Жаңалықтар

Әділ төрелік – халық сенімінің кепілі

Мемлекет басшысы Қасым­-Жомарт Тоқаев «Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңыз­ды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалау­дың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Жалпы, реформа (лат. re­fōrmāre – қайта құру, жаңғырту) – өмір сүріп отырған әлеуметтік құрылымды сақтап, кейбір институттарды қайта құру, өзгерту. Реформа – қоғамның басты негіздерін қайта құру немесе мемлекет жүйесінде қалыптасқан кейбір элементтерді жаңғырту.

Қазіргі таңдағы сот жүйесіндегі реформалар, ең алдымен, халықтың судьяларға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президенттің ұсыныстары негізінде тәжірибелі мамандарға баса назар аудара отырып, кадрларды жаңа іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру жұмыстары бүгінде біртіндеп іске асырылып жатыр.

Осындай бір сот жүйесіне қатысты қоғамда өзекті талқыдағы өзгерістердің бірі – ол жеке кассациялық сот алқасының құрылуы.

Кеше ғана Мәжілісте осы сот сатысының құрылуына және заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар талқыланып, бірінші оқы­лымда қабылданды.

Атап айтатын болсақ, елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша тәуелсіз үш бірдей кассациялық сот құрылады. Оның барлығы да Астана қаласында орналасады және олар өз жұмысына толығымен 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі.

Қазіргі таңда, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша кассациялық өтiнiшхаттарды алдын ала қараудың тәртiбi мен шарттары әртүрлi. Мәселен, азаматтық істер бойынша судья азаматтардың өті­нішхаттарын алқалы қарауға беру туралы шешім қабылдайды, қылмыстық істер бойынша тек 2023 жылдың шілдесінен бастап, кассациялық өтінішхаттарды алдын ала алқалы қарауға көшу жүзеге асырылды.

Ал, әкімшілік істер бойынша «жаппай кассация» тәртібі жұмыс істейді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Жоғарғы Сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдас­тығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша тиісті кездесулер өткізді.

Заң қоғамдастығы мен кәсіпкерлер «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істеуіне негізделген дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды.

Осы заң жобасын пысықтаған жұмыс тобының қарауына мынандай ұсыныстар енгізілген:

– кассацияға істер алдын ала қараусыз үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болады;
– кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды;
– сот процесі тараптарды ша­қыра отырып, ауызша жүргізі­леді.

Сонымен, Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – сот жүйесіне деген халықтың сенімін арттырып, сотта қаралатын істердің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету.

Бақытбек ШАЙЗАДАЕВ,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының №2 сотының төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button