Жаңалықтар

“Дала академигі”: дара даңғыл

Баласы Сексен телефон шалып: «Ауылға барып қайтуға қалай қарайсыз?» дегенде, қуана-қуана келістім. Екі сағаттық жолда талай әңгіменің басын қайтардық. Негізінен әкесі туралы айтты. Шама келгенше шаруашылық жайын шиырладық. Сондағы айтқан бір сөзі әлі есімнен кетпейді. Ол мынау еді: «Келешекте қойшы «қызыл кітапқа» кіре ме, деп қорқамын». «Неге?» дедім, жұлып алғандай. «Білген адамға, қой бағудың өзі – өнер. Анау-мынау емес, ұлттық өнер! Атадан қалған кәсіп! Қазір қалай? Қалтасы қалың қазақ жер, қыстақ алады да, мал бағуға адам жалдайды. Сосын ол малда қандай күй қалады? «Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» дегеннің кері. Мал иесінің де, оны баққанның да көздегені – бақайесеп, бір сәттік пайда. Бұрынғының шопанын ай жарықта шырақ салып іздесең, таппайтын жағдайға жеттік».

ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫ

Саяси қуғын-сүргіннің сойылы жалындаған жиырма бес жасында оны да тапты. «Аңдыған жау алмай тынбайды» екен, бір жылға жетер-жетпесте «жапон тыңшысы» болып шыға келді. Бір жолғы ұсталған 56 адамның қуат-күші қайтпаған жиырма жетісін 10 жылға кесті (сол кезде «жұмысқа жарамдысы атылмасын» деген жасырын жарлық болған көрінеді – авт.), қалған кәрі-құртаңы мен денсаулығы дімкәсін Қарқаралыға апарып, атып тастады. Айтпақшы екеуі аман қалыпты. Кейін белгілі болғандай, олар – НКВД жансызы екен, камерада болған барлық әңгімені жеткізіп келген. Он жылдан соң елге оралған Зікең соның біреуін тауып алып, тілдеседі. Әлгіден біраз жайтқа қанығады…

Енді ресми құжатқа көз жүгіртейік, ол – 1992 жылы 29 маусымда Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасы берген анықтама: «1911 жылы туылған азамат Зікірия Көпбаев – Қарағанды облысы Қоңырат ауданының тумасы. 1937 жылы 8 желтоқсанда Қарағанды облыстық УНКВД үштігі РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 7-11 тармағы бойынша мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Жазасын СССР Ішкі істер министрлігінің бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтейтін мекемеде (Калинин облысы, Шимковский ауданы) 1937 жылғы 23 қарашадан 1947 жылғы 24 қарашаға дейін өтеген».

Тағдыр талқысына төтеп берген Зікірия он жылдық тозақтан аман-есен елге оралған соң, біраз жыл жүргізуші болып еңбек етті. Сосын қолына шопан таяғын ұстап, жарты ғасырға жуық қой бақты. Атағы ауыл-ауданнан асып, одаққа тарады. 1970 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің – күміс, 1973 жылы алтын медалін алды. 1971 жылы – Ленин, 1976 жылы «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталды.

Қазақстан Компартиясы ХV съезіне делегат болып қатысты. «КСРО ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» атағын алды. «Дала академигі» атанды. «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Елде жекешелендіру басталғанда алғашқы лекте «Бабатай» фермерлік шаруашылығын құрды. Ақсақалдың ерен еңбегі, толағай табысы туралы әр деңгейдегі мерзімдік басылым жарыса жазды. Тоқсан жылдығында «Ақтоғайдың ақиық ақсақалы» атты ғұмырнамалық кітап жарық көрді.

2001 жылы Елбасының жеке қабылдауында болу мүмкіндігі туды. Дегерес тұқымдас қой төңірегінде тереңнен толғаған ақсақалдан Нұрсұлтан Әбішұлы бұйымтайын сұрағанда: «Көзімнің тірісінде патшаның қолын алу – арманым еді, ол орындалды» деп, ақ батасын беріпті. Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы» деген кітабында Елбасының аузы дуалы ел ақсақалына қатысты айтқан жылы лебізі берілген.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен жарықтық: «Елбасына көмектесу керек!» деп отырады екен.

ДЕГЕРЕС – ТИІМДІ ТҰҚЫМ

Алдымен интернеттегі ашық Энциклопедияға (википедия) көз жүгіртейік: «Дегерес – биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы. 1930- 1980 ж.ж. Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді, құйрықты саулықты шропшир (Орталық-батыс Англияның Шропшир және Стаффорд графтығынан шыққан – авт.) және прекос (Французша «тез пісетін» деген мағынаны білдіреді. XIX ғасыр аяғында биязы жүнді және етті қой тұқымын будандастырудан алынған. Кейін Германияда жетілдіріліп, 1926-1931 ж.ж. КСРО-ға әкелінген – авт.) қошқарымен күрделі зауыттық будандастырудан шыққан. Жаңа тұқым ретінде 1980 ж. бекітілді. Дене бітімі шымыр, сүйегі берік, кеудесі кең, құйрығы орташа. Жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген, ұзақ жүруге төзімді. Қошқары тірідей – 100- 110 кг., саулығы 58-63 кг. салмақ тартады. Қошқардан – 6-7 кг., саулықтан 3-3,5 кг. жүн қырқылады».

Негізі дегерес қойы Қазақстанның Алматы облысындағы «Бақанас», Қарағанды облысындағы «Жәмші», тағы басқа асыл тұқымды қой шаруашылығында, Қазақ мал өсіру ғылыми-зерттеу институтының Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында өсірілді. Ал, Арқа жағында жерсіндіру 1960 жылдан басталды. «Жәмші» кеңшары 1982 жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» атанды. Осы жиырма жылдан астам уақытта ғалымдар мен жергілікті шаруашылық басшылары, шопандар қоян-қолтық еңбек етті. Ғылым докторы, академик Төлеухан Садықұлов жасы сексеннің сеңгіріне шыққанына қарамастан, жылына бір рет «Бабатай» шаруа қожалығына келіп кетеді.

Әңгіме орайы келіп тұрғанда осы шаруаның басы-қасында болған бірқатар адамның атын атап өткен артық болмас. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаров, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жақан Қошанов, «Жәмші» кеңшарының тізгінін он сегіз жыл ұстаған Қауаз Мұқажанов осы игі іске жұртшылықты жұмылдыра білді. Қойды жерсіндіруге студент кезінен қатысқан, кейін кеңшарда алты жыл бас зоотехник болған Жаңғабыл Қызылбаев, орта буын басшылар – Сүйіндік Аханов, Зәрузада Тәукеев, Атымтай Рахымберлин, Қами Аманбаев, шопандар – Базар Қияшев, Ақтай Рахымберлин, Ырым Жұмабеков, Сансызбай Майлыбаев уақытпен санаспай, тынымсыз тер төкті. Зікірия Көпбаев 1982 жылы 30 наурызда одақтық сала министрлігінен №3126 авторлық куәлік алып, есімі республикалық «Алтын Құрмет кітабына» жазылды.

Дегерес қойының тиімді тұқым екенін мынадан да көруге болады. 1986 жылы Зікірия Көпбаевтың отарынан Мәскеудегі КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне кеңшар атынан арнайы вагонмен апарған қошқар – 120, қой 80 кг. салмақ тартып, тиісінше 7,5 және 4 килодан жүн берген. Сөйтіп, ауылға көрменің Алтын медалі мен «Москвич-412» жеңіл автокөлігін алып қайтқан.

Қазір қалай? Тиімді тұқым табыс көзіне айналған ба? Бұл – басқа мақалаға желі болып тартылатын тақырып.

ҚҰТ ҚОНҒАН ҚЫСТАҚ

 Балқаш-Қарағанды тасжолымен жүз шақырымдай жүріп, оң жақтағы күрежолға түскенде Секең: «Енді қозыкөш жер жүрсек «Ақсай» көрінеді. Осы ауылдық округтің өзінде төртеуі бар. Біздікі – «Махамбеттің Ақсайы». Әке-шешеміз жарық дүние сыйлаған 11 баланың екеуінен басқасының кіндік қаны осында тамған. Үлкен үйдің тапжылмай отырғанына биыл – 60 жыл. Бұл – құт қонған қыстақ» деп, тың әңгіменің төбесін көрсетті. Алайда, айтып ауыз жиғанша, жетіп қалдық.

Секеңнің өз бетінше жүріп-тұруы қиын екенін, автокөліктен түскенде бір-ақ білдім. Менің таңданысымды сезіп қалды ма: «Ин сульттің әлегі ғой» деп жатыр. Төрт аяқты темір тіректің көмегімен қозғалады екен. Жол бойы өзі жөнінде тіс жармаған. Мен де әкесі туралы әңгіме тыңдауға пейіл танытқанмын. Кейін сұрастырып көрсем, жасы жетпіске жетіп қалған Секеңе де атакәсіптің қыр-сыры таңсық емес екен.

Саратов ауылшаруашылық институтына түсіп, үшінші курстан кейін Целиноград ауылшаруашылық институтына ауысып, агроном-экономист мамандығын алып шыққан ол аудандық деңгейде талай қызмет атқарыпты. Сосын бес жыл «Жәмші» кеңшарында шопан болған. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Компартиясы ХVІ съезіне делегат болып қатысқан. Өткен ғасырдың соңында «Шұбар ат» қыстағынан жер алып, «Орақ» шаруа қожалығын құрады. Он шақты жылдан кейін денсаулығы сыр береді. Бүгінде Балқаш қаласында тұрады.

Әкеден қалған «Бабатай» шаруа қожалығының қазіргі иесі інісі Исатай мен келіні Жанар. «Баяғының адамы сұңғыла келеді ғой. Біздің әкей де бірдеңе білген сияқты. Жетпіс жылдығында ақ таяғын тапсырғанда Исатай 8-сыныпта оқитын еді. Құдайға шүкір, әке сенімін ақтады, шаруашылығы көптен көш ілгері» дейді Секең. Біз барғанда Исатай бір тығыз шаруамен жол жүріп кеткен екен. Шайланып алғаннан кейін Секең: «Менің түрімді көріп тұрсың. Ет піскенше шаруашылықпен келіннің бауыры, құдабала Арман таныстырып келсін» деді.

Әрленуі қалада тұратын біздің пәтерден бір де кем емес, ішіне суға дейін кіргізілген ақшаңқан үйдің айналасы кішігірім гараж сияқты, техниканың түр-түрі тұр. Еңселі екі қораның төңірегі тап-тұйнақтай жиналған. «Шаруашылықта 400 қой, 100 жылқы, 80 сиыр, 20 түйе бар. Жылқы – қоста, қой мен сиыр – өрісте. Түйе ауылдың маңайында жүреді. Мал төлдегенде, жемшөп науқаны кезінде қаладағы туған-туыс, дос-жаран қол көмегін береді. Әрине, тегін емес, күздігі мен соғымы – бізден» дейді жолбасшым.

«Екі қораның қатарында салынып жатқан құрылыстың бір жағы – бордақылау алаңы, екінші жағы – қасапхана. Жаз шыға төбесін жауып, жабдығын орнатамыз. Қиындық қашанғы қанжығаласып қалмас дейсің, әлі-ақ малдың бар өнімін кәдеге жарататын күн туар» деді, сырттан кірген бізге.

Біз де: «Лайым солай болғай!» деп, тіледік.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button