Чернобыль апаты ұмытылмайды

1986 жылы 26 сəуірде Украина мемлекетіндегі Чернобыль ауданынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан №4 атом энергоблогы жарылған еді. Бір сөзбен айтқанда, бұл «техногенді апат» тарихта қалды. Чернобыль ауданында төрт энергоблок орналасқан болатын. Бір энергоблоктың салдарынан, қалған үш атом энергоблогының жұмысы тоқтады.

Қазақтың кең-байтақ жерінде Ресей, Украинадағыдай биік таулар, ну ормандар жоқ. Есесіне ұлан-ғайыр даламызда, күн шуағы, табиғаттың желінен де электр қуатын өндіре беруге боларлықтай.

Бүгінде ресми билік тарабы «атом электрстансасын саламыз» деген секілді ақпарат таратуда. Бұл орайда асықпай зерделеп көрген абзал. Мəселен, Чернобыльдағы төрт атом электрстансасының генераторларын «Припять» деген үлкен өзен тегеурінді ағысымен суытып тұрды. Қазақстанда керісінше мұндай мол су қоры жоқтың қасы. Ал, атом энергостансасы керек деп пайымдалық. Сонда мемлекет мұндай стансалардың қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма? Еске түсірген болсақ, Чернобыль ауданында орналасқан төртінші энергоблоктың ғұмыры 15-ақ жыл жұмыс істеді. 1971 жылы салынып, 1986 жылғы апаттан сандаған адам зардап шекті. Бұл жарылыс Украина, Белоруссия, Прибалтика сынды көршілес мемлекеттерге де зиянын тигізді. Қараша жұрт əп-сəтте үй-жайынан айырылды. Атамекенін тастап, өзге жаққа қоныс аударуына тура келді. Көпшілігі өмір бойы жиған-тергенінен жұрдай болды.

Зардап шеккендерге Украина мемлекеті қауіпсіз аймақтан Славутич деген жаңа қала салып беріп қоныстандырды.

Түйіндей келгенде, Қазақстан атом стансасын салатын болса, тұтас елдің қауіпсіздігіне ешбір ресми мекеме жауап бермейді. Əрі атом апатын туған жерімізде көргісі келіп жүрген ешкім жоқ тəрізді.

Тағы бір мысал, 2020 жылы «Covid-19» деген «жұмбақ» аурудың қай жақтан қалай келгендігін де тап басып ешкім айта алмайды. Бəлкім, бұл қолдан жасалған геноцид па екен?! Миллиондаған жан ешбір қантөгіссіз өмірден жантəсілім етті. Ешкім ештеңе түсінбеді. Түсіне алмай да жүр.

Чернобыль апатынан соң зардапты залалсыздандыруға барған азаматтардың өмірі ұзаққа созылмады. Салдарынан бала-шағасы жетім, əйелдері жесір қалды. Мұндай апатты өз көзімен көргендер терең сезінеді. Былайғы бұқара жұрт тарихтағы бұл апаттың мəн-маңызын түсіне бермейді. Көзіңізге елестетіп көрсеңіз, сол жерде болғандардың 98 пайызы дүниеден озса, қалғандары мүгедек қалпында тіршілік етуде.

Əр жыл сайын осы бір азабы ауыр апатты бір мəрте еске алып, күрсінеміз де қоямыз. Өткенге салауат, келешекке кемел сенім. Азаматтарымыз аман болсын! Біздің мұрат – тек сақтандыру басалқысы ғана.

М.БАЕКЕНОВ,

«Қарағанды облыстық
«Чернобыльдің аса қауіпті аймағында болған мүгедектер мен ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестік төрағасы,
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрінің «Ерлігі үшін» медалінің иегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.