Дауа табуға мүмкіндік

Жұртшылық үшін биылғы басты жаңалық – біржолғы зейнетақы төлемдерін үй жағдайын жақсартуға пайдалануы екені аян. Осыған орай, ереже қаңтардың соңында қабылданған-тын. Дәлірек айтқанда, қаңтардың 23-нен бастап өтініш беру порталы іске қосылды. Содан бергі уақытта 38 мың қазақстандық үй-жайын жақсартуда зейнетақы төлеміне қол жеткізген. Ал, бүгіннен, яғни, 25-ақпаннан зейнетақы төлемдерін емдеуге жұмсауға өтініш қабылдау басталды. Бұқараның бұл қаражатты қандай емге жұмсайтындығы да анықталған. Ережеде әзірге 7 медициналық қызмет бар. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, ол халықтың өтініш-тілегі бойынша әлі де толықтырылуы мүмкін…

Ең алдымен, БЖЗҚ-дан төлемнің қолжетімді сомасын анықтау қажет. Егер, жеткіліктілік шегі ақшаны емге пайдалануға мүмкіндік берсе, онда азамат өзі тіркелген мекеніндегі медициналық ұйымға жүгініп, бір жолғы зейнетақы төлемі есебінен емделуге жіберу туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы қажет. Комиссия 5 жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіні емделуге жіберу немесе медициналық көрсетілімдер болмаған жағдайда, бас тарту туралы шешім шығаруы тиіс. Қорытынды 2 жұмыс күні ішінде беріледі.

Тізімге денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша орфандық (сирек кездесетін) ауруларды емдеу және оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер енгізілген.

Сонымен қатар, тізбеде стоматологиялық қызметтер, яғни, тісті протездеу, имплантанция бар. Операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ мастэктомиядан кейін түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық) қарастырылған. Бұл арада атап өту керек, сән үшін жасалатын пластикалық операциялар қамтылмайды. Радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер-пышақ), протон терапиясы да тізімде. Яғни, біздің елде жоқ медициналық қызметтерді азаматтарға шет елден алуға мүмкіндік жасалады. Офтальмологиялық қызметтер – көздің мүйізгек қабығы коллагенінің крослинкингі, көруді лазерьлік түзету атап көрсетілген.

Батырхан САРЫМСАҚОВ, ҚР ДСМ амбулаториялық-емханалық көмек көрсету басқармасының басшысы:

25-ақпаннан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге жұмсауға болады. Медициналық қызметтер тізімі әлі де жетілдіріледі, халықтың сұранысына байланысты қайта қаралады. Мысалы, физиологиялық тұрғыдан Қазақстанда қолданылатын жағдайлар бір азаматқа жақпауы мүмкін. Сондықтан, ол науқасқа шетелдік тәсілдер ұсынылады. Осы кезде ол БЗТ қолдана алады. Жалпы, елімізде медициналық көмек көрсетудің екі пакеті бар: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану біздің азаматтарымызға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.

Стоматологиялық қызметтер Қазақстанда дамыған. Осы тізімді бекіткен кезде талқылау барысында офтальмологиялық қызметтер қосылды. ЭКО да бар еді, бірақ пысықтау барысында алынып тасталды. Бұл орайда квотаны 1 мыңнан 7 мыңға көбейтіп отырмыз. Пластикалық операцияларды халық дұрыс түсінбеуі мүмкін. Бұл эстетикалық мақсаттағы емес. Мұнда туа біткен ақауды, қалпына келтіру пластикалық операциялары негізге алынады. «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, банкте 150 281 арнайы шот ашылды. Оның ішінде, 96 281 өтініш беруші тұрғын үй мақсаттарына өтінім рәсімдеген.

Біздің ойымызша, шамамен 60 мың көлеміндегі айырмашылық – бұл арнайы ағымдағы шоттарды алдын ала ашқан және ережелердің жариялануын күткен адамдар. Бұл бағдарламаны күткен адамдардың көбінің медициналық карталарында, медициналық тарихында белгілі бір диагноз бар. Ал, бізге шартта көрсетілетін медициналық ұйымға міндетті түрде ақша аудару үшін 5 жұмыс күні ғана беріледі, – деді банк басшысы. 30 мыңнан астам өтініш беруші тұрғын үй проблемаларын шешудің толық үдерісінен өткен. Мұнда да сол тетіктер мен тәсілдер сақталады. Адамның өзі IBAN шоттарын және медициналық ұйымның барлық мәліметтерін толтырады, ол келісімшартта көрсетіледі. Осылайша, барлық есеп айырысулар қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Клиент үшін бұл ақша қолжетімсіз және ол ақшаны шешіп ала алмайды. Ақша аударылғаннан кейін өтінім жабық деп саналады.

Келесі кезең – шетелдік ұйымдармен жұмыс істеу мүмкіндігін қосу. Мұны шамамен, наурыздың басында іске қосамыз. Бұл орайда валютаны айырбастау мәселелері туындайды. Өйткені, БЖЗҚ-дан барлық ақша өтініш берушіге міндетті түрде қазақстандық теңгемен түседі. Біз шетелдік медициналық ұйыммен шарт жасалғаннан кейін айырбастау күнін таңдауымыз қажет. Егер бұл айырбастау шарт жасалғанға дейін жүзеге асырылса, онда бұл өтініш берушіні шетелдік емдеу мекемесі қабылдаудан бас тартқан жағдайда немесе емдеу мерзімдері бұзылса, билеттер қолжетімсіз болса, әртүрлі мемлекеттерде күшейтілетін қандай да бір карантиндік шаралар қолданылса, клиенттеріміздің валюталық айырмашылықтан қағылмауы үшін тікелей шарт жасалғаннан кейін айырбастаймыз, – дейді Ләззат Ибрагимова. Егер емдеу сомасы қолжетімділік шегінен асса, өтініш беруші жақын туыстарына жүгінуге хақылы.

Қызғалдақ АЙТЖАН