Жаңалықтар

Діндер съезі туралы дәріс

28 наурызда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев Қарағандыға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында кездесулер өткізіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі қорытындысы мен оның Декларациясы жөнінде студенттерге дәріс оқыды.

Болат Сәрсенбаев кенді өлкеге сапары барысында облыс әкімінің әлеуметтік сала, ішкі саясат және әлеуметтік даму жөніндегі орынбасары Ербол Әліқұловпен және облыстың дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектаймен екіжақты кездесу өткізді.  Кездесуде аталған орталық қызметінің негізгі бағыттары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тұжырымдамалық идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілету жөнінде ой айтылды. Сондай-ақ, 2023 жылдың қазан айында өтетін XXI Хатшылыққа дайындық барысы таныстырылды.

Ал, одан кейін Болат Серғазыұлы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытындысы мен оның Декларациясы жөнінде студенттерге дәріс оқыды.

Дәріс аясында Болат Сәрсенбаев студенттер мен магистранттарды, профессорлық-оқытушылар құрамын бейбіт өмір сүрудің, толерантты қоғам құрудың және конфессияаралық диалогтың бірегей қазақстандық үлгісімен таныстырды.

Басқарма төрағасы Қазақстан посткеңестік елдерде бірінші болып өркениетаралық және конфессияаралық диалогтың жаһандық форматын таңдағанын алға тартып, ХХІ ғасырдағы ірі көшбасшылардың ешқайсысы өркениетаралық, конфессияаралық диалогты нығайту бойынша жаһандық стратегияны құру жолында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру мүмкіндігін қолданбағанын ерекше атап өтті.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жыл өткен сайын ауқымы кеңеюде. Оның 2003 жылдан бері тек Қазақстанда өтіп келе жатқанын атай кеткен жөн. Кеше өткен съезде 55 елден БАҚ өкілдері келді. 14-15 қыркүйекте әлемнің ең мықты басылымдарында «Астана – әлемнің рухани астанасы» болып жарияланды. Қазақстанның әлемдік аренада танылуы үшін осындай съезд өткізудің маңызы зор. Қоғамдық тұрақтылық, конфессияаралық қарым-қатынас, ұлтаралық келісімді сақтау – барша адамзатқа қажет қасиет, – деді Болат Сәрсенбаев.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің философия және психология факультетінің деканы Анара Макатова білім алушылар үшін мұндай дәрістің өте қажет екенін айтты:

– Бүгінгі дәріс біз үшін өте құнды. Себебі біздің факультетте Дінтану мамандығы оқытылады. Дәріске философия, социология, политология мамандығында оқып жатқан магистранттар мен докторанттар да қатысты. Олардың ғылыми зерттеуі үшін де бұл дәрістің маңызы зор. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқан мемлекеттік өкілдің мол мағлұматы – студенттер үшін маңызды. Олар мазмұнды дәрісті зор ықыласпен тыңдады, – деді Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың философия және психология факультетінің деканы Анара Макатова.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button