Жаңалықтар

Дархан дарын

Халқымызды ән әлдилеп, күй тербетiп келгенi ақиқат. Қазақтың кеудесiнен күй төгiлiп, көмейiнен ән ақтарылып жататыны содан ғана десек, онда ең алдымен ұлтымызды әлiмсақтан әсем әуен, тәттi сазбен ауыздандырған бұлбұл әншiлерiмiз бен дүлдүл күйшiлерiмiздiң алдындағы перзенттiк борышымыз бен парызымызды ұмытпағанымыз жөн. Ғасырлар қойнауынан көне тарихымыздың мәңгi жоғалмас сәлем-хатындай, уәзипа-назындай ұлтымыздың кейде күмiлжiп, кейде құйқылжып жететiн әндерi, кейде күңiренiп, кейде күмбiрлеп жететiн күйлерi – рухани мол байлығымыз ғана емес, киелi қазынамыз. Өткен заманнан бүгiнгi күнге алтын көпiр болып жеткен осынау мәдени ұлы мұрамызға көрсетiлер құрмет әсем ән мен күмбiр күйге ғана бағышталмай, сол әуен мен саздың жаратушы құдiреттерi – сазгер-композиторлар мен әншi-күйшiлерге де тiкелей арналғаны керек-ау!..

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Ел табынған жазушы! Немесе жұрт исiнген композитор! Творчество адамына осы асыл атаулардан қадiрлi ешнәрсе жоқ деп ойлаушы едiм. Соңғы кездерде мына нарық дейтiн парықсыздықтың құрығы қыл мойынға тұншықтырып оралғалы ол ойымнан мүлде арылдым, өйткенi сананы тұрмыс билеп те, жүндес бiлегiмен илеп те жатқан қазiргi бас ие жоқ дәйексiз заманда кеудеңдi тiк ұстайтын бұрынғы «жазушы», «сазгер» дейтiн қасиеттi ат-атауың адыра қалғандай-ау. Күн сайын төбеңнен тоқпақтайтын жүгенi сыпырылған тiршiлiктiң жалы тұрмақ, сауырына да саусақ тигiзе алмайтын жаяу, жалаңаш, қайыршыға бергiсiз күйiң тәңiрiдей өр зор көкiрегiңдi көркөкiрек етiп, жiгерлi жанарыңды жасқаншақтата жасауратып қойса, қай құдiретке мұң шағарсың. Композитор – құдiрет едi. Бұрын болған едi. Жазушы – жасаған хақпен бiрдей едi. Бұрын бiрдей едi. Бүгiн ендi олар алыпсатар – құдiрет, акционер – құдiрет, шенеунiк – құдiрет, депутат – құдiрет, әкiм – құдiрет сияқты «пысық­тардың» қолына су құюға да жарамай қалды.

Себебi халқымыздың өз iшiнен ерекшеленiп туған, құдiреттенiп дараланған өнер иелерiне жасалар құрметiмiздi бүгiнде жетi қабат жер астына көмiп тастады. Жоғарыда отырғандардың туысқандарынан басқа есiмдерi ерекше аталуға тиiс ұлы Азаматтарымызға арналар сүйiспеншiлiгiмiзден баз кештiк.

Сөзiмдi ендi дәлелдермен тұжырымдап кетейiн.

Сыдық Мұхамеджанов! Осы ұлы есiм аталған сәтiнде жұмыр жердiң үстiндегi исi қазақ баласы iшкен асын жерге қоярына күмәнiм жоқ. Ал Сәкеңдi бұрынғы КСРО, бүгiнгi Еуропа, сонау мұхиттың арғы бетiндегi Америка бiлетiндiгiне сол елдерде үздiксiз ойналатын айтулы шығармалары куә. Солай десек, ұлы композитор – Арқа түлегi, Қарағанды азаматы, Киiк перзентi Сыдық Мұхамеджановтың аты естiлгенде жүрегiн күй тербеткен, бiрақ чиновниктiк мерезi жоқ бүкiл адамзат бiр тебiренiп алары сөзсiз. Саз құдiретiн ауыздықтап, әуез қасиетiн тұла бойынан тұма бұлақтай мөлдiретiп төгетiн, өнер сүйгiш жанның көкiрегiне әуен мен күйдiң жылы толқынын енгiзетiн аса дарын иесi Сәкең жаратушы табиғаттай, немесе болмыс-құдiреттiң өзiндей едi.

Арқаның қасиеттi топырағынан жаралып, Үлкенбұлақ суында шомылып, Оңтүстiк өңiрiнде өскен Сыдық аға жаймашуақ Жетiсудың тау бөктерiнен есетiн самалдай жайдары әуендерi мен Сарыарқаның түпсiз тұңғиық зеңгiрiне шаншыла самғайтын асқақ әндерiмен ауызданып өскендiктен, шынайы өнердiң асыл әрi мен дәмдi нәрi мол екенiн ерте аңғарған. Жастайынан ерте iзденiп, творчестволық жолдың ыстығы мен суығын өзгелерден гөрi басымырақ көргендiктен, айтулы өнер қайраткерi болып тез-ақ қалыптасқан едi.

«Ал Сыдық Мұхамеджановтың осынша шебер, осынша құдiрет иесi бола бiлуiнiң тамыры неде? Бастауы қайда? Негiзiнде қандай құдiрет жатыр? Асыл тегiнiң бәсi қанша?» дейтiн сұрақтар ерiксiз туындайтыны ақиқат нәрсе.

Ендi соларды таратып беруге әрекет жасап көрелiк.

Қандай дарын болса да, ең алдымен ол өзi жаралған топырақтың перзентi болатыны хақ. Киелi топырақтың қасиеттi ұлдары көп болары даусыз десек, Арқа өңiрi, оның iшiнде, Орталық Қазақстан аумағы – дарын мен таланттың шымырлап қайнап шығар өзегi, шыңдалып суарылып шығар көрiгi.

Дәлел керек пе?

Әрiдегi ұлы Тәттiмбет, шалқар Шортанбай, күй күңiренткен Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, Сембек, Әбди, Қыздарбектер, берiдегi асқақ Сәкен, адуын Әсет, арқалы Тайжан, желаяқ Маясар, дүлдүл Шашубай, сырбаз Сәрiнжiп – әрқайсысы бiр-бiр елдiң атын әлемге жаяр шабыт иелерi. Ал осыған Сәкеңнiң, Сыдықтың өзi шыр етiп дүниеге келген шаңырақтағы туған әкесi Мұхамеджан мен анасы Ақборықтың әншi-әуенгершiлiгiн қоссақ, тал бесiгiндегi алғашқы iңгәсiмен ертеңгi ел бесiктi ән-күйiмен тербетер ұлы сазгердiң киелi топырақтан күй иесi боп, жаратушы құдiрет-болмыстың куәлiк таңбасымен туғанына шәк келтiрмейсiз.

Екiншiден, Арқаның сал-серiлiк дәстүрiн сақтап қалған бұл өңiр сан салалы өнердiң тоғысқан сәттi тұсына жататындығына баса назар аударған жөн сияқты. Өйт­кенi әндi ерттеп, күйдi қосарлап мiнген Бiржан сал, Ақан серi, Жаяу Мұса, Ыбырай, Жарылғап­берлi тәрiздi айдын-шалқарлардың тұны­ғынан жүзiп iшкен бұл төңiректiң өнерпаздары түстiгiндегi алып Абай, шексiз Шәкәрiм, терiскейiндегi ғұлама Ыбырай, қазына Қазанғаптардан тұшынса, Шу бойы мен Балқаш көлiнiң арғы жақ беткейiндегi Ұлы жүздiң Үйсiнi мен Жалайырының Жамбылдай даңғылымен, Кенендей кененiмен, Орта жүздiң Найманының Молықбайдай дәулескер қобызшы­ларымен қойындасып жататын. Жыр қыстап, ән жайлаған, саз қонақтап, әуен түнеген бұл аймақтың осындай шадыман дәстүрiн ән-әуезге барынша әуес отызыншы жылдардың жас қаласы – Балқаш айрықша түлеткен едi. Өткендi түгел мансұқтап, бұрынғының бәрiн бүгiнгiнiң құрбандығына шалуға дайын тұратын айнығыш, ойнамалы, жезөкше саясатшылдығымызды сәл бүркей тұрсақ, онда шын мәнiндегi социалды құрылыс дәуiрiнiң халықтың мәдениетi мен тұрмысына кәдiмгiдей үлкен ықпал жасағанын жасырып ұстай алмасымыз хақ. Өндiрiстiк жас қала сол кездiң өзiнде-ақ өмiрлiк құрылыстарға сай әлеуметтiк құбылыстарды да қазақ арасына, қазақ даласына көбiрек әкелген-дi. Сол жас қаланың көркем­өнерпаздарының ойын-сауықтары – болашақ ұлы композитордың ең алғашқы кәсiби мектебiнiң алғашқы баспалдақтары болып едi.

Әрине өнер жолын – даңғыл жол деп ешкiм атамайтыны ақиқат болса, әсiресе Сыдық аға Мұхамеджановтың үйрену, өсу, iздену, шарықтау, кемелдену, көркею, кеңею кезеңдерi әртүрлi қиындықтар мен кедергiлерге мол болғанына замандастары барынша қанық.

Сыдықтың өнер жолының алғашқы iзiн өзiнiң замандас қазақ композиторлары тәрiздi ән мен романс жанрынан бастағанын айтсақ, пәни жалғанның қызулы жастық жәрмеңкесiнде бiр-бiрiне жалындай ұмтылған екi жастың жүрек лүпiлiнiң мәңгi алаугү­лiндей өшпейтiн, солмайтын символдық белгiсi – «Жарқ етпес қара көңілiм не қылса даны» ең алдымен ауызға алар едiк. Ауызға алар едiк те, биiкпен биiк қана таласа алар, ұлыға ұлы ғана жанаса алар өмiр заңын алды­мызға тосқан Абай мен Сыдық көңiлдерiнiң толқыны тоғысқан, ұлы Абай мен үлкен Сыдықтың жүрек шарпысулары араласқан осы ән-романстың мәңгiлiк сұлулығына, мәңгiлiк ғашық жанның үзiлiп шыққан жалын лебiнiң отты қызуына, сүйiскен жандардың сертке берiк адалдығына бек риза болып, желдi күнгi Арқаның күлте құйрық селеуiндей қайта-қайта бас изер едiк. «Тербеледi тың дала», «Шофер әнi», «Әйтеуiр сол қыз бiр сұлу», «Шолпаным» сияқты әсем де әдемi әндердi шығарған Сыдық Абай сөздерiне жазылған бiр топ сұлу романстарымен халқының жүрегiнен өз орнын ойып алған едi. Тәжiрибесi толысқан, ой-өрiсi кеңейген, шабыт серпiнi күшейген кезде тағы да алғашқылардың бiрi боп жалын жүрек сазгер симфония­лы шығармалар жазуға батыл бет бұрып, ең алғашқы «Шаттық Отаны» деп аталатын симфониялы күйiмен Қазақстанның симфония көшiн бастап-ақ кетiп едi-ау. Сол симфониялы күй республикамыздың музыкалық эмблемасы, әуездiк айшық таңбасы ретiнде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттiк академиялық халық аспаптар оркестрiнде қырық бес жылдан астам уақыт ойналып, Қазақстанды, қазақ өнерiн күнi бүгiнге дейiн бүкiл әлемнiң бар түпкiрiнде таныстырып, табыстырып келе жатыр.

Авторына Қазақ ССР Мемлекеттiк сыйлығын әперген «Дауыл» симфониясының жалпы қазақ музыка өнерiнде алар орны ерекше. Төрт бөлiмнен құралатын симфонияның «Дауыл» аталуында да айрықша мән бар, Тұнып қалған ойды, тұрып қалған бойды, ақпай тұрған суды, көтерiлмей тұрған буды, тымырсықта көмiлген дуды дүр сiлкiнтiп оятып, астан-кестен сапыратын құдiрет – дауыл ғана. Өмiр-тiршiлiк ауқымын өзгеше сапаға түсiрiп өзгертетiн де – дауыл. Сана мен сезiмдегi бұйығылықты серпiп тастап, тән мен жанға сергектiк пен жылдамдық беретiн де дауыл. Табиғат дауылы, болмыс дауылы, әлеуметтiк құрылымды жаңғыртар, жаңартар бұлқыныс, төңкерiс дауылы!

Бiр сөзбен айтқанда дауыл – пенде мен пайғамбар аралығындағы биiк мақсұтты тiрлiк иесiн жаңа белеске көтерер, сенiм мен таным құбылысын өзгертiп, ғұмырлық бағыт-бағдарламасын анықтап нұсқар аз сәттiк құдiреттi құбылыс. «Дауыл» симфониясының айтары – осы төңiрек. Өзгерген заманның өскелең арманы мен асыл мұраты азаматын да асқарға шығарып, ой-санасын аспандатып әкететiнiн айғақтайды ол.

«Дауыл» – көненiң жаңарып, кәрiнiң жасарып, аздың көбейiп, өткiншiнiң мәңгiлiкке айналып кетер ғажап мезеттерi болатынына сендiретiн өмiршең, аса құнды туынды.

Ал, Сәкең «Көне Түркiстанда» атты сюитасында ежелгi ұлтының көңiл назындай сабырлы ойы мен саналы сырын коңыр әуен арқылы алуан үндi оркестрге түсiргенде, өткен күндер тiзбегi көз алдың­нан тiрiлiп жеткендей сезiлiп едi. «Шаттық Отанындағы» сахараның сусыған сағымында мол тұяқ дүбiрiнен оянған құдiреттi күй сарынын көп аспапты симфонияға ауыстырғанда, сыршыл сазгердiң өзiнiң үлкен жүрегiндей ұлан-ғайыр даласының ғаламат кеңдiгi мен шексiздiгi, қазақ жанының еркiндiк аңсаған жайсаңдығы шиыршық атып, тыңдаушысын мейлiнше әсерлендiрiп, мақтаныш сезiмiне тоғытып жiбередi. Сыдық Мұхамеджанов халқымыздың әуез өнерiнiң айтулы туындыларына айналған құдiреттi симфонияларымен жұмыр жерге елiнiң атын әуелетiп шығарса, осы әсем дүниелерi Мұхамеджановты адамзаттың әлемдiк көгiне шарықтатып әкетiп едi.

Композитор творчествосының тағы бiр алуан қыры – вокалды-симфониялық шығармалары. Суреткердiң «Ғасырлар үнi» деп аталатын қазақ топырағында ең алғаш туған ораториясы бүкiл рес­публикамыздың музыкалық көкжиегiн барынша кеңейтiп, кәсiби музыка өнерiн жiлiкше шағатын Еуропа елдерiнiң дәрежесiне жеткiзiп, терезесiн теңестiрiп қойғанын бүгiн бүкiл қазақстандықтар мақтаныш етедi… Қырықтың қырқасына iлiнер-iлiнбестен-ақ, сол кездегi КСРО көлемiндегi бiлгiр мамандар түгiл тыңдаған қарабайыр жұрттың көңiл пернесiн тап басып, жүрек қылын қапысыз шерткен дарынды таланттың бұл ораториясы үлкен құбылысқа айналған аса шоқтықты дүниесi едi. Амал не, қазақтың қанына сiңген күншiлдiк, қызғаншақтық дейтiн айықпас ауруына сол кездегi әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң өзiмшiл сасықкеуде дертi қосылды да, жарық дүниеге жар салып енген, Лениндiк сыйлықты ендi алайын деп тұрған әсем туындыны қиянатшыл тобыр көрбiлте опасыздықтың қанжығасына байлады да жiбердi ғой.

Оратория бiрақ әлi күнге дейiн өзiнiң сол оқшау биiгiнен төмендеген жоқ. Әсемдiктiң символындай алғашқы боп туған құдiреттi бұл шығарма өзiнен кейiнгi туындаған ортақол әлденеше ораторияға әлi күнге дейiн шекесiнен қарап, сол биiк тұғырдағы меншiктi бiрiншi орнын босатқан да емес.

Композитордың «Жыл мезгiлдерi», «Табиғат» тәрiздi поэтикалық хор капеллалары, жеке дауысқа, скрипкаға, қобызға, оркестр мен домбыраға арналған концерттерi сан әуендi саздылығымен тыңдаушысын баураумен келсе, ондаған спектакльдер мен кино­фильмдерге жазған музыкасы Қазақстан өнерiне қосылған асыл қазыналарға айналып та кеттi.

Сан қырлы бiртуар дарынды тұлғаның шығар­машылық еңбегiнiң ең ауқымды әрi ең жауапты кезеңi – опералары. Эпикалық жанрдың қазақ топырағында қалыптасуына, бiршама дамуына да сазгердiң зор үлес қосқанына оның төрт операсы куә.

Қазақтың ең тұңғыш комедиялық «Айсұлу» операсын дүниеге әкелген тағы да Сыдық екенiн атасақ та, композитордың көшбастау­шы ролiн және қайталайтынымыз хақ. Көп кешiкпей «Жұмбақ қыз» операсына кiрiсiп кеткен ол шығармашылықтың биiк белесiне қадам басқан болатын. Қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр кезеңi – Абылайхан тұсы – төл тарихымыздың алтынмен жазылар беттерi ғой. Адамзаттық тiрлiк керуенiнен бiржола көшiп, тауарихтан мәңгi өшiрiлiп қалар қауiп төнген қазақ халқын жер бетiнде аман сақтап қалған бiр адам – ұлы адам Абылай туралы сүбелi шығарма жазу Сәкең арманы ғана емес, ерлiгi де едi. Өйткенi алпысыншы жылдары Абылай туралы шығарма жазбақ түгiл, оның атын ауызға алуға да болмайтын-ды. Сол кездегi жиырманың iшiндегi студент маған «Сәкен Сейфуллиннiң «Көкшетау» поэмасының негiзiнде операның либреттосын жаз!» деп қолқа салуы тегiн емес те едi. Бiрiншiден, композитор ағамыз осы тақырыпты таңдап қалуымен екi ұлы адамға – Абылай хан мен Сәкен Сейфуллинге деген өзiнiң суреткерлiк парызын өтемек болса, екiншiден, осы жауапты тақырыпты өзiнiң жас iнiсi, жас әрiптесi маған жүктеуiн ағаның iнiнi баулуы деп те, үлкен жауапкершiлiктi бiрден сенiп тапсыруы арқылы ұлы мақсатқа талпынта жетелеуi деп те сезiнемiн бүгiн.

Бiр ғана дерек.

Осы операны үлкен комиссия­ға өткiзерде Сәкең екеумiздiң қатты қиналғанымыз бар. Өйткенi хор сөзiнде:
«Сақта, тәңiрiм, Абылайды.
Зарды Абылай танымайды.
Күлсе ол – күлер күллi әлем,
Ол – шат, жаудың жаны қайғы!
Сақта, тәңiрiм, Абылайды –
Ұлт жан ұлы Абылайды!» деген шумаққа сол кездегi Орталық партия комитетiнiң хатшысы: «Сақта, тәңiрiм, Абылайды!» деп сахна төрiнен аңырап тұрудың қажетi қанша!» деп операны қабылдатпай, касарысып отырып алған-ды. «Ханды сақта!» дейтiн бүгiнгi бiз емес, бұрынғы өз ортасы ғой!» – деп бұлтарта жауап берiп, спектакльдi әупiрiмдеп өткiзiп едiк. Сол опера бүгiнде ұлттық мәдениетiмiздiң озық дүниесiне айналды.

Либреттосын Ғабит Мүсiреповке жазғызып, «Ақан серi – Ақтоқты» операсын театр сахнасына шығарған Сәкең, жаңа бiр асудан асып, сол қарқынмен «Ақбаян» операсына кiрiсiп те кеткен-дi. Партитурасының соңғы нүктесiн қояр-қоймастан алып жүрек аяқ астынан соғуын тоқтатып, сұм ажал арамыздан ұлы суреткердi суырып алып кеттi ғой…

Сыдық Мұхамеджанов! Бұл есiм иесi ғажап суреткер ғана емес, үлкен қоғамдық қайраткер, мемлекеттiк тұлға да едi. Оның шығармашылық таланты мен ұйымдастырушылық қасиетi таразының қос табағын тең басып жататын. Сондықтан да ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Композиторлар одағын басқарған. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттiк филармониясы мен Абай атындағы қазақ опера және балет театрының директоры болған.

Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, кешегi КСРО Халық артисi Мұхамеджановтың елiне сiңiрген қыруар еңбегiн айтып тауысу қиын. Ал, осы КСРО Халық артисi дейтiн құрметтi атақты талай дүниенi бiрiншi боп берген, қазақ музыкасының көп жанрының ең алғашқы тұңғыш туындыларын дүниеге әкелген еңбекқор композитор жылпос, жағымпаз композиторлардың ең соңынан алып едi. Сол үлкен атаққа етi үйренбей, көзi қанықпай, қызығын көре алмай, хас суреткер атақ тиер-тиместен көз жұмып едi-ау!

Осы арада жарты дәндi жарып жеген аталарымыздың ауыз­бiршiлiгiне ұйымай, жiкшiлдiк, жершiлдiк, керек десеңiз рушылдық бөлшектенудiң жалғау-құрау тiзгiнiне жармасып алған сол кездегi ел басындағы, министрлiктегi кейбiр азаматтарымыздың қылығын бүгiнгiлер қайталамаса игi едi дегiм келедi.

Әрине, ұлы суреткерге тиiстi құрмет, дұрыс iлтипат, лайықты атақ-дәреже өз уағында келсе, Сыдық бәлки тым ертерек көз жұмбас па едi. Тағы да талай айтулы шығармалар тудырып, халқымызды одан сайын қуантар ма едi дейтiн өксiктi өкiнiштi айтпай тұра алмаймыз. Өйткенi қандай тарлан талантқа, тұлпар дарынға бақ керек емес, бап керек деу қиянат. Жоқтан бар жасайтын сұғанақ пысықтықтан аулақ болайық, масылдан асыл шығаратын ептiлiк пен епсектiктен таза болайық деудi – келешек өкiнiштердiң алдын алу үшiн қайталап отырмын.

Асыл… Шын асылды тот баспайды, уақыт ұмыттыра алмайды, қиянатқа иянаттауға жiбермейдi. Бiрақ шын асылды дер мезгiлiнде жарқырата бiлгенге не жетсiн! Сонда оның нұры кеуделерге сәуленi бұрынғыдан да мол түсiрер едi! Жанға жiгер, бойға қуат құяр едi! Асылымызды аялауды ұмытып барамыз-ау, ағайын!

Творчество адамы данадай көпшiл, баладай өкпешiл. «Қадiрлiм!» десе-ақ құлпырып шыға келедi… Бiрақ… бiрақ Сыдықты көзi тiрiсiнде бұрынғы Жезқазған, бүгiнгi Қарағанды облысының бiр де бiр басшысы өз жерлесi ретiнде бiлген де жоқ. Дарынымыз, қасиеттiмiз деп бағалаған да жоқ. Қошемет, құрмет көрсетпек түгiл, науқастанып жатқанда есендiк-саулығын да сұрамаған.

Тегiнде Оңтүстiк өңiрiмiздегi ағайындарға қара­ғанда, бiздiң терiскей облыс пен аудан азаматтары суықтау, жатбауырлау. Олардың «өлiнi сыйламай, тiрi байымайдыны» ескермей кетер кездерi көп. Әйтпесе жерлесi – Сыдық Мұхамеджанов атымен Қазақстандағы бiр елдiмекендi атаса, көптiк етер ме едi? Үкiметке, елбасыға iзденiп, Астананың, Алматының, Қарағандының бiр-бiр көшелерiне атын бергiзсе, тақиямызға тар келер ме едi? Тұрған үйiне неше жылдан берi ескерткiш тақта қойылса, кiмнiң көңiл күйi бұзылар едi? Шөп басып кеткен қабiрiнiң басына белгi қойып, ретке келтiрсе, елдiгiмiздiң қай сыны кемiр едi?! Әй… өкпенi халық атты көпке ғана айтпасақ әмiршiл топқа ешқашан оқпен де айдап жеткiзе алмаспыз.

Айтпақшы, Құдай жарылқағыр Маемировтің режиссерлығымен Сәкеңнің «Жұмбақ қыз» операсы жасанып, жарқылдап екінші рет Алматының Абай театрында сахнаға шықты.

Биыл Жамбыл атындағы филармония композитордың ұлы шығармаларынан құралған концертін беріп, сазгерді сағынып қалған көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.

Осындай жақсы, жарасымды қойылымдар Қарағанды қаласында да төбесін көрсетіп, С.Мұхамеджановтың шығармашылық қадір-қасиетін аша беруді бастап та кетті.

Ұзағынан сүйіндірсін дейміз де енді.

Софы СМАТАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button