Руханият

Дала иісі аңқыған жырлар

«Қазақтың ғажайып сыршыл ақыны Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерін оқығанда халық әндерін тыңдап отырғандай күй кешесің» дейді Серік Ақсұңқарұлы. Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбайдың 65 жылдық мерейтойына орай «Жыр құсым» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Аталған іс-шараға мектеп оқушылары, колледж студенттері, кітапханашылар және басқа да қонақтар қатысты.

«Болашақ» колледжінің студенттері Мейраш Рамазан, Әділ Ахтамберлин, Ақтілек Бексары ақынның «Ай сынығы», «Жетім құлын», «Қарашамен қоштасу», «Рух» өлеңдерінен құралған шағын қойылымды шебер сомдады.

Ғалым Жайлыбай поэма жанрының дамуына ерекше үлес қосып жүрген эпикалық құлашы кең ақын. Әлем халықтарының 16 тіліне аударылған «Қара орамал» поэма-реквиемі «Қарағанды лагері», «Қарлаг» қақпасы», «Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі», «Қызжылаған», «Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы», «Мамочкина моласы», «Гармоншы. 1973», «Тас пен ас», «Қарлагтың» қара кітабы», «Қоңыртөбе», «Үш қағыс» атты тараулардан тұрады. Әр тарау жеке оқиғаға құрылған, бірін-бірі толықтырып, тұтас ұлттың қасіретін көрсетеді.

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі студенттері Альбина Рахман, Ақнұр Рахманова, Жансая Жанатова, Толқын Амантаева «Қара орамал» поэмасынан үзінділер оқып, көрініс қойды. Кешті ұйымдастырушылар тарапынан «Күршімнің қызы», «Толқиды Тобыл» сынды лирикалық туындылары оқылып, оқырманды бір серпілтті.

Ж.Тәшенев атындағы №54 орта мектептің өлеңге талаптанып жүрген жоғары сынып оқушылары Кәусар Алибекова мен Сабина Изтөлеуова өз туындыларын ақынның мерейтойына тарту етті.

Кештің басқа да қонақтары ақын шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі алатын орны туралы айтып, өлеңдерінің өміршеңдігін, табиғилығын тілге тиек етті.

Кеш соңында кітапхана оқырманы Бірлік Төлепбек Ғалым Жайлыбайдың сөзіне жазылған «Есіл ағады» әнін әуелете орындады.

Жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бақыт Қазбекқызы қатысушыларға алғыс білдіріп, кітапхана басшысының атынан Алғыс хаттарды табыстады. Әдеби-танымдық кешке қатысқан оқырмандар ақынның қазақылық пен сайын даланың иісі аңқыған өлеңдерінің ерекшелігін танып тарқасты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button