Руханият

Дауылпаз ақын мұрасы дәріптелді

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде дауылпаз ақын Қасым Аманжолов оқулары өтті. Оған шаһардағы колледждерден жалпы саны 42 студент қатысты. Қаламгерлер мен педагогтар қазылық етіп, үздік жас ақынды, көркемсөз оқушыны, ақынның өнегелі ғұмыры мен мұрасы насихатталған бейнебаян авторларын анықтады.

Сурет автордан

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі Қасым Аманжолов оқуларын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырады. Биыл да үш бағыт бойынша байқау өтті. Біріншісі – «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…». Мұнда үміткер дауылпаз ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Екіншісі – «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы…» деп аталды. Бұл бағытқа колледж қабырғасында оқып жүрген жас ақындардың Қасым Аманжоловқа арнаған өлеңдері бағаланды. Үшіншісі – «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…». Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде қолға алынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Smart bala» жобасы аясында Қасым Аманжоловтың шығармашылығы мен өмірі баяндалған шағын деректі фильмдер сүзгіден өтті.

Білім ордасы директорының міндетін атқарушы Дархан Исатаев байқаудың маңызы хақында айтты.

– Қасым Аманжолов – өз дәуірінің биі­гі. Оның өлеңдерінен асқақ рухтың дауылы соғады. Сол себепті де, жас ұрпақ ақын шығармашылығын бойына сіңіріп өсуі керек. Колледждің мақсаты мен міндеті – жас буынды ұлттық тәрбиемен, өнермен сусындату. Сол жолда білім ордасының ұстаздары аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінгі байқаудан да жалынды жастарды байқап, көңіліміз марқайды. Ақынның мұрасы халқымен бірге жасайтынына сенімім кәміл, – деді Дархан Исатаев.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, Қарағанды облысында білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының дипломымен марапатталды, сертификаттар тапсырылды. Байқауға қатысушыларға «Qasym» республикалық әдеби-қоғамдық журналы табысталды. Колледж түлегі, ақын Кәмшат Хасен байқау жеңімпаздарына өзінің «Сен және мен» атты жыр жинағын сыйға тартты.

«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» аталымында гуманитарлық бағытта бірінші орын – Алтынай Маратқа, екінші орын – Сабина Төкеноваға, үшінші орын – Бірлік Төлепбекке берілді. Техникалық бағытта оқитын студенттер арасында бірінші орынға – Дариға Тельман, Екінші орынға – Мағжан Нұрлыбеков, үшінші орынға – Нұрасыл Баязит лайық деп танылды.

«Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы…» аталымында гуманитарлық бағытта оқитын студенттер арасынан Еламан Кенжебай топ жарды. Екінші орыннан Ислам Еркебұлан көрінді. Үшінші орын – Нұрдана Аманқұлованың еншісінде. Екінші бағытта Медеу Амангелді қара үзді. Нұрым Жанатов – екінші орынды, Айсана Қамбарова – үшінші орынды місе тұтты.

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…» аталымында Ильмира Махмудова, Әділ Ахтамберлин, Дильяра Қуаныш жүлдегер атанды.

Техникалық бағыт бойынша Асель Дильманова, Аида Муханова, Аяулым Мүтәл топ жарды.

Байқаудың марапаттау рәсімінде Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі музыкалық білім беру бөлімінің студенттері Қасымның әндерін шырқады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button