Денсаулық сақтау министрі Қарағанды облысына іссапармен келді
Бүгін Қарағанды облысына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова іссапармен арнайы келді. Іссапар аясында «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының ғимаратында «Денсаулық сақтау және білім берудегі мейірбикелер мен инновациялық технологиялар» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми практикалық конференциясына қатысты. Әрі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен медицина қызметкерлері күніне орай арнайы ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалап, 72 медицина қызметкерін марапаттады. Сонымен қатар, ауылдық жерлерге қызметке барған жас мамандарды әлеуметтік қолдау көрсету үшін 8,5 млн. теңге көлеміндегі сертификат табыстады.
Конференция аясында мейіргерлік және акушерлік істі дамытудың ағымдағы мәселелері мен стратегиялық бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, ел аумағында енгізіліп жатқан мейіргерлік қызметтік жаңа моделі таныстырылды.
Конференция тәмамдалған соң министр медицина қызметкерлері күніне орай аймақтың дәрігерлері мен мейіргерлеріне ведомствалық наградалар мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Одан бөлек, бірқатар медицина мамандарын «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
– Мереке қарсаңында Қарағандыға келіп, өздеріңізбен бірге осындай шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Әрқашан денсаулық сақшысы болып, жемісті еңбек ете беріңіздер. Талай жылдан бері осы салада маңдай терін төгіп жүрген жандар жетеді. Сол кісілердің еткен еңбегін жақсы білеміз. Медицина қызметі – адамгершіліктің асылы. Биылдан бастап заңға өзгерістер енгізілгенін жақсы білесіздер. Сол заңның аясында медицина қызметкерлерін қолдау үшін тиісті жұмыстар атқарылады, – деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Ал, аймақ басшысы өз сөзінде:
– Аймақтың мамандары жүрек пен қан тамырлдарына, омыртқаға, басқа, жұлынға күрделі ота жасап жүр. Әрі буындарды протездеу, жаңа туған нәрестелерді күту, онкологиялық ауруларға көмек көрсету және заманауи медициналық қызметті шеберлікпен қолданып жатқанын айтқым келеді. Денсаулық саласына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, облыс тұрғындары үшін медицина қызметі қолжетімді болуы шарт. Ол үшін тек қала емес, ауылдық жерлердегі қызмет күшін жетілдіруіміз қажет. Әрі сала мамандарын баспанамен қамту мәселесі біртіндеп шешілуде, – деді.
Қарағанды медицина университетінің жалпы тәжірибелік дәрігері мамандығын аяқтаған Тұрсын Оразбай бүгінде ауылдық ауруханада қызмет істеп жүр. Атап айтсақ, Шет аудандық ауруханасына қарасты Өспен ауылдық жалпы тәжірибелік дәрігері қызметін атқаруда.
Бүгінде осы жерде қызмет істеп жатқанына сегіз айдың жүзі болған. Үкімет тарапынан баспана да берілген. Енді мереке қарсаңында көмек үшін қосымша ақшалай сертификат алып отыр.
– Мен секілді жас мамандарға аудан және облыс әкімдігінен үлкен қолдау көрсетілуде. Осы салада еңбек жолын бастаған жастарға үлкен трамплин. Одан бөлек, аудандық, ауылдық жердегі ауруханаларда жас мамандар үшін барлық жағдай жасалған. Бала кезімнен медицина саласына оқуға түсуді армандайтынмын. Сол арманыма жеткендеймін. Бірден осындай ортаға келіп, еңбек жолын бастау – оңай емес. Сондықтан, алдымыздағы үлкендердің ақыл-кеңесіне жүгініп, білмегенімді үйренудемін, – деді жас маман.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz