Бас тақырып

Делдал қалта қақса, ауыл қалтырайды

Биыл өткен жылдарға қарағанда көмір сататын орындарда дүрбелең жоқ. Ол арнайы орындарды белгілеп, қысқы отын мөлшерін жеткілікті көлемде әзірлегеннен болып отыр. Бұл – биліктің ұтқаны. Бірақ, ұтылған тұсы – «Көмірге мұқтаж, біз апарғанымызды бәрібір алатын ел бар» деп халықтың қалтасын қаққан делдалдардың алақанын ысқылауы. Алыпсатар байып, халық алақан жаймасын десек, не істеуге болады?

«Шұбаркөл көмір» басшылығы не дейді?

Қазіргі күні ««Шұбаркөл көмір» АҚ дәурені жүріп тұр. Халықтың назары да, алары да осы көмір. Алайда, оларға деген елдің айтары көп. Өйткені, «қара алтын» қымбат. Шалғай ауылдарға жеткенше, баға мың құбылады. «Неге бұлай?» деген сұрақты кенішке жолдадық.

– 2023 жылы биржалық сауда-саттық қорытындысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сатып алушы болып, «Көмір гарант» ЖШС анықталды. Биыл біз тұтынушылар үшін алып кету пунктін ашқан жоқпыз, «Көмір гарант» ЖШС-мен келесі елді мекендердің отын базаларында көмір сату туралы шешім қабылдады. Ол – Жезқазған қаласы (Ұлытау облысы), Жаңаарқа кенті (Ұлытау облысы), Осакаровка кенті (Қарағанды облысы), Арқалық қаласы, Аманқарағай станциясы, Қостанай қаласы (Қостанай облысы).

Көмір аталған отын базаларына теміржол арқылы үздіксіз жеткізіледі. Осылайша, осы өңірлер тұрғындарының «Шұбаркөл» разрезіне бармай-ақ және бірнеше күн бойы көмір үшін кезекте тұрмай-ақ көмірді өз елді мекендерінде сатып алуға мүмкіндігі бар.

«Шұбаркөл көмір» АҚ биыл тек Қарағанды облысы Нұра ауданы мен Ұлытау облысы Ұлытау ауданының тұрғындары үшін көмір алып кету алаңын ашты. Әкімдіктен машиналар тізімі алынды. Ұлытау облысының басқа аудандары үшін Жаңаарқа станциясының тұйық теміржолында отын базасы жұмыс істейді. Көмірдің сату бағасы – 13 мың 500 теңге.

Қорғалжын кентінің тұрғындары көмірді Астана қаласында сатып ала алады. Мұнда «Шұбаркөл көмірі» үш бөлшек сауда нүктесінде сатылады. Жылыту кезеңінде Астанаға күн сайын 10-15 вагон көмір жеткізіледі.

Қарағанды облысы Нұра ауданының теміржол станцияларынан (Баршын, Бестамақ, Жанбөбек, Қарақасқа, Құланөтпес, Талдысай, Тікенекті, Соналы және Нығман) алыс орналасқан кенттерінің тұрғындары үшін олардың елді мекендеріне барынша жақын қашықтықта қосымша отын базалары ашылатын болады.

Бүгінгі таңда «Шұбаркөл көмір» алаңындағы көмірдің сату бағасы өзгеріссіз қалды – тоннасына 8 мың 790 теңге, – деп жауап берді «Шұбаркөл көмір» АҚ баспасөз хатшысы Дамира Қожахметова.

Ауылдағы ағайынның уәжі

«Ауылда көмір қымбат» дегенді естіп, елге хабарластық.

– «Шұбаркөл көмірін» жағамыз жылда. Биыл да тапсырыс беріп алдырдық. Бір тоннасын 21 мың теңгеге алдық. Және 2500 теңге жеткізуі бар. Бұрынғы алып жүргендей емес, қызуы бар болғанымен, жаман көмірді араластырып жібереді-ау деймін. Ірісінен ұсағы көп, – дейді Сәкен кентінің тұрғыны Алмас Жұманов.

Ал Шет ауданына қарасты Бұрма ауылында тұратын Қарлығаш Шәтекова болса, оларға да осы бағамен жететінін айтады.

– Бізге 21 мың теңгеден әкеліп жатыр бір тоннасын. Ал, жеткізу бағасы – 5 мың. Тұмсық ауылында тұратын туыстарым көмірді сатып алуынан басқа 20 мың теңгені әкеліп бергені үшін қолдарына ұстатқан. Қармыс ауылына 15 мың теңгеге жеткізеді. Ауыл арасы небәрі 10-15 шақырым ғана. Еріксізден аламыз. Қыстан шығуымыз керек қой, – дейді ол.

«Шұбаркөл» 8 мың 790 теңгеге «Көмір гарант» ЖШС-ке сатса, олар халыққа 13 500 теңгеден өткізсе, 21 мың теңге қайдан шықты? Делдал ұтып, жұрт ұтылып тұр.

Айып алыпсатарда ма?

Шілде айында Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көмірмен қамтамасыз ету жұмыс­тары жөнінде айтылған болатын. ҚР ИИДМ Индустрия­лық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев: «Қарағанды облысының көмірге деген қажеттілігі – 1 млн 156 мың тонна. Министрлік жүйелі шараларды қабылдап жатыр. Біріншіден, республика деңгейінде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, бұл жөнінде барлық әкімдікке жеткізілді. Екіншіден, көмірді автокөлікпен республика аумағынан әкетуге толық тыйым салынды. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – алыпсатарлар санын азайту және болдырмау», – деген еді.

Сол уақытта облыста көмір сатылатын 52 орын белгіленгені, олардың 20-сы Қарағандыда орналасқаны да айтылды. «Мамандардың бағалауынша өңірді толығымен қамтамасыз ету үшін көмір қоры жеткілікті» деп те жазылды баспасөз беттерінде.

Шалғай ауыл ғана емес, теміржол бойындағы станция тұрғындары да көмірді қымбатқа сатып алуда. Халық «Шұбаркөлге» наразы, «Көмірінің бағасы удай» деп, олар болса, «Біздің баға арзан» деп шырылдайды. Кім кінәлі? Бар айып алыпсатарда ма?

 

Тақырыптың түйіні

Мақаланың нүктесі «Маған керегі сапалы да қызуы бар көмір, жылдар бойы жатып қалған немесе піспеген арзан көмір аламын деп, қыстан қалтырап шығып жүрмейін» деген ауылдықтардың жанайқайымен қойылмақ. Нүкте қойсам да, алақанын ысқылаған делдал көз алдымнан кетер емес…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button