адамды «бауырым» деп сүйген, ақылының шектеулі екенін түсінген, Құдірет құпиясын түйсінген, үкім айтудан аулақ тұратын кішіпейіл кісінің имани өміртанымы. Яғни, нұрлы ақыл – «Хақтың сәулесі түскен» (Абай) таза жүректің жемісі…

Фанатизм – ол қандай да бір құндылықтарды, тіпті, этикалық, адамгершілік, діни мұраттарды болсын, Құдайды тану мен сүюден бөлек қарап, жеке мақсат етіп алғанда болатын құбылыс.

Яғни, Тіршіліктің тірегі, Тұтастықтың мазмұны – Махаббаттың құндылықтар жүйесіндегі көшбасшы орнын түсіне алмаудан туындайды. Өйткені, мейірімсіз әділет – қаталдыққа, мейірімсіз шындық – өтірікке, мейірімсіз намыс – қатыгездікке, мейірімсіз адамгершілік – тәкаппарлыққа айналады…

Діни фанатизмнің тамыры: «Мен (біз) ғана тура жолдамын (мыз), басқалардың бәрі адасуда» деген оспадарсыз ойдан бастау алады. Қасиетті Құрандағы қағидаларды түсіне алмаған, мәтінге бойламай қасаңдыққа (буквализмге) ұрынған, бір топқа немесе ұстазға көзсіз ілескен адамның бұндай адасқақ ойдан аман қалуы қиын…

Негізі, «Ислам» сөзінің мағынасы – «бойұсыну, тыныштық, бейбітшілік» екені белгілі. Яғни, хақ дін исламның басты мақсаты – адамның жан-дүниесінде, отбасында, одан соң Отанында, одан қала берді бүкіл жер бетінде татулыққа тұнған мамыражай тірліктің болуын қамтамасыз ету. Оған жетудің төте жолы – адамдар жүрегін жарастыру болса, оның тәсілі – мейірім мен махаббатта екенінде дау жоқ. Сол себепті, ата дінімізде әрбір тіршілік иесіне мейіріммен қарау, оларға қатысты жақсы ниет пен тілекте болу – бұлжымас қағида. Қасиетті Құранда «ә» дегеннен «Аса мейірімді, ерекше Рахымды Алланың атымен бастаймын!» деп, сыр-сипатынан хабар берген Иеміз құлдарына мейірімді, кешірімді болуды міндеттейді. Жаратушы Иеміз: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы – осы» дейді («Шура» сүресі, 43-аят.) Ардақты Пайғамбарымыздың миссиясы көрсетілген аятта да басты мәселе мейірім екені анық меңзелген: «Біз Сені бүкіл әлемдер үшін мейірім ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят.)

Ал ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«Иман мен мейірім – ажырағысыз нәрселер», «Расында, Алла Тағала – жұмсақ, мейірімді. Сондықтан, Ол әрбір істе мейірімділіктің болуын жақсы көреді» (Бұхари, Муслим жеткізген), «Мейірімділіктен қол үзген – бүкіл жақсылықтан қол үзген болады» (Муслим жеткізген) деп бақыт кілтін қолға ұстатты.

«Мейірімің болмаса – құлшылығың далбаса,

Әкемін деп қайтесің, тіліңді балаң алмаса,

Адаммын деп қайтесің, жүректе мейір болмаса!» – дейді халық даналығы да.

Бұдан шығар қорытынды: Мейірімділік сипаты жоқ кез келген амаләрекет фанатизмге бет алады. Өйткені, фанатизмның басты сипаты – қаттылық, дөрекілік, тәкаппарлық…

Адасушылық Жаратушының жалғыз, Ақиқаттың біреу-ақ екенін түсінбеуден туады. Негізі, ақиқатты аңсаған адам белгілі бір дінді (тарихи, тектік жағдаяттарға байланысты) сол діннің өкілі болғаны үшін емес, ақиқатқа жету үшін ұстануы керек. Таза ақылдың сынына шыдас бермеген діннің өзінде немесе тарихында шикілік болары сөзсіз. Ал, Ислам секілді хақ діннің ішінде жүріп адасу – білімнің саяздығы, түсінік-пайымның таяздығы, тәжірибенің аздығынан болатын құбылыс.

Құдіреті зор, Мейірімі шексіз Ұлы Жаратушының бізге Үлгі ретінде жіберген соңғы Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегесіне үңілген, «Асыл дініміздің түп мақсаты не еді?» деп ойланған жан ғана жаңсақ қадамнан сақтана алады… Қорыта айтсақ, діни фанатизм – басқа адамды «бөтен» деп жатсынудың және идеяны адамнан, принципті махаббаттан жоғары қойған моральдік пұтқа табынушылықтың көрінісі, яғни үстіртін таным мен өзімшіл нәпсіге табынудан келіп шығатын «рухани» эгоизм. Ендеше, діни фанатизм – ешқандай рухани емес, нағыз нәфсәни құбылыс…

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ.

kazislam.kz

Басқа материалдар

Back to top button