«Даму» ашқан даңғыл жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық саясаттағы кәсіпкерлердің рөлін атай келе: «Экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші – шағын және орта кәсіпкерлік болуы тиіс», – деген болатын VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында. Сонымен қатар, Президент«Азамат – бизнес – мемлекет» үштағанын терең қайта құру арқылы бизнесті дамытуға жаңа серпін беруді тапсырды. Арнайы баспасөз турында мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі саясатын жүзеге асырып отырған, бизнеске, оның ішінде кәсібін жаңа ашқандарға мемлекеттік қолдауда өз үлесі бар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық бөлімшесі жұмысымен танысып, көмек алған мекемелерді көзбен көрудің сәті түсті.
– Қор құрылған кезден бастап, елде жалпы несие сомасы 11,4 трлн. теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес-жобаны қолдады. Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуына ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамтып, тауар импорты азая бастады,– деді аймақтық филиал директоры Әсет Тілемісов.
Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бері, облыста кәсіпкерлердің 356 млрд. теңге болатын 5974 жобасы субсидияланып, 3424 жоба «Даму» қорынан 48 млрд. теңгелік кепілдік алған.
– Ал, биылғы жылдың басынан бері 393 жоба 24 млрд.теңгеге субсидияланса, 349 жоба 5,3 млрд.теңгелік кепілдік алды, – дейді филиал директоры.
50 пайыз кепілдік
Баспасөз туры аясында «Altynarna Geosynthetic» ЖШС бас сұқтық. Кәсіпорын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша «Даму» қорынан несие сомасының 50%-ына кепілдік түрінде қолдау алды.
«Altynarna Geosynthetic» ЖШС – жоғары сапалы геосинтетикалық материалдарды өндіруге және жеткізуге маманданған жетекші компания. Геосинтетика – қоршаған ортаны қорғау, топырақтың геотехникалық қасиеттерін және инженерлік құрылымдардың беріктігін жақсарту үшін қолданылатын заманауи материал.
«Altynarna Geosynthetic» геомембрана шығарады. Бұл – гидрооқшаулау, ылғал мен химиялық заттардың енуіне жол бермеу үшін қолданылатын пластикалық полимерлі пленка. Геотекстиль болса, топырақты нығайту, суды сүзу және эрозияны болдырмау үшін қолданылатын материал. Ал геотор – топырақты нығайту, беткейлердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және топырақтың жылжуын болдырмау үшін қолданылады.
– Біз «Даму» қорымен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Субсидиялау мен кепілдік тетіктерін пайдаланып келеміз. Субсидияланған несие арқылы біз өзімізге керекті аппарттар сатып алдық. Біздің қарамағымызда бірнеше зауыт бар. Соның бірінде жаңа өнім шығару үшін техника жеткіздік. «Altynarna Geosynthetic» компаниясы тұтынушыларға халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы және сенімді геосинтетикалық материалдарды ұсынады. Сонымен қатар әртүрлі инженерлік және қоршаған ортаны қорғау жобалары үшін оңтайлы шешімдерді әзірлеуге көмектесу арқылы өз тұтынушыларына кеңес береді және техникалық қолдау көрсетеді, – дейді «Altynarna Geosynthetic» ЖШС құрылтайшысы Ренат Минхаиров.
Жеті пайыздық қолдау
Кепілдіктен бөлек «Даму» қоры кәсіпкерлерге несие алғанда пайызын жеңілдетіп қолдау көрсетеді. Биыл бұл – 7 пайыз. Баспасөз турында келесі барған ұйым – 2023 жылы «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру» бағдарламасы аясында «Кәсіпкер» жобасымен көмекке ие болған «Invictus Karaganda» ЖШС спорт клубы.
– «Invictus Karaganda» ЖШС – бұл үлкен спорттық нәтижелерді дамытуға және қол жеткізуге арналған алаң. Біз – 2023 жылдың ақпан айында ашылдық. «Даму» қорынан 50 млн. теңге субсидия алдық. Бұл қаражатты фитнеске арналған заттарға жұмсадық. Осы залдағы тренажерлердің біразы осы ақшаға алынды. «Invictus» атауы латын тілінен аударғанда «жеңілмейтін» дегенді білдіреді. Клуб спорттың әр саласында әртүрлі жаттығулар мен бағдарламаларды ұсынады. Әр спортшыға кәсіби қолдау көрсетеді, олардың жетістікке жетуіне атсалысады. Мұнда арнайы мамандар жұмыс істейді. Жиырмадан астам жаттықтырушымыз бар, – дейді «Invictus Karaganda» ЖШС басшысы Дмитрий Бердников.
Тур соңында «Даму» қоры мамандары Қарағанды кәсіпкерлері үшін жақсы жаңалықпен бөлісті. Қор облыстағы кәсіпкерлерді жеңіл несиемен қаржыландыру мақсатында «Кәсіпкер» атты өңірлік бағдарламаны іске қосқан. Жақында осы бағдарлама аясында «ЦентрКредитБанкке» 200 млн. теңге салынды. Ол қаржыны бағдарлама шарттары бойынша Қарағанды облысында бизнесін тіркеп, жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес өкілдері жеңілдетілген несие ретінде алады. Бір кәсіпкерге 50 млн. теңгеге дейін беріледі.
Несие – инвестиция, айналым қаражатын толықтыруға жұмсалуы тиіс. Несие мерзімі – 5 жылға дейін. Жылдық мөлшерлемесі – 7%.
Мұндай жеңіл несие алу үшін кәсіпкер экономиканың басымдық берілген салаларында қызмет етуі тиіс.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ