Жаңалықтар

Дертіне шипа тапқандар

Қазіргі уақытта «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры керек емес» деушілер бар. Дегенмен, осы қор арқылы мыңдаған адам дертіне шипа табуда. Емделу үшін қаражат таппай қиналғандарға МӘМС көмекке келеді. Мысалы, нейрохирургиялық ота жасату үшін 4 миллион 700 мың теңге керек. Ал, бұл соманы науқас қайдан табады? Әрине, МӘМС-тен. Жыл басталғалы Қарағанды қаласындағы Х.Мақажанов атындағы клиникада облыстың он тұрғынына бас ми тамырларына жоғары технологиялық ота жасалды. Бұл да медициналық сақтандыру есебінен…

Алдымен медицинада «аневризма» деп аталатын ауру түріне тоқталайық. Анықтамада былай делінген: «Аневризма – артерия қабырғасының жұқаруы немесе созылуы салдарынан томпайып шығуы; тамыр саңылауының 2 еседен артық кеңеюі. Аневризмада артериялардың өткізгіштігі бұзылады, оның жыртылу қаупі жоғары, бұл инсультке әкелуі мүмкін. Артериялардың өткізгіштігін қалпына келтірудің бір әдісі – стенттеу немесе «ағынды қайта бағыттайтын стентті орнату (flow divertion)». Бұл әдістің ерекшелігі артерияның жұқа бөлігіне стент орнатылатындығында. Ол артерия арқылы ағынды бағыттайды және қанның аневризмалық қапшыққа түсуіне және оның жыртылуына жол бермейді. Операция бір сағаттан үш сағатқа дейін созылады және науқаста ауырсынуды тудырмайды». Осы анықтаманы назарға алсақ, клиника дәрігерлерінің қаншама науқастың жанын сақтап қалғанына көз жеткіземіз. Мысалы, Қарағанды қаласының тұрғыны Бақтыбала Бейсембаеваға үш ай бұрын тамырын стенттеу отасы жасалған. Ұйқы артериясында өткен жылы болған инсульттан кейін аневризм пайда болған екен.

Осы жылдың наурыз айында отаға жіберіледі. Ота сәтімен өтіп, бүгінгі күні Бақтыбала Бейсембаева медициналық сақтандыру Қоры есебінен 2 оңалту курсын да қабылдаған. Шілдеде оңалтудың үшінші курсынан өтуін күтуде.

– Ота жасаған дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Сонымен бірге, төрт күн қатарынан маған қамқорлық жасаған реанимация бөлімі ұжымына көптен-көп рахмет. Жасыма қарамай бәрін жеңіп шықтым, өзімді жақсы сезінемін. Оңалту орталығында екі рет болдым. 14 күндік 2 курстан өттім, оның 10 күні – емдік. Әр түрлі массаж, жаттығулар көп көмектесті, – дейді Бақтыбала Бейсембаева.

Ал, науқастарды емдеп, алғыс арқалаған дәрігерлердің де айтары бар.

– Ота эндоваскулярлық, яғни тамыр арқылы жасалады. Стент артерия патологиясы орнына арнайы катетердің көмегімен бүктелген түрде жеткізіледі. Егер аневризм немесе тамырдың томпаюы болса, сол жерде стент жазылып, тамырдың пішінін қайталайды және қанның тамырдан тыс кетуіне жол бермейді. Егер ми тамырларының аневризмасы бар науқаста мұндай ота уақытында жасалмаса, онда тамыр жарылып кетеді де геморрагиялық инсульт пайда болады немесе тамыр жарақат алып, ишемиялық инсульт пайда болады, – дейді нейрохирург Ниязбек Ерниязов.

Айта кетейік, 2020 жылы профессор Х.Мақажанов атындағы клиникада осындай 16 операция, биылғы жылдың 5 айында 10 операция жасалды. Әрбір операция үшін медициналық сақтандыру Қоры 4,740 млн. теңге төледі. Сонымен қатар, артерияларды шұғыл түрде стенттеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді және тегін жасалады. Жоспарлы түрде жасалатын мұндай операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне кіреді және тек сақтандырылған адамдар үшін тегін.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button