Руханият

Құдайы қонақпен құт келер

Қонақжайлылық – қазақ халқының ұлттық болмысының бір сипаты. Келген қо­нақты құшақ жая қар­сы алу – адамдар арасындағы бір-біріне деген сыйластықты, құрметті, қам­қорлықты білдіретін кі­сінің адамгершілігі мен иман­дылығын айқындайтын қасиет. Ал, қонақтың да түр-түрі бар. Соның бірі – құдайы қонақ. Тас қаладағы көпқабатты үйде пәтердің темір есігін ішінен іліп, тіпті, көршімізді де дұрыс танымай жататынымыз рас. Ал, ауыл қазақтары ше, құдайы қонақты қабақ шытпай, қа­уіптенбей қарсы ала ма? Құ­дайы қонақтар азайып кеткен жоқ па? Бүгінгі сөзіміз осы туралы болмақ.

Сурет islam.kz

Қазақ осы…

Қазақ халқы ежелден қонақ десе, аяғынан тік тұрады. Олай болмағанда, «Қонағына астындағы жалғыз атын сойып берген», «Көршісінің қонағын қарызға алған» деген сынды тіркестер бізге жетпес еді.

Үй иесі бұрын танысын, танымасын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Жол жүріп кеп жатқан жолаушы ешкімге жалынбай, келген жерінен ескі таныс іздемей, ауылдың кез келген үйіне түсіп, қонақ болған. Қазақ «Қырықтың бірі – Қыдыр, Мыңның бірі – Уәли» дейді. Мұнысы «Қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді» деп есептеген. «Қонақты қуа берсең, құт қашады» деу де содан туындаса керек.

«Құдайы қонақ» деген кім?

Жолаушылап келе жатқан қазақ барар үйін, қонар жайын танысын, танымасын таңдап жатпайды, уақыты келгенде көңілі түскен үйге тіке барып түседі, түстенеді. Жайы келсе, түнеп аттанады. Танымаса танысады, жақындасып ағайындасады. Жанына жақын тартып, тұтасып, туысып, сыр­ласып, дос болып кетеді. Ал, танитын адам болса, емін-еркін әңгіме-дүкенін құрады, өткен-кеткенді айтысып, бір жасап қалады. Арнайы шақырмаған, Алланың бұйрығымен келген осындай қонақты қазақ «Құдайы қонақ» дейді.

Даладай дархан мінезді, кең құшақты қазақ үйіне келген адамды қуана қарсы алып, құрметтеп, сыбаға тартатыны белгілі. Кең дастарқан жайып, жөні болса, шамасы келсе, қойын сойып тастайды.

Әр ұлттың көнеден келе жат­қан мәдениеті, соған сай әр түрлі әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Қазақ халқының бойындағы кеңдік пен дархандық, жомарттық қасиеттер елден ерекше қонақжайлық дәстүрінен айқын көрінеді. Қонаққа лайықты құрмет көрсету, қабақ шытпай қарсы алып, үйіндегі барын дастарқанға қойып күту – ежелден қалыптасқан дәстүр. Бұл тұрғыда «Қонақты құдайындай күту» әр шаңырақтың парызы саналады.

Қазақ отбасында балалар жас­тайынан қонақжайлылыққа тәрбиеленеді. Өйткені, халық дәстүрі бойынша қонақасы берілген соң, қонақтан әңгіме сұрайды, өнері болса ән салғызып, күй тартқызады, ертегі, қиссалар айтқызады. Қонақ әңгімесіне балалар әрқашан құмар болады. «Адам болар бала қонаққа үйір» деп халық тегін айтпаған. Себебі, әр қонақтан естіген жаңалығын есінде сақтай білген жастың өмірді білуі, түсінігі кеңейіп, дүниеге көзқарасы қалыптасады. Көптеген нақыл сөздерді, пайдалы кеңестерді үйренумен бірге, жаманшылықтан жиренуге ден қояды. Олай болса, қонақжайлылықтың тәрбиелік мәні зор.

– Біздің ауылда Рымбай есімді кісі болды. Ол – көпті көрген, өте ақылды адам еді. Бір күні үйір жылқысы жоғалып, досымен бірге соны іздеуге шығады. Үш-төрт күн іздеп, әбден шаршаған соң, бір мал бағып отырған үйге келіп түседі. Үйде келін жалғыз отыр екен. Оқыстан келген құдайы қонаққа жақтырмаған кейіп танытып, қабақ шытып, дұрыстап тамағын бермейді. Қарындары әбден ашып, жолдан шаршаған олар біраз сабыр сақтайды. Сол кезде Рымбай келіннің қай ауылдың баласы екенін сұрастыра бастайды. Сөйтсе, әкесін жақсы танитын болып шығады. Келінге әкесі жайлы, адамгершілігінің жоғары екенін, екеуінің қалай араласқандарын айтады. Оған риза болған келін атына міне салып, жайылып жүрген малдың ішінен бір қойды атына өңгеріп әкеліп, сойып, дұрыстап қонақасын берген, – дейді Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ержан Сағынтаев.

Түйін

Әлемге қонақжайлылығымен танымал болған қазақ бүгіндері есік алдынан бөтен адам көрсе, шошитын халге жетті. Дала қазағы мен қала қазағы болып бөлінген заманда қонағын қарсы алу үрдісі де өзгерген.

– Құдайы қонақты күтуге жас­тар жағы қарсы болып жатады. Өйткені, олар бейтаныс адамға үрке қарайды. Еуропалық көзқараспен қарайтындары да бар. Оның үстіне, арнайы шақырылған қонақтың өзін күтуге қиналатын жастар бар. Ал, біз Қарқаралы ау­данында бір жылдай түсірілім жұмыстарымен жүрдік. Сонда қас қарайғанша аудан орталығына жетіп үлгермейміз кейде. Шаршап, кез келген ауылға, бөлімшеге, қыстаққа тоқтап, есік қағамыз. Барлығы күтіп, асымызды беріп, түнетіп шығарып салады. Амалсыздан барасың ғой. Мұны түсінген жөн. Қалаға жақын ауылдар аса құптамайды. Негізі жастардың құлағына құйып өсірген жөн. Өте керек қасиет, берері мол дәстүр, – дейді журналист Ерболат Ерболұлы.

Қонақ күту – халқымыздың ең жауапты ісі. Сонымен қатар, қазақ халқының қонақ күту дәстүрi ел-жұрт арасындағы iзгi қарым-қатынастарды нығайтуға, ағайын-туысқандардың, көршi-қолаңдардың алыс-берiсiне, үлкендi-кiшi болып сыйласуына, өскелең ұрпақты жастайынан көпшiл, мейiрiмдi, үлкендi құрметтеп, кiшiге қамқоршы болуды үйретуге өте зор ықпалын тигiзген. Жалпы, қазақтың қонақжайлығына қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер өте көп. Олардың біразы ұмыт қалды. Қонақжайлылық – қазаққа ғана тән ұлы қасиеттердің бірі. Сондықтан, оны жалғастыру қай заманның ұрпағы үшін де маңызды…

Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Әлішер СҮЛЕЙМЕНОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button