Дауыс беру Қазақстанның ішкі заңнамасына сәйкес өтіп жатыр – халықаралық байқаушы
ТМД елдері атынан келген халықаралық байқаушы Леонид Анфимов атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдумның өту барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сатына сілтеме жасап.
– Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясынан 74 адам аккредиттелген, одан бөлек миссияның құрамына ТМД Атқару комитетінің қызметкерлері кіреді, – деді Леонид Анфимов.
Халықаралық байқаушы атап өткендей, халықаралық миссиялардың қызметкерлері референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның қызметкерлерімен бірнеше рет кездесіп, референдум өткізу жөніндегі учаскелік және округтік комиссияларға барды. Олар референдум өткізуге жоғары дайындық болғанын атап өтті.
– Референдум өткізу жөніндегі орталық комиссия ауқымды жұмыс атқарғанын атап өту керек. Референдум жарияланған күннен бастап бір ай ішінде учаскелік комиссиялардың қызметкерлерін оқыту, тренингтер, семинарлар өткізу, техникалық жарақтандыру, референдумда дауыс берушілердің тізімін жасау бойынша орасан зор ұйымдастырушылық-техникалық жұмыс жүргізілді. Референдумға жан-жақты дайындалған деуге болады, – дейді ол.
ТМД елдерінен келген байқаушылар (74 адам) еліміздің 9 өңіріндегі дауыс беру учаскелерінде жүр. Олар Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облысы және Астана, Алматы мен Шымкент қаласы.
ТМД байқаушылары Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының, Түркі мемлекеттері ұйымының және АӨСШК өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
– Дауыс беру референдумдар мен сайлау науқандарын өткізуді регламенттейтін Қазақстан Республикасының ішкі заңнамасына сәйкес өтіп жатыр. Заң бұзушылықтар жоқ. Менің ойымша, Қазақстан Республикасындағы бұған дейін өткен сайлау науқандарына бақылау жүргізу тәжірибемізге сүйенсек, заң бұзушылық болмайды деп ойлаймын. Референдум ұйымдасқан, тыныш және белсенді өтуде, – деп толықтырды Л. Анфимов.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА