Дебатта дарындар дараланды
Кеше Қарағанды облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында Ұлттық валютаның 30 жылдығына орай облыстық пікірсайыс турнирі өтті.
Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінде өткен турнирге аймақтың 88 студенті қатысты. Қазақ лигадан 20, орыс лигадан 24 команда өзара бақ сынады. Турнирдің бағыты – америкалық-парламенттік формат. Ойын барысында әр спикер талдамалық және сындарлы ойлау, өз ұстанымын қорғауда белсенділік танытты. Жастар білгірлік көрсетіп, күрделі жағдайларда тез әрекетке көшу секілді қабілетімен ерекшеленді.
Қазақстанда есірткімен күрестің тиімді механизмін ұсынған жастар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бірігіп жүргізген зерттеуге үңілді. Сауалнамаға 121 мектептен 8,5 мың оқушы қатысқан. 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер төрт жыл ішінде энергетикалық сусын, темекі, вейп, ішімдік пен есірткі қолданған. Әлемде синтетикалық есірткінің аптасына 10 жаңа түрі шығарылады. Жаңа есірткі заттары кері әсер беретіндіктен, жасөспірімдер оны тұрақты қолданса, тұлғалық дамуы баяулайды.
– Жастар қаржылай сауаттылықты онлайн оқытуға тыйым салу тақырыбын қозғады. Сондай-ақ, қауіпті және зорлық-зомбылықты қамтитын барлық спорт түрі заңмен тыйым салу жөнінде кеңінен талқылады. Көп мәселе түптен келгенде, ата-аналар баласының қандай ортада жүргеніне аса көп мән бермейтінінен туындауда. Сондықтан, әр ата-ана баласына жіті көңіл бөліп, қадағалауы тиіс, – деді «Сарыарқа Дарыны» балаларға қосымша білім беру орталығының әдіскері Ардақ Әділбаев.
Турнирдің қорытындысы бойынша төрешілер жеңімпаз командаларды анықтады. Қазақстанда есірткімен күрестің алдын алуда тиімді механизм ұсынды.
Қазақ лигасы бойынша І орынды «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің «Жұлдыз ИДК» командасы, ІІ орынды Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінің «Qazaq oi» командасы, ІІІ орынды Теміртау техникалық колледжінің «Заман біздікі» және Шет тілдер колледжінің «Kozqaras» командалары иеленді.
Сондай-ақ, турнирде «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің студенті Ерсұлтан Махабаев «Үздік спикер» атанса, «Үздік оратор» аталымына «Bolashaq» жоғары колледжінің студенті Жайлымұрат Тідеубердіұлы ие болды.
Орыс лигасы бойынша І орын – Жоғары гуманитарлық колледжінің «Софисты» командасы, ал ІІ орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің «Таргариены» командасы жеңіп алды. «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінің «Звезда ИДК» және «Bolashaq» жоғары колледжінің «Лисицы» командалары ІІІ орынды бөлісті. Жеңімпаздар дипломдармен, ал, жүлделі орын алған командалардың жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz