Бас тақырып

Дәрігерсіз ауыл дәрменсіз күй кешіп тұр

Ауылдық елді мекендердің денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы, медициналық мекемелердің жоқтығы, ескірген инфрақұрылым сияқты мәселелер бары рас. Мұның салдары көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына тікелей әсер етеді. Яғни, ауылдарда тұратын облыстың 200 мыңнан астам тұрғыны жоғарыда аталған себептермен сапалы медициналық көмектен қағылып отыр деген сөз. Осы мәселе Қарағанды медицина университетінде Парламент Мәжілісі депутаттарының, тиісті ведомстволардың, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің, жергілікті атқарушы органдарының, медициналық білім беру мекемелері өкілдерінің қатысуымен өткен бейнеконференцияда кеңінен талқыланды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

– Биыл аймақтың денсаулық сақтау саласының бюджеті 170 млрд. теңгеден асты. Облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 92 нысанның құрылысына 21,3 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, 13 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу үшін 2,5 млрд. теңге қарастырылған, – деді шара модераторы, облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.

Бұдан бөлек, Ермек Амантайұлы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін 290 млн. теңгеден астам қаражат бөлінгенін де атап өтті.

– Ауылдық елді мекендерге жұмысқа баратын мамандар үшін алғаш рет жергілікті бюджеттен 291 млн. теңге бөлінді. Бұл мамандарды әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. Күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бастысы – маман тапшылығы, – деді Ермек Алпысов.

– Ауылдарды дәрігерлермен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға шаққанда 15,8%-ды құрайды, орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету – 62,5%. Тапшылық бар. Осы мәселені шешу үшін биыл алғаш рет ауылдық елді мекендерге баратын медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау тетігі енгізілді. Оларға 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде, анағұрлым сұранысқа ие мамандар – жалпы практика дәрігерлері, терапевттер, акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар мен педиатрлар 5 млн. теңгеден алды. Бейінді мамандар – 3 млн. теңгеден, акушерлер мен фармацевтер – 1,5 млн. теңгеден қосымша көмек алды, – деп атап өтті облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Осы шараның арқасында ауылдық ауруханаларға 47 маман жұмысқа барған.

– Дегенмен, медбикелердің, фельд­шерлердің және акушерлердің тапшы­лығы әлі де толық шешілген жоқ. Тапшы­лық 56 штаттық бірлікті құрайды, – деді Бибігүл Райханқызы.

Жас мамандар ауылдарға баспананың жоқтығынан бармайды. Сондықтан, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету – басты қолдау түрі. Бибігүл Төлегенова сөзінде аудандарда дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету үшін ғимараттар жөнделіп жатқанын атап өтті.

– Биыл жас мамандарға Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында 34 пәтер берілді, – дейді Бибігүл Төлегенова. – Дәрігерлердің үйлерін жөндеу Бұқар жырау ауданының Доскей кентінде, Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында жалғасуда. Келесі жылы Нұра ауданындағы дәрігерлер үйін қайта құру үшін күрделі жөндеу жоспарланған.

Басқарма басшысы дәрігерлер тапшылығын шешу үшін медициналық білім беретін мекемелермен жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты.

– Бұл мәселеде кадрлық саясат жүргізілуде. Бүгінде бір-екі ауданның әкімдіктері өз қаражаттарына бакалавриат дайындауда. Дуальді білім беру қолға алынған, – деп атап өтті Бибігүл Райханқызы.

Осы ретте Ермек Алпысов аймақта былтырдан бері мектептерде медициналық сыныптар ашылғанын жиналғандарға жеткізді. «Медицинаға қадам» жобасы аясында 18 мектеппен келісім жасалған.

Сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов ауылдарда медицина мамандары ғана емес, барлық сала мамандарының тапшылығы бар екенін айтты.

– Соңғы жылдары Қазақстанда 1,5 мыңға жуық ауыл жабылды. Қазірде 6 мыңнан астам ауыл бар. Оның 30%-ының болашағы бұлыңғыр. Ата-аналар сапалы білім іздеп, аудан, қалаларға көшіп жатыр. Медицина мамандарын тек елдегі 7 жоғары медициналық оқу орны ғана емес барлық жоғары оқу орындарында даярлау мүмкіндігін қарастыру керек. Биыл 75 мың грант бөлінді. Келер жылы оны 93 мыңға жеткіземіз деп отыр. Бір грантқа екі баладан келеді. Осы арқылы «білім сапасын түсіріп алған жоқпыз ба?» соған мән берейік. Оқымаған бала да 60 балмен грантқа түседі, дайындалып 120 балл жинаған бала да грант иегері атанады. Медицина мамандары үшін грантты облыстардың өзіне берілсін деген ұсынысым бар. Оқимын деген балаға аудан басшылығы ақша құюы керек. Кейін ата-ана, аудан әкімдігі мен университет арасында үшжақты келісім жасалсын. Грант қаражаты министрліктен берілді ме, әлде жергілікті жерден берілді ме, бәрібір. Ол – мемлекеттің қаражаты. Бастысы, грант лайықты иесін тапсын, – дейді Ерболат Саурықов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Таңсәрі Серіков болса, ауылда мамандарға жағдай жасалмаса, оларды ұстап қала алмаймыз деген пікір білдірді.

Басқосуда Денсаулық сақтау министрлігінің С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми орталығы денсаулық сақтаудың кадр ресурстары ұлттық обсерваториясының басшысы Ольга Демушкан баяндама жасап, бірқатар мәселелерді ортаға салды. Одан бөлек, аймақтағы медициналық білім беру мекемелерінің басшылары сөз сөйледі.

– «Ауылдық квота» санаты бойынша дәрігерлер мен орта медицина мамандарын даярлау үшін тапсырысты ұлғайту, аймақтың қажеттілігіне қарай мемлекеттік білім беру гранттарын өңірлік бөлу мәселесін қарастыру. Ауылдарда адам санына қарамастан, олардағы медицина нысандарын қаржыландыру жүйесін өзгерту мәселесін қарастыру да маңызды. Жаңа айтылғандай, қалаларға қарағанда ауылдардағы медицина мекемесінің шығыны анағұрлым артық. Сонымен қатар, ауылдардағы медицина нысандарын жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосу сияқты мәселелерді шешуде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс білдіреміз, – деді шараны қорытындылаған Ермек Алпысов.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button