Жаңалықтар

Дара дарын

1922 жылдың қаһарлы қысы. Ұлы Даланың киелі өңірі – қасиетті Қарқаралы топырағында шыр еткен періште үнді жас сәби дүниеге келген еді. Иә, қиял көзімен бәрін де көруге, басыңнан өтпеген жайтты шынайы сезінуге де болады. Әрине, сол түні қоңырқай ғана, момын ауылдың ақжарқын жандары: «Жаны аман қалды!», «Дүниеге сәби келді!», – деп естері шыға қуанып, бір-бірінен сүйінші сұрасып, қалжа жесісіп, мәре-сәре болғаны анық. Бірақ, сол ақпейіл жандар дәл сол сәтте «болашақ Алаш жұртының мақтанышы, қазақ сахна өнерінің жарық жұлдызының дүниеге келу сәтіне куә болып отырмыз» деп ойламаған да болар.

«Тіршілік нәрін сепкен күн, Дүние – жалын, дүние – от. Тіршілік бойдан кеткен күн, Сөнген, шала өшкен шоқ», – деп Сәкен Жүнісов айтқандай, бұл түн дүниеге тіршіліктің ерекше нәрін сепкен Қадір түніндей қасиетті түн еді. Өйткені, бұл сәт қазақ арулары мен небір алыптарды дүниеге әкелетін ұлттың алтын құрсақ аналарының көркем образдарынан тұтас галерея жасаған КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлағатты ұстаз, профессор Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың қаталдығы мен қызығы қатар жүретін «Дүние» деген әлемнің есігін ашқан түні болатын.

Табиғат ананың бұлжымайтын бір заңдылығына қайран қалмасқа амалың жоқ. Тарихта есімдері алтын әріппен жазылған небір алыптардың өмір жолын зерттеп-зерделей қарасақ, солардың дені өмірінің әйтеуір бір кезеңінде тағдырдың қатал сынына тап болып отырады. Сол аяусыз қатал сыннан омырылып сынып кетпей, қайта пісіп, шыңдалып, қайраттанып шығып ел бағы үшін елеулі істер тындырғанына көз жеткіземіз. Ғажап!

1931-1932 жылдардағы саналы түрде қолдан жасалған ашаршылық нәубеті, 1941-1945 жылдардағы жалпы халық басына келген қан-қасап қырғын. Міне, алты айға созылған Арқаның қаһарлы қысында дүниеге келген Шолпан Исабекқызының бойжетіп, еркеліктің дәмін татып, бұлаңдап өсер бұланай шағы осы жылдармен тұспа-тұс келіп тұрған жоқ па? Қас батырдың қолындағы қылышты ұсталар қып-қызыл шоққа балқытып алып, суға салып суармаушы ма еді? Біресе отқа, біресе суға түсіп, пісіп шыққан алмас қылыш қидаласып жатқан қиян-кескі ұрыста сыр бермеуші еді ғой.

Тағы бір мысал келтірсек артық болмас. «Апанда жатқан қасқыр бөлтіріктері көзін ашып, бауырын көтерісімен көп ұзатпай жақын жердегі таудан аққан тас-бұлаққа қинап түсіріп, мұздай судан шығармай ұзақ ұстайды екен. Анасының уыз сүтін сіміріп, апанда жатып өскен бөлтіріктің табанын май басып, ұзақ жортуылға шыдамсыз болып қалмауы үшін сөйтеді», – деген әңгімені кәнігі аңшылардың аузынан талай естіп едім. Сол сияқты тұлғалар тағдыры да табиғатпен үндестікте ғұмыр кешудің бір көрінісі болса керек. Ойлап отырсақ, басқаны айтпағанның өзінде үлбіреген қазақ аруларының жастық шағы сол бір зобалаң жылдармен бетпе-бет келуі өкінішті-ақ! Дегенмен, тағдыр сынына қасқая қарап, тектілік танытып, шыңдалып шығып, кейін ер-азаматқа бергісіз тұлғаға айналған аналарымыз бен апаларымыз аз ба? Міне, соның бірі – Шолпан апай да, тіпті, кез келген басқа мамандықты таңдаса да, елеулі тұлғаға айналары сөзсіз еді. Бірақ, ақбас тарихтың ұзына бойында ұлт руханиятына небір алыптарды тарту еткен туған жері Қарқаралының қасиетті топырағынан бойына сіңген бұла-талант Шолпан Жандарбековадай зерделі қызды өнер ауылы болмаса, басқа жаққа қия бастырсын ба? Міне, айтқанымыздай көп ұзамай-ақ тұла бойы тебіреніске булығып тұрған дарынды қыз, сол уақыттағы болашақ актерлар дайындайтын бірден бір оқу орны – Алматыдағы театр-көркем сурет училищесінен бірақ шықты.

Осылай өнер жолындағы алғашқы қадамынан бастап, саналы ғұмырында еткен еңбек, төккен тері жайлы өзінің үзеңгілес әріптестері, бізден бұрынырақ апай жасаған образдарды көзімен көрген азаматтар жеріне жеткізе айтып та, жазып та жүр. Дей тұрғанмен, әлемдік және ұлттық классикада жасаған іргелі образдарын айтпағанның өзінде, Шолпан апай қазақ өнері әлемінде Ақтоқты бейнесінде тарихта қалғаны көпшілікке мәлім. Біз өнер институтында оқып жатқан сары-ауыз балапан студенттер апайды осы егде тартқан шағындағы жасаған үлкен аналар образында және сабақ барысында, оқу орнында күнде көріп жүрсек те, бірақ ол кісінің жалынды жастық шағындағы ойнаған рольдерін тек үлкендердің аузынан ертегідей естуші едік.

«Ақтоқты бір мөлдір бұлақ,

Құяр жері кең дария.

Ақ төсінде құстар шулап,

Ақеркедей ән төресін салғандай.

Ән-ауруым, не тыңдамай, не қосылмай өте алман…», – деп Ақан бейнесіндегі ұлы Шәкен Айманов күңіренгенде:

«Сары белден сарғайып таң атқанда

Нәрестедей ойым таза кезінде

Ақаным деп оянармын қашанда…», – деп Ақтоқты бейнесіндегі Шолпан Жандарбекова егілгенде кеудесінде жаны бар адамның жұдырықтай жүрегі бір рет ыршып түспей қалмаушы еді-ау», – деген сөздерді Асқар Тоқпановтай алыптың аузынан естігенде бала қиялымызбен сол көріністі көзімізбен көріп отырғандай сезімге бөленуші едік.

Жалпы, Шолпан апайдың творчествосындағы көзге ұрып тұратын ерекшелік – ол ұлттық бояудың мейілінше қанықтығы. Ұлы Жаратушымыз жұмыр жердің үстіндегі ұлттар мен ұлыстарды бірін-бірі қайталамайтын, өзіне ғана тән ерекшеліктерімен жаратуының өзі тегін болмас. Дүние шіркіннің өзі әртүрлілігімен де күрделі әрі шырайлы емес пе? Осы тұрғыдан қарасақ Шолпан апай жасаған қазақ аруларының ішкі-сыртқы бейнесі ұлттық бояуының қанықтығымен бүгінгі аласапыран-жаһандану кезеңінде үкінің балапанындай қарындастарымыз бен қыздарымыздың, болашақ ұлт аналарының ішкі мазмұны қандай болуы керектігінің аналогы емес пе? «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп ұлы М.Әуезов осыны айтса керек. Ұлттық ерекшеліктерге басымдық беру – өркениеттен артта қалу емес. Олай болса, өзінің ұлттық дәстүрін, халықтық характерін, дүниетанымын, ойлау формасын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан жанкешті жапон халқының заманауи технологияда әлемде оқ бойы озық болуын қалай түсіндіреміз? Ендеше, біз қазақ сахна өнерінде Шолпан Исабекқызының творчествосындағы бағыт – нағыз заманауи бағыт.

«Жаратылысынан талантты адам әр істе де талантты», – десек, Шолпан апайдың ұстаздық еңбегі бір төбе. Ол кісіден тәлім алып, мектебінен өткен ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әлімбек Оразбеков, Болат Ыбыраевтар бастаған қаншама толқын-толқын шәкірттері бүгінгі күні еліміздің театр және кино өнерінде сүбелі еңбек етіп жүр. Бәрі де елге танымал, халықтың құрметіне бөленген өнер қайраткерлері. Солардың ішінде осы жолдардың авторының бірі – ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бижамал Кемалова да бар.

Ұлағатты ұстаз еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жатқан шәкірттерінің шығармашылығына, тіпті, тұрмыстық жағдайына өмірінің соңғы күндеріне дейін алаңдаумен болды. Өмірлік серігі, қазақ өнері алыптарының бірі Құрманбек Жандарбеков аға екеуінен тараған Ақтоқты, Аққозы, Ақбаяндардың есімдері де киелі өнермен тығыз байланысты.

Қызметте һәм күнделікті тірлікте лирикалық, романтикалық, поэтикалық, тіпті, кең тынысты эпикалық сезімдермен шалқып ғұмыр кешкендей көрінеді.

Әрине, мұндай баға жетпес байлықты Табиғат-Ана екінің біріне бермейді-ау.

Қысқасы, Шолпан Исабекқызының сахнадағы, кинодағы, ұстаздық жолындағы, тіпті, отбасындағы қарапайым өмірі де өнермен өрілген. Сондықтан, өнер деңгейінде ғұмыр кешкен дара дарынның тұлғасы уақыт өткен сайын зорая түспек.

Қайрат КЕМАЛОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Бижамал КЕМАЛОВА, ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button