Жаңалықтар

Әділетті қоғамның тірегі

Адамдықтың негізі – адал­дық. Адалдықтың тамыры терең бойлап, жапырағы жайқалған мемлекетте бірліктің берекесі кіріп, ел өркендейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөй­леген сөзінде адал адам мәселесіне баса назар аударды. Өйткені, адал да еңбекқор адамды тәрбиелеу ар­қылы қайырымды да ізгі қоғам орнату – бабалар аманаты. 

Сурет egemen.kz

Әр адам өмір жолында дұрыс пен бұрысты, адалдық пен арамдықты таңдауы тиіс. Осы таңдау адамның кім екенін көрсетеді. Адал адам дегеніміз – өз ісінде әділ, сөзіне берік, шындықты ту ететін, елінің мүддесін өз пайдасынан жоғары қоя білетін тұлға.

Қазақ халқында «Адалдық – адамның ең бағалы қасиеті» деген нақыл сөз бар. Шынында да, адалдық – адамгершіліктің негізі. Адал азамат заңға ғана емес, ең алдымен, ар-ұятына бағынады. Өтірік айтпайды, ұрлық жасамайды, ешкімге қиянат қылмайды. Мұндай адамға халық сенім артады, ел құрметтейді.

Тарихқа көз жүгіртсек, ұлтымыздың адал азаматтарының бірі – Абай Құнанбайұлы. Ол шындықты ашық айтып, қараңғылықпен күресті, елінің рухани жаңаруына жол ашты.

Қазіргі заманда да адал азамат болу – қоғамға үлгі көрсету аса маңызды. Мысалы, мұғалімдердің адалдығы – білім беру сапасының кепілі, дәрігердің адалдығы – адамның өмірі үшін маңызды. Ал, мемлекеттік қызметкердің адалдығы – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Жас буынның адалдығы қарапайым істерден бастау алады.

Адал азамат болу – бір күндік емес, өмір бойы сақталатын қасиет. Қиын сәтте де тура жолдан таймай, әділетсіздікке қарсы тұру – нағыз ерліктің белгісі. Бұл – өз болашағыңа, ұлтыңа, ата-бабаңның аманатына деген адалдық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген.

Ұлы Абай да заманында толық адам туралы айтқан. Ғұламаның толық адам деп отырғаны дәл осы адал адам. Арада бір ғасырдан артық уақыт өтсе де бұл мәселе алдымыздан тағы шығып отыр. Осыған қарағанда қазіргі қазақ қоғамында бұл мәселе өте өзекті деген сөз. Мәселен, Ұлы Абай адалдықты «толық адам» десе, кейініректе «кемел адам» тіркесін көбірек пайдаланып жүрміз. Негізінде, «кемел адамның» өзі араб тілінен аударғанда толық адам деген ұғымды білдіреді. Діни көзқараста кемел адам – кісілікке жат қылықтардан тазарған, жан-дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан асыл адам.

Адал жолды таңдаған адам әрдайым адасқандарға жол нұсқаушы, әділдікке бастаушы. Тарихшы-ғалымдар мен әдебиеттанушылардың айтуынша «Кемел адам» ұғымының арғы төркіні сонау Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан тамыр тартады. Демек, «Адал адам» концепциясы ата-баба өсиетінің қайта жаңғыруы, рухани өрлеу.

Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жем­қорлыққа жол берілмейді, ел мүд­десіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.

Қазақ тілінде «адал» сөзінің синонимі «әділ» деген сөз. Егер тек ата-бабаларымыздың асыл салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қадірлейтін, қылмысқа, қоғамға жат қылықтарға бармайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, үлкенге де, кішіге де ізетпен қарайтын адамдардан тұрса, Президент бұл мәселені көтермес еді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан, біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деген еді.

«Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей», деген сөз бар. Бала тәрбиесіне жастайынан тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Оқушылар мен жастарға зиялы қауымның, ақсақал-абызда­рымыздың сөзі өтімді болуы тиіс.

Хакім Абайдың өзі де осы мәселені негізге алды. Адалдық, әділеттілік бұзылған жерде, алды – мұз, баратын бағыты бұлыңғыр болатыны белгілі. Сондықтан, Абайдың ерекше көтерген мәселесі – еңбекқорлық, әділеттілік және адалдық мәселесі. Ол, жалпы, адамгершілік мәселелерінің барлығы осы үш ұғым аясына сыятынын атап көрсетті.

Президенттің бастамасымен қол­ға алынған «Адал азамат» тұжырымдамасы – қоғамда адалдық, ашық­тық және жауапкершілік құн­дылықтарын нығайтуға бағыттал­ған бастама.

«Адал азамат» тұжырымдамасы қоғамдағы мінез-құлық этикасын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту (зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу), еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жастардың экологиялық мәдениеті мен патриоттық рухын қалыптастыру сынды міндеттерді қамтиды. 
Өз Жолдауында «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні осы. «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымы егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Адалдықтың жолы әрқашан түзу.  Осыны қорытып, таразылап, өзімізге қабылдап, іске асыру басты міндетіміз болмақ.

Диана ТЛЕМІСОВА,
Қарағанды зерттеу университетінің III курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button