Жаңалықтар

“Дөңгелек сандардың” деректері

Өзінің өткен күндерінің шежіресін қастерлейтін әрбір басылым мерейтойларымен қатар «дөңгелек» цифрларға аяқталатын сандарына маңыз беріп, жылдар бедеріндегі белестеріне бір көз салады. Бүгін Қарағанды баспасөзінің қарашаңырағы – «Орталық Қазақстан» газетінің 23 мыңыншы саны оқырман қолына тиіп отыр. Оған маңыз беріп отырған себебіміз – жақында ғана газетіміз тоқсанға толып, облыс жұртшылығы өкілдерінің Абыз басылымға жолдап отырған жүрекжарды құттықтаулары әлі толас табар емес. Осыған орай тоқсан жылдық тарихында газетімізді шығарып келген аға ұрпақ өкілдері басылымның қайсыбір «дөңгелек сандарын» қалай атап өткендігінен деректер келтірсек деп едік.

Өкінішке орай, қалалық «Қарағанды пролетариаты» газетінің (1931-38 жылдары газетіміз осы атаумен жарық көріп отырған) 1935 жылғы 30 тамыздағы саны қолымызға тимеді. Біздің есептеуіміз бойынша алғашқы мыңыншы саны осы күні шығуы тиіс еді. Ұлттық кітапханада ғана сақталып отырған жалғыз тігіндіде ол жоқ болып шықты да газеттің бұл саны «кітапхана қорында жоқ» деген ресми жауап алдық. Әйтпесе аяулы редакторымыз Сейілбек Үсенов (ол кісі 37-нің қанды қасабында атылып кетті) бастаған азаматтар бұл оқиғаны елеусіз қалдырмауы тиіс еді.

Қарағанды қаласы 1936 жылдың қыркүйегінде облыс орталығы мәртебесіне ие болғаннан кейін сол кезде қалыптасқан тәртіпке байланысты ма екен, 13 қыркүйектен бастап оның реттік саны қайрадан басталады (қалалық газеттің 1915 саны жарық көрген екен), бірақ газеттің атауы біразға дейін сақталып қалады. Тек 1938 жылғы 18 қаңтардан ол «Советтік Қарағанды» деген атпен шыға бастайды. Газет аптасына алты рет басылып, орта есеппен жылына 300- ден астам саны жарық көріп тұрған. Сонымен, есептелуі қайра басталған облыстық газеттің 1000-саны 1939 жылдың 29 желтоқсанында жарияланады. «Бүгін газетіміздің 1000 нөмірі шығып отыр. Бұл газеттің жүздеген тілшілері мен сан мыңдаған оқушы армиясы үшін салтанатты мерекелі күн» деген кіріспе беріліп, арнайы бет ұйымдастырылған. Онда халық ақыны Доскейдің құттықтауы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы С.Құланбаевтың мақаласы жарияланған. Осы жолдар авторы ертеректе жазып алған бұл деректерге басқа қосарымыз жоқ болып отыр, өйткені Ұлттық кітапхана қызметкерлері газеттің бұл саны да «кітапхана қорында жоқ» деген жауабынан жазбады.

Бұдан кейін газет өзінің 5000-шы нөмірін 1951 жылғы 20 мамырда жарыққа шығарады. Бірақ, айтулы оқиға ретінде атап өтілмейді. Сондай-ақ 10 мыңыншы саны да атаусыз қала жаздайды. Өйткені 1968 жылы екі облыстық газет редакциясының ұсынысы бойынша облыстық партия комитетінің қаулысымен «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің нөмірленуі ретке келтіріледі де сол жылғы 10 сәуірден бастап газетке 1931-1936 жылдарғы қалалық «Қарағанды пролетариаты» газетінің сандары қосылады, сөйтіп жалпы нөмірленуі 9 сәуірдегі 9467-ден 10 сәуірде 10074- ке бірақ «секірді». Бірақ Қазақстан КП облыстық комитеті мен облыстық атқару комитеті газетті 10 мыңыншы санымен құттықтап, бір топ қызметкерді Құрмет грамотасымен наградтайды («Сексен жыл халықпен бірге», Қарағанды, 2011 жыл, 16 бет).

Газеттің 15 мыңыншы саны редактор Тілеухан Жүсіповтың тұсында 1984 жылдың 21 наурызында жарық көрді. Қандай күн екеніне назар аударыңызшы! Жаңа заман болғанда Наурыз мейрамымен ұштастырып, бірге тойлап, біраз жерге барып қалар едік. Бірақ, не керек, ол кезде Наурызды тойлау түгілі аты да аталмайтын. Газет қызметкерлері мерекелік нөмір шығарып, естеліктер жариялап, естелік суретке түсіпті. Журналист Қ.Сұлтановтың «Бір суреттің тарихы» деген мақаласында 1967 жылы 27 қарашада жерлес жазушы Ғ.Мұстафиннің алғашқы редакторларымыз Б.Мәзитов, Ж.Орманбаевпен бірге түскен фотосуреті төңірегінде әңгіме өрбітеді.

2006 жылдың 15 сәуірінде, газет үшін мерекелі жылы газеттің 20 мыңыншы саны шықты. Аяулы редакторымыз Мағауия Сембаевтың басшылығымен, полиграфия өндірісінің сол кездегі ең соны жетістігін пайдалана отырып, түрлі-түсті мерекелік нөмір шығардық. Тұңғыш редакторымыз Бәри Мәзитов туралы осы жолдар авторының мақаласы, ардагер журналист А.Темірбаевтың естелігі және газет тарихына қатысты басқа да көптеген материалдар жариялаппыз. Газет тарихынан көрме ұйымдастырғанбыз. Бұл сол жылы мерейлі 75 жылдығын атап өткелі отырған газеттің алдағы торқалы тойына дайындық сияқты болуымен ерекшеленді. Мерекелік санымызға байланысты сол кездегі облыс әкімі, қазіргі Мәжіліс спикері Н.Нығматулин мырза редакцияға арнайы келіп құттықтады, көрмемізді аралады, сол жолы естелік суреттерге түскенбіз. Соның бірі газеттің 90 жылдығына арналған мерекелік санының 1-бетінде жарияланды.

Енді, міне газеттің 23. 000-ыншы саны қолға тиіп отыр. Аса бір үлкен мереке емес шығар. Дегенмен, басылымның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жанкешті журналистер қауымы үшін елеулі оқиға. Қарашаңырақтың мерейі үстем болып, абырой-даңқы арта берсін!

Аман ЖАНҒОЖИН, ардагер журналист.

Басқа материалдар

Back to top button