Тұлға

Дархандығы дара аға

Азат елдің Ата Заңы, жүйеленген заң саласы мен өз ісін жетік меңгерген кәсіби мамандар өздігінен жетіліп, пайда бола салмағаны анық. Олардың бастауында өз ісіне мығым алдыңғы буын ағалардың білімі мен білігі, парасат пайымы тұр. Аға буынның арасындағы сондай ерекше тұлғаның бірі һәм бірегейі заңгер Зада ҚАЖЫБЕКОВ болатын.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Оның балалық және жастық шағы зұлмат соғыспен тұспа-тұс келді, сондықтан, еңбекке ерте араласып, үлкендерге көмекші болды. Жасынан зеректігі, білімге құштарлығы, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген 10-сыныпты оқи жүріп, комсомол комитетінің хатшысы міндетін қоса атқарады. Орта мектепті бітірген соң арман қуып, Алматы заң институтына қабылданады. Бұл оқу орнын бітірген соң жас маманның ұзақ та мағыналы еңбек жолы басталады.

Зада Қажыбеков СтепЛАГ-та, Павлодар, Қарағанды облыстары прокуратурасында жауапты қызметтерде болды, қашанда адами ұстанымымен танылды. Адамгершілік пен білім сынға түскен небір қысылтаяң шақтарда азаматтық ардың туын, әділдіктің ақ туын аласартқан жоқ. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөзді бұлжымас қағида ретінде басшылыққа алып, адал прокурор бола білді. Белгілі бір уақыт кезеңінде партия қызметінде жүріп, құқық қорғау саласы қызметін жетілдіруге сүбелі үлес қосты. Облыста әділет басқармасын құруға ат салысты және оны қатарынан он екі жыл басқарды. Осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби шеберлігі ерекше айқындалды. Басқарманың міндеттерін жан-жақты зерделеп әзірледі. Оның құзырына сот саласы кадрларын тағайындау да енді. Бұл қызметте Зада Әкімбекұлының талапшылдығы, ешкімнен ықпайтындығымен танылды, судьялардың тек заңды басшылыққа алып, жұмыс істеуін қатаң қадағалап, оларды қорғай да білді. Сол кезеңде ұлт кадрларын әзірлеу жаңа сипат алды. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың заң факультетінде мемлекеттік комиссия төрағасы болғанда оқу орнын бітірушілер арасынан болашақ прокурорлар мен судьяларды іріктеді. Жастармен өзінің бай тәжірибесін бөлісіп отырды, үйретуден жалықпады. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қаласқан Қажыбековтің шәкірттері  аз емес. Олардың қатарында Рашид Түсіпбеков, Қорған Қамзабаев, Мұрат Әбілев, Ербол Рақымбеков және басқаларын атап өтуге болады.

Зада ағамыз жарқын мінезінің арқасында туған-туыс, ағайынның арасында, ел ішінде «жақсы ағай» аталып кеткен қарапайым, елгезек жан болатын. Өзі туып-өскен, жағасында ойнақтап, суына шомылған Нұрасын ерекше жақсы көретін. Ел азаматтарына деген ықыласпейілі ерекше еді.

Үйінен күні-түні қонақ арылмайтын. Оларды Ғайнел жеңгеміз өзіне тән байсалды қалпымен қабақ шытпай қарсы алатын. Ағамыз елге келгенде маңайына жастарды жинап, бірлікке, бір-біріне қамқор болуға үндеп отыратын.

Ол кісі дүниеден өткенде, бар болмысы жақсылықтан жаралған үлкен жүрек соғуын тоқтатқанда қалың жұрттың қабырғасы қайысып, жүректері езіле еңіреді.

Болашақ заңгерлерге бағыт-бағдар беріп, кісілік келбетіне кір түсірмей, тазалық таразысынан ауытқымай жұмыс істеген, пайданы емес арды ойлап, өзгелерге үлгі болған Зада Қажыбеков туралы айтар сырымыз – осы. Бүгінде Зада ағамыз – сағынышпен айтылар естеліктердің арқауы. Ұрпақтары ол салған адалдық, ізгілік жолын лайықты жалғастырып келеді.

Бәйтеректің бұтақтарындай өсіп-өнген ұрпағының құрметі өз алдына, қайраткер тұлғаның еңбегін жалпы қауым мен атқарушы билік те қастер тұтады. Қарағандыдағы «Күнгей» шағынауданының бір көшесіне Зада Қажыбековтің есімін беру туралы шешім – соның айғағы.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button