Дәуірден қалған із
Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық саябағының аумағынан ерте темір дәуірінен қалған тағы бір ескерткіш табылды. Мұнда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің археологтары қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар қорғандардың біріндегі тас үйіндісінің астынан қорғантас типтес кешенін тапты.
– Мұндай жерлеу түрі біздің облыста аз. Оның үстіне бейіт қирамаған. Архелогтар үшін бұл өте маңызды. Марқұмның арқасындағы қалып – ерте темір дәуірінің ескерткіштеріне тән. Талды тарихи-археологиялық саябағының аумағындағы қазба жұмыстары Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен жалғасады. Онда жұмыстар биыл да, келесі жылы да жүргізілетін болады, – деді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Талды алқабы – Орталық Қазақстан аумағындағы ежелгі өмір орталықтарының бірі. Талды тарихи-археологиялық саябағы темір дәуірінен орта ғасырға дейінгі көшпенділердің тарихын ашады. Оған түрлі дәуірлердегі 200-ге жуық ескерткіш кіреді. Олардың ішінде, Қаражартас қорымының құрамына кіретін далалық пирамида бар.
Мұнда археологиялық қазба жұмыстары әр маусымда жүргізіледі. Жаңа жаңалықтар ашылуда.
Археологтар ежелгі адамның сүйектерінен басқа ұсақ малдың үш бас сүйегін және қатты тотыққан темір бұйымдарын тапты.
Мұндай жерлеулер біздің дәуірге дейінгі IV-I ғасырларға жатады деген болжам жасалып отыр. Нақтысы зерттеуден кейін анықталады дейді мамандар.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»