Ресми

Дәрігер тапшылығы жойылмай тұр

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат отырысы медицинаға арналды. Нақтыласақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін жақсарту жайы талқыланды. Қолға алынған шаралар сөз болды. Оның ішінде, аймақ басшысы дәрігерлер тапшылығына баса назар аударды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, облыс бойынша 85 учаскелік дәрігерге қажеттілік бар.

– 29 педиатр, 32 жалпы тәжірибелік дәрігер және 24 терапевт жетіспейді. Жағдайды 42 жалпы тәжірибелік дәрігердің резидентураға түсуі бұл тапшылықты арттырды. Қалаларда дәрігерлердің жетіспеушілігі қандай да бір шешімін тапқанымен, ауылдық жерлерде мәселе сол күйі тұр. Бүгінгі таңда учаскелік дәрігерлермен жасақталу 89,4% көлемінде. Негізінен терапевт, педиатр және жалпы тәжірибе дәрігері қажет, – деді Бибігүл Райханқызы.

Бұл мәселені шешу үшін облыста бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қалалар мен моноқалалардағы кадр тапшылығы Қарағанды медицина университетінің резиденттері есебінен толықтырылады. Резидентурада оқи жүріп, дәрігер ретінде жұмысқа орналаса алады. Ауылдық жерлерде және аудандық маңызы бар қалаларда жұмысқа орналасуға шешім қабылдаған медициналық және фармацевтика саласының жас мамандары үшін биыл алғаш рет қомақты қолдау шарасы қолға алынғаны мәлім.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық кадрларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен, акушер-гинекологтар, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар 5 миллион теңге мөлшерінде көтерме ақы алады, кардиологтар, хирургтар мен невропатологтар, офтальмологтар – 3 миллион, акушерлер, фармацевтер – 1,5 миллион теңге алады. Мамандығы бойынша үш жылға дейін нақты жұмыс өтілі бар жас маман немесе шақырылған қызметкер әлеуметтік қолдау алуға құқылы, – деді ведомство басшысы.

Басқарма басшысының баяндамасынан мәлім болғандай, аймақта алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 37 медициналық мекеме бар. Оның 22-сі мемлекеттік болса, қалған 15-і – жекеменшік. Бұлар – науқастардың бірінші баратын жері. Аудандар мен ауылдық жерлердегі медициналық мекемелер де осы санатқа жатады.

– Медициналық қызметтің шалғайдағы елді мекендердегі қолжетімділігіне тоқталатын болсақ, бұл мақсатта 7 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Олар биыл 28 мың адамды, оның ішінде 9 мыңнан астам баланы тексерді. Тексеріс кезінде анықталған науқастар диспансерлік есепке алынды. Бұрын жылжымалы кешендер мамырдан қыркүйекке дейін жұмыс істейтін. Биыл олардың жұмысы сәуірде басталып, қарашаның соңына қарай аяқталады. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарын барынша қамтуға мүмкіндік береді, – деді Бибігүл Райханқызы.

Бұдан бөлек, ол облыс тұрғындарын тегін дәрі-дәрмекпен қамту үшін республикалық бюджеттен 12,6 млрд. теңге бөлінгенін де атап өтті.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат арқылы орфанды аурулармен ауыратын 708 науқас қажетті препараттармен қамтамасыз етілді. Бұл үшін 1млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. «Қазақстан халқына» қоры да 1,4 млрд. теңге көлемінде 26 орфанды науқасты өмірлік маңызы бар дәрілермен қамтамасыз етті.

Облыста бүгінде барлығы 12 870 медицина қызметкері еңбек етуде. Оның 4 076-сы дәрігерлер, 9 мыңға жуығы – орта медициналық қызметкер. Мұның ішінде, 350 дәрігер мен 1500-нан астам орта медициналық қызметкер ауылдық жерлерде еңбек етуде. Маман тапшылығына қарамастан, медициналық инфрақұрылым айтарлықтай дамуда.

– Соңғы бес жылда облыста 14 жаңа жекеменшік медициналық ұйым пайда болды, – деді Бибігүл Төлегенова. – Нәтижесінде медициналық мекемелерге жүктеме төмендеді. Мәселен, бұрын бір емханаға 40-45 учаске тіркелген болса, қазір бұл көрсеткіш орта есеппен 12-16-ға дейін төмендеді. 20 минуттағы қолжетімділік шарттары сақталады, кезек күту сияқты мәселелер шешімін табуда.

Бұдан бөлек, жыл сайын жергілікті бюджеттен резидентурада мамандар даярлауға қаржы бөлінеді. Шәкіртақы да беріледі. Бұл іске медициналық мекемелер де белсенді араласады. Себебі, олар өздеріне келетін маманға мүдделі.

Бибігүл Төлегенова атап өткендей, емханаларды бөлшектеу жалғасуда. Қарағандыда Оңтүстік-Шығыста «Панель­-Центр» шағынауданында емхана құрылысы басталды. Тамыз айында Қарағандының №2 көпсалалы ауруханасының базасында қан айналымы жүйелерінің үйлестіру-диагностикалық орталығы ашылды. Сондай-ақ, кеншілер астанасында аутоиммунды аурулардың консультациялық-диагностикалық орталығы, қант диабеті және метаболизм орталықтарын, тыныс алу органдарының ауруларын пайдалануға беру жоспарлануда. Қараша айында томотерапия орталығы іске қосылады.

Аймақ басшысы баяндамашыдан кадр мәселесін қалай шешетінін сұрады. Бибігүл Төлегенованың айтуынша, Қарағанды медицина университетіне оқуға түскен басқа аймақтардың студенттері оқу бітіргеннен кейін өз өңірлеріне кетіп қалады. Оның ойынша, басымдықты өңірдің жастарына беру керек. Мәселен, былтырдан бері жалпы білім беретін мектептерде мамандандырылған медициналық сыныптар жұмыс істеп жатыр. Қазір ондай 16 сынып бар. Оларда оқыған 600 оқушының 120-дан астамы биылғы оқу жылында медицина саласы бойынша оқуға түсті. Алайда, биылғы түлек маман болып жұмысқа кіріскенше біршама жыл өтетіні белгілі.

Бұл ретте аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасы басшылығын ескертпестен емханаларды тексере бастайтынын ескертті. Қызмет көрсету сапасын өз көзімен көріп, бағалауды мақсат еткенін жеткізді.

– Мен Балқашқа жұмыс сапарымен бардым. Жаңа емханаға кірдім. Қазірдің өзінде шағымдар бар. Адамдар дәрігерлерге кіру үшін ұзын сонар кезекте тұратынына наразы. Бұл халық үшін үлкен қолайсыздық тудыруда. Сондықтан, өзім тексеретін боламын. Мен қазірдің өзінде бұл істі бастап кеттім, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кеңесті қорытындылаған ол денсаулық сақтау басқармасына кадр тапшылығын жоюдың нақты жоспарын әзірлеуді, ал қалалар мен аудандардың әкімдеріне медициналық инфрақұрылымды дамытуға белсенді атсалысуды тапсырды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button