Бас тақырып

“ДАМУ” ҚОРЫНЫҢ ДЕМЕУІ Облыстағы 772 жобаға субсидия беріледі

Кәсіпкерлікті қолдауда «Даму» қорының әлеуеті зор. Мәселен, биылғы жылдың тоғыз айында облыста 772 жобаға субсидия беру туралы келісімге қол қойылды. Несиенің жалпы сомасы 26,6 млрд. теңгені еңсерді. Аталған қаржы кәсіпорындар технологиясын жаңғыртуға, өндірістік қуатын күшейтуге елеулі екпін беретіні белгілі.

Қордың Қарағанды облыстық филиалы облыс орталығы аумағында ұйымдастырған баспасөз турында қызметі жанданған бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысудың сәті түсті.

"ДАМУ" ҚОРЫНЫҢ ДЕМЕУІ Облыстағы 772 жобаға субсидия беріледі

Бизнесті қолдаудағы ролі ерекше

Облыстық филиал директоры Әсет Тлемісов бизнесті қолдауда, кәсіпкерлік секторды ынталандыруда қор қызметі ерекше маңызға ие екеніне тоқталды.

– Биылғы тоғыз ай қорытындысында Қарағанды облысында несие сомасы 26,6 млрд. теңгені құрайтын 772 жобаны субсидиялау келісіміне қол қойылды. Олардың қатарында «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы бойынша 20,5 млрд. теңгеге – 736 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2,5 млрд. теңге сомасына – 8 жоба, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 3,4 млрд. теңгеге 28 жоба бар, – дейді Әсет Сағдатұлы.

Сонымен қатар, филиал директоры кепілдік жобалар саны артқанын атап өтті. Айтуынша, жыл басынан бері несие сомасы 16,2 млрд. теңгені құрайтын 720 жобаға кепілдік берілген. Мұнда «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында кепілдік көлемі 7,3 млрд. теңгені құрайтын 717 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 375 млн. теңге сомасына кепілдендірілген 3 жоба қамтылған.

Қор бизнеске бөлінген несие пайызының қомақты бөлігін субсидиялайды. Мәселен, банктен 19,5 пайызбен берілген несиенің 13,5 пайызын қор көтеріп алады. Кәсіпкер қалған 6 пайызын негізгі қарызбен бірге өтеуі тиіс.

Облыстағы кез келген бизнес нысаны қор қызметін пайдалана алады. Әсіресе, ауылдық жерлер мен моноқалалардағы кәсіпкерлерге артықшылық қарастырылған. Тек, банк көрсеткен, қор бекіткен талаптар үдесінен шықса болғаны.

Natige печенье де пісіреді

Тілшілер тобы алдымен Natige компаниясының өндірістік алаңына барды. Компания сүт өнімдерімен әйгілі. Бүгінде өндіріс аясын кеңейтіп, «Нәтиже тәтті» ЖШС-не қарасты фабрика жұмысын жолға қойды. Фабрика Kurabie брендімен печенье шығарады.

Жаңа кәсіпорын директоры Сәуле Жанкина жергілікті өнім отандық нарықтағы шетелдік тауарды алмастыруға сеп болатынын айтады.

– Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Қазақстан дүкендеріндегі тоқаш-печенье өнімінің 45 пайызы – шетелдік өндірушілерге тиесілі. Біздің өнім отандық үлесті ұлғайтуға ықпал етеді деген ойдамыз. «Даму» қоры арқылы 900 млн. теңге жеңілдетілген несие алдық. Қазіргі таңда өндірістің бірінші циклі жұмысын бастады. Тәулігіне 10 тонна печенье пісірілуде. Негізгі өндірістік қуаты – 20 тонна. Технологияны іске қосуда түрік әріптестеріміз көмек көрсетуде. Біздің мамандарды оқытып, үйретіп жатыр. Кәсіпорында 45 жұмыс орны ашылады, – дейді серіктестік директоры.

Фабриканың өндіріс алаңы – 1500 шаршы метр. Жобаға «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетілді. Еуропадан, Түркиядан жеткізілген заманауи, автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталды. Печеньенің 8 түрі пісіріледі. Шетелдік өнімге қарағанда бағасы да едәуір төмен болмақ. Фабрика өнімі қараша соңында Астана, Қарағанды дүкендеріне шығарылады.

Protec өніміне сұраныс зор

Пришахтинскіде орналасқан «Азия – СМ» ЖШС Protec сауда белгісімен көліктерге арналған салқындатқыш сұйықтықтар, яғни, антифриз өндіреді. Компания директоры Дмитрий Боровконың айтуынша, кәсіпорын өнімі халықаралық және салалық стандарттарға сәйкес келеді.

– Өндірісте әлемге әйгілі өндірушілердіңшикізаты пайдаланылады. Импорттық аналогтардан кем түспейтін өнім шығарамыз. Компанияда сынақ орталығы, дайын тауар мен шикізаттың сапасын тексеретін өндірістік зертхана бар. Protec салқындатқыштары қазақстандық көлік құрау зауыттарында, яғни, Hyundai, Kiа жеңіл көліктерінде, Yutong автобустарында, жүк көліктерінде қолданылады. Тау-кен және мұнай-газ секторы өнім сапасын жоғары бағалады. Біз ISO 9001:2015 сапа менеджменті жүйесін енгіздік, – дейді кәсіпорын басшысы.

Зауыт «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында өндіріс қуатын арттырды. 100 млн. теңге несиені субсидиялау және кепілдендіру механизмін қолданды. Сәйкесінше, жылына 2300 тонна өнім өндіріп келген компания алдағы жылдары 15 мың тонна тауарды ұсынбақ. Және 300-ге жуық жұмыс орны ашылуы тиіс. Қазіргі уақытта компания тауарын Қарағанды, Астана, Өскемен, Алматы, Павлодар қалалары мен Өзбекстан, Ресей Федерациясындағы өндіріс ошақтары тұтынып отыр.

Қазақстанда жоқ құбырды шығармақ

«Даму» арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген кәсіпорындардың бірі – КазПласт» ЖШС. Полиэтилен бұйымдарын өндіруге маманданған компания 2011 жылдан бері жұмыс жасайды. Компания директоры Александр Иванов жақын уақытта елімізде жоқ құбыр өндірісін іске қосатынын жеткізді.

– Компания диаметрі 125-500 см болатын гофрланған құбырлар, 67 түрлі полимер ыдыстар мен балалар ойын алаңдарын жасайды. Құбырлар «OPTIMA» сауда белгісіне ие. 2018 жылдың шілде айынан 500 және 1500 литрлік ыдыстарды шығаруды қолға алдық. Материалдары аязға төзімді. Сондай-ақ, «Даму» қорының қолдауы арқасында келесі жыл басынан диаметрі 1200 см-лік құбыр өндірісін бастаймыз. Қазір мұндай құбыр өндіретін зауыт елімізде жоқ. Сұраныс жоғары. Жаңа аудандар салынып жатыр. Жобаға 1,1 млрд. теңге жұмсалды. 2-3 жыл көлемінде ақталады деген жоспарымыз бар, – деді өз сөзінде Александр Сергеевич.

Зауыт өнімдері экструзия әдісі арқылы жасалады. Яғни, түйіршік түріндегі полипропилен балқытылып, қалыпқа түседі. Қалыпта формаға ие болады. Шикізат Оңтүстік Корея, БАӘ және Еуропа елдерінен жеткізіледі.

Жаңа өндіріс «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы», сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдік беруде қолдау тапты. Қазір зауытта елу шақты адам еңбек етеді. Жаңадан 30 адам жұмыспен қамтылады. Сәйкесінше, өндіріс қуаты бірнеше есе артып, 3 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін жетпек.

Аталған кәсіпкерлік нысандарындағы сапар барысында кәсіпкерлердің келешекке де ауқымды жоспар құрып отырғанына көз жеткіздік. Және бұл жоспарлар – «Даму» қорына тікелей қатысты. Бұған дейін филиал септесуімен мемлекетке арқа сүйеген бизнес өкілдері алдағы уақытта да жергілікті бөлімшенің көмегіне жүгінбек. Филиал басшылығы да аянып қалмайтынын жеткізді. «Қолдан келер бар көмекті көрсетеміз» дейді Әсет Тлемісов. Мемлекет пен бизнес арасындағы алтын көпірге айналған филиал қызметінің аймақтың әлеуметтікэкономикалық дамуына ықпалы зор екені сөзсіз.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button