Руханият

Дүниеге жар салған дауылпаз

    «Қарағанды Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ қадіріне қашан жетеді?» деуші едік. Биыл байқасақ, олай «ойбай, аттанға» баса беруге де болмайды екен. Бірен-саран олқылықтарды айтпағанда, облысымызда ақынның 105 жылдығы атаусыз қалған жоқ. Дауылпазға арналған әдеби поэзиялық кештің бірі жақында Қарағанды көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжінде өтті.

Күзде ақын құрметіне облыстық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылса, одан кейін қалалық кітапханаларда, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, тіпті, ауыл мектептерінде Қасым Аманжоловтың 105 жылдығына қатысты әдеби шаралар өткені газетімізде жарияланған. Қасымдарын жаттап, жасын жанын бойына сіңіріп өссе – ұрпақ бүгінгіден де биіктей түсеріне мен кепіл. «Мен – қазақтың баласы» деп дүниеге жар салды ол. Соғыс жылдарында қасиетті қазақ поэзия­сының босағадағы алтын басын төрге шығарған Қасым өлеңдерінде бұлқынып азаттық, жұлқынып шындық, құлпырып бояуы қанық сурет сөйлеп тұрады. Оны санаға тұтып өскен жастың рухани көкжиегі тар болмауы тиіс. Еңсесі түспеу керек. Жаттау бар да, түсініп, бойға сіңіру – басқа әңгіме. Осы тұрғыдан келгенде, колледж студенттері мен мектеп оқушыларының талпынысы көңіл қуантарлық. Жақсылыққа жаны құштар жастар жоқ емес. Тәрбие, бағыт-бағдар бере алатын үлкендер болса. Шиыршық атқан Қасым өлеңдерін, оған арналған белгілі ақындардың жыр шумақтарын мәнерлеп жатқа оқығанда, еріксіз қол соқтырады. Кейбіреулері, тіпті, таңдай қақтырады. Көздерінде от ойнаған ондай жастарды көргенде, қуанасың. Қасым жырларын жатқа оқитын жастардың бір парасы Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжде де бар екен. Колледж студенттерімен қатар, жас ақын, «Құмдауыт» жыр жинағының авторы Жәлел Шалқар Қасымға арнаған өлеңін оқыды.

Әуел басында шараның шымылдығы түрілген соң, ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Қасымның әндерінің өзі неге тұрады?! Бүгінгінің мінезсіз былдыр-батпақтарымен мүлде салыстыруға келмейді. Асқақ сезімнің белгісіндей «Ақ сәуле» шырқалды. «Ақ сәуле аспанда аймен таласасың, Төгіліп иығыңа қара шашың» деген жолдар ән иірімдерімен қабысқанда тіптен керемет күйге бөледі.

Оқу жылының басында колледж тарапынан мектеп оқушылары арасында «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде…» атты эссе сайысы жарияланыпты. Қорытындысы осы салтанатты кеште мәлім болды. Шығарма, эссе жазып қатысқан балаларға Алғыс хаттар табысталды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button