Басты тақырыпТарих

Cәбит Мұқанов және басқалар Сталиннің қабылдауында болған

Ресей тарихында, тіпті әлемдік тарихта Сталиннің ролі туралы тиянақты көзқарас әлі қалыптасып болған жоқ. Ресейдің өзінде қоғамдық пікір екіге жарылған. Біреулер үшін ол миллиондаған жазықсыз адамдарды қырып-жойған қанішер, екінші біреулер үшін Ресейді мемлекет ретінде жер бетінде аман сақтап қалу үшін туған, орыс ұлтының «ұлылығына» табынып откен жанкешті қайраткер.

Ал, осы жолдардың авторы мен үшін, КПСС қатарында 30 жыл болған бұрынғы коммунист, қазақ тарихын, Ресей тарихын, әлем тарихын, мәдениеті мен әдебиетін бір кісідей білетін, жетпіс беске қарап отырған жорналшы үшін Иосиф Сталин деген кім? Ол – Ресейдегі 1917 жылғы қазан төңкерісі қаһармандарының бірі және аузы дуалы ағылшын айтыпты деген: «Өгіз соқа жеккен, ағаш шәркейлі Ресейді 30 жыл қатаң тәртіпке салып, әлем мойындаған алып державаға айналдырған теңдессіз билеуші» ретінде сақталған. Сонымен бірге, Владимир Лениннің «ұлыдержавалық шовинизмге» қарсы күресін жақтап, ұстазының айтқанын орындап, патшалық Ресейдің құлақкесті құлы болған ұлттарға, соның ішінде қазақтарға да кеңестік автономия берген, жер-суын түгендеп берген, басқа емес, Ұлттар ісі жөніндегі нарком Сталин екені тарихи шындық.. 1920 жылғы 26 тамызда тұсауы кесілген сол болымсыз ғана «Киргиз автономиялық республикасы», кейін Одақтас республика деңгейінде жетіліп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың іргетасы. Яғни, осынау тарихи құбылыстың орыс большевиктерінің, солардың көсемі И. Сталиннің есімімен байланысты екендігін жоққа шығаруға болмас.

Ал, Сталин аты аталғанда, әрбір қазақтың тітіркене қалатыны -саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жаламен құрбан болған мыңдаған қандастарымыздың тағдырына байланысты. Бұл арада тағы бір ескертетін жай – өз әкесіне, бауырына, қандасына жала жабу, сол кездегі қоғамның даму деңгейінің төмендігі, тіпті саяси қараңғылық және тап күресі деген жалған дақпыртқа жаппай елігушіліктен жабысқан дерт еді ғой.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болған екінші есім де оқырманға таныс. Сталиннің жөнін айттық, ал, Сәбит Мұқанов «қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі классик жазушымыз», өзімізше айтқанда, халқы қадірлеген Сәбеңді таныстырып жату артық болар. Ол барлық жағынан кесек тұлға еді. Мол пішілген кескін-келбетіне сай бойы да, ойы да қуатты, жазушылық қарымы мен бейнетқорлығы, қазақтың кең даласындай жайсаң мінезіне жарасқан жомарт пейілі –шын мәніндегі іріліктің куәсі десек-ші. Қызғыштай қорғап өткен советтік Қазақстанның тарихы –Сәбиттің өмірінің айнасы еді. Социалистік таптық идеалдар үшін ақырына дейін бітіспес күреспен өткен өмірінде оның достары көп болды, дұшпандары да аз емес еді. Қазірдің өзінде Сәбиттің күрескерлік тұлғасы мен шығармашылығы туралы көзқарас әрқилы.

Осындай әлқиссамыздан кейінгі сөз, «пролетарлық жас қаламгер» Сәбит Мұқанов пен «халықтар көсемі» Иосиф Сталиннің қалай кездескені туралы.

Сәбеңнің Совет Одағының бірінші басшысы Иосиф Сталиннің қабылдауында болғаны туралы «Есею жылдарында» деген өмірбаяндық кітабында баяндалған. Сонау 1925 жылдың басында, 25 жастағы қазақ жігіті Мәскеуге, Компартияның Бас хатшысы Иосиф Сталиннің өзіне барып, тілдесіп, өлеңдері өз елінде кітап болып шықпай жатқаны туралы шағымдануы, осынысы кейін біржола жазушылыққа бастауы – ғажап оқиға емес пе? Оның үстіне, кезінде қалыптасқан пікір бойынша Сталиннің қабылдауына кіру үшін М.Горький, М.Шолохов, Д.Бедный, Лахути сияқты әйгілі жазушы немесе, кемінде республиканың бірінші басшысы, әйтпесе кеңес өкіметін қолымен орнатқан күрестес серігі болуы шарт.

Соған қарамастан, Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер бұл оқиға жөнінде ештеңе жазбай жоқ. Мұның екі себебі ғана болуы мүмкін: біріншіден, Сәбит Мұқанов сияқты адал коммунист, социализм ісіне шын берілген, ел ішінде қадірі асқан Сәбеңнің «қанышер, жауыз» Сталиннен көмек сұрап баруы, әрі нанымсыз, әрі сүйкімсіз факт; немесе, Сәбит Мұқановтың «ұлы көсемнің» қабылдауында болдым деуі – жалған. Себебі – И.В. Сталиннің қабылдауында болғандар тізімінде «Сәбит Мұқанов» деген жазу жоқ. Бірақ, сәбиттанушылар тарапынан: «қарадық, Сәбең туралы дерек табылмады» деген лебіз де естілмеген. Осылайша, жабулы қазан –жабуымен қала берген сияқты.

Осыдан 40 жыл бұрын ғана қатарымыздан кеткен жерлесіміздің бұл оқиғаны неге ғана ойдан шығарды екен? деген ой көкейден кетер ме. Рас, кейде көп уақыт өткендіктен, естеліктерде адамдардың аты-жөні, мекен-жайы туралы артық-кемді сәйкессіздіктер болып жатады. Олар кешірімді дейік. Ал, мына жағдай олардан мүлде басқа. Және, Сәбең бұл естеліктерін алпысыншы жылдардың басында, компартияның әйгілі ХХ сьезінен кейін, Сталиннің есімімен мақтану абырой әпермейтін кезде қағазға түсірген, кітабына қосқан.

Сәбит Мұқанов өміріндегі тарихи деп атауға тұрарлық осы фактінің анық-қанығына қазір жетіп отырмыз. Сәбит Мұқановты Иосиф Сталин өзінің Кремльдегі кабинетінде Сәбит Мұқановты баспасөз қызметкері 1925 жылғы қаңтардың 7-жұлдызында ретінде қабылдаған екен.

Енді осы деректің қалай табылғандығы туралы:

2007 жылы Мәскеудегі «Новый хронограф» баспасынан «Сталиннің қабылдауында болғандар» (На приеме у Сталина. Тетради (журналы) записей лиц, принятых И.В. Сталиным (1952-1953 гг.) деген 1784 беттік жинақ, небәрі 350 дана болып басылып шықты.

Кітапқа берілген аңдатпада: «1924-1953 жылдары Сталиннің қабылдау бөлмесіндегі хатшылардың РФ Президентінің мұрағатында сақталған жазбалары жарияланып отырғаны, сол жылдары Сталиннің Кремльдегі кабинетінде болғандардың әрқайсысы минутқа дейінгі дәлдікпен тіркелгені» көрсетілген. Басылымға берілген түсініктерде Сталин дәуірін сипаттайтын деректер бар.

Кітапқа байыпты кіріспе беріліп, онда Кеңес Одағындағы ең биік лауазым иесінің адамдарды қабылдау тәртібі, келушілерді тіркеу жүйесі көрсетілген. Біз қазақ тарихына керек болады-ау деп, Сталиннің қабылдауында болғандар арасынан өзімізге көзтаныс есімдерді іріктеп алдық және соларға ғана тоқталдық. Әлбетте, іздегеніміз – Сәбит Мұқанов!

Сталиннің қабылдау бөлмесінде әртүрлі хатшылар отырған. Олар келген адамдарды әуелде фамилиясымен жай ғана тіркеген, кейінірек қайдан, не себеппен келгенін жазатын тәртіп болған. Атап айту керек, аты-жөні толық жазылмаған, тек қана фамилиялар. Сондықтан ұқсас фамилияларды ажырату оңай емес.

Тақырыбымызға қатысты болмаса да, жалпы түсінік үшін алған деректеріміз мынау:

1924 жылдың 15 шілдесінде 14 адам, 21 шілдеде 10 адам қабылданған.

1925 жылғы 7 желтоқсада Сталиннің қабылдауына 1 адам жазылған, қабылдау болмаған, 14 желтоқсанда жазылған 6 адамның үшеуі қабылданған.

1926 жылғы 2 қаңтарда 7 адам қабылдауда болған, 8 ақпанда 12 фамилия тіркелген, қабылданғаны 7, 9 ақпанда 1 адам, 12 ақпанда 1 адам.

1926 жылы Сталин қабылдағандардың ішінде біз білетіндерден Асфендияров Санжар, ВЦИК мүшесі, Бүкілресейлік Орталық аткомның орталық аппаратында істеген, (1926:15.02; 15.03; 30.03; 5.04; 20.04 күндері) және Жангелдин Әліби Тоғжанұлы, Қазақ республикасы әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары (1926.15.02.)

1926 жылғы 22 ақпанда Сталин Сейтқали Меңдешевті қабылдаған. Соның алдында Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болған Меңдешев тізімге «Қазақста тұтынушылар кооперациясының төрағасы» деп тіркелген және ВКП(б) Орталық Комитетінің кадр бөлу бөлімінің резервінде екені қосып жазылған.

Сол жылғы 1 наурызда Сталиннің қабылдауына Смағұл Сәдуақасов кірген.

1926 жылғы 5 сәуірде Бас хатшының қабылдауына жазылғандар арасынан Сейтқали Меңдешевті, Нығымет Нұрмақовты және Санжар Асфендияровты көреміз. Бірақ қабылдау кейінге қалдырылған.

1926 жылғы 23 сәуірде Сталиннің қабылдауына кіргендер: Жалау Мыңбаев, Қазақ Орталық атқару комитетінің жаңа төрағасы, Нұрмақов Нығымет Нұрмақұлы, Қазақстан Үкіметінің жаңа төрағасы. Яғни, мемлекет басшысының бұл қабылдауы Қазақстанның басшы қызметкерлерінің ауыс-түйісіне байланысты екенін көреміз.

КазЦИК-тің бұрынғы төрағасы Меңдешев 18 мамырға тағы жазылған екен, Сталин қабылдамапты.

1928 жылғы 30 наурызда 13 сағат 25 минутта Сталинге кірген Нығымет Нұрмақов кабинетте бір сағаттай болған.

1931 жылғы 14 мамырда мемлекеттік маңызы бар мәселе қаралған болуы керек, Сталиннің кабинетінде 21 сағат 10 минутқа дейін созылған болған жиынға Молотов, Ворошилов, Куйбышев, Каганович бастаған 26 адамның арасынан РСФСР Үкіметі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов қатысқан.

1952 жылғы 21 қазанда Сталиннің кабинетіне Г.М. Маленков бастап кірген ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов пен Қазақстан Үкіметінің төрағасы Е.Б. Тайбеков (Елубай Бәзімұлы Тайбеков.-З.Т.) 22 сағат 45 минуттан, 23 сағат 35 минутқа дейін отырған.

Сонымен, 1925-26 жылдардың құжаттарын мұқият қарасақ та, үлкен тізімнен Сәбит Мұқанов деген жазуды таба алмадық.

Сонда да, одан әрі іздеу үстінде «1925-1928 жылдары Сталиннің қабылдауы туралы жиынтық деректер» («Сводки приема И.В. Сталиным посетителей за 1925-1928 гг.») деген басқа бір қорға кез болдық. Бұл тізім негізгі бөлімге қосымша екен. Түсінікте бұл «деректердің Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мұрағатында сақталған «Сталиннің жеке қорынан» алынғандығы» жазылыпты. Кілтипан дәл осы «Сталиннің жеке қоры» дегеннен ашылды.

Кеңестік Ресей тарихын зерттеу кезінде жазушылар мен өнер қайраткерлерінен тікелей өз атына келген кейбір хаттарға Сталин «менің өз архивіме» деп белгі соққанын бірнеше рет байқаған едім. Іріктеп алған мына мысалдарды келтіруге болады: Д.Бедныйдың 1922 ж.Сталинге хаты. РГАСПИ 558-қор, 11-тізбе, 702-іс, 68-парақ. «В архив Ст.»; Панферовтың Сталинге 03.12. 1937ж. хаты «В мой архив Ст.»; Е. Пешкованың 02.03. 1938 ж. Сталинге хаты «Арх.Ст.»; Д. Бедныйдың 05.08. 1944 ж. хаты. «В мой архив И.Сталин» Анри Барбюстің 12.10. 1932 ж. Сталинге хаты «В мой архив. И.Ст» тағы басқа таныс белгілер кездескен.

И. Сталиннің бұл хаттарды ғана арнайы «өз архивінде» сақтағысы келіп, бөліп көрсетуінің себебін жорамалдауға болар. Заты, әділіне келсек, «Ұлы көсем» компартияның идеологтары ретінде өнер адамдарын, әсіресе жазушыларды жақын тартқаны, кейбірінің (мыс. Д.Бедный, Лахути, Шолохов) еркелігін кешіріп, қолпаштап отырғаны сөзінен де, ісінен де көрінеді. Бәлкім, мұны «И. Сталин және жазушылар» деген арнайы тоқталуға тұрарлық тақырыпта сөз ету керек шығар.

Жоғарыда жазғанымдай, сәбиттанушылардың бұл дерекке кездесе алмай жүрген себебі осы болуға тиіс. Сәбит Мұқановқа қатысты дерек «И. Сталиннің қабылдауында болғандарды тіркейтін негізгі журналдар мен дәптерлерден бөлек, «Сталиннің жеке архивінде» сақталып, тиісінше, Ресей Президентінің мұрағатында емес, Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатында («Сводки приема И.В. Сталиным посетителей за 1925-1928 гг.») деген атпен бөлек сақталған.

Аталған қор туралы құрастырушылар былай депті: «Бәлкім, бұл деректерді хатшылықтың немесе мұрағаттың қызметкерлері қабылдау үстінде де, тіпті қабылдау біткеннен кейін де жедел толтырып отырмаған. Демек, уақыт өткен соң, белгілі бір қорытынды жасауға қажет болғандықтан, арнайы зерттеп, толық мәнді саяси құжат түрінде дайындағаны байқалады». Жинақтағы материалдардың іріктеліп, жіктеліп, сараланып берілуіне қарап, біз де сондай болжамға келдік.

Орысша «Сводки…», қазақша «Мәліметтер» деп аталған деректер арнайы тәртіппен жүйеленген, келушілер: «Жұмысшылар мен шаруалар», «Оқу орындарының өкілдері», «Партия қызметкерлері», «Совет қызметкерлері», «Кәсіподақ қызметкерлері», «Комсомол ұйымдарының өкілдері», «Әскери қызметкерлері», «Шет елдердегі коммунистік ұйымдардан», «Баспасөз қызметкерлері»… деп, жеке-жеке топтастырылған. Қабылдауға келушілердің кейбіреулерінің аты-жөні, қай жерден екені, қабылдауға келу себебі, тіпті кейбір жағдайда, мысалы, 1925 жылы 25 мамырда жолыққан Сәкен Сейфуллинді «Сейфуллин- б. председатель СНК Киргизии», деп белгілеген. Коммунистік академия жанындағы марксизм курсының тыңдаушысы Сұлтанбек Қожановты тіркегенде (23.02. 1927) «Сталиннің өзі біледі», ал, Мәскеудегі Центроиздат баспасында қызмет істеп жүрген Әлихан Бөкейхан (11.05.1927) қабылдауға жазылғанда «жеке бастың мәселесі» деген сияқты ескертпелер жазылған.

Осы ретпен қарап келе жатқанда, «Прием И.В. Сталиным работников печати. 1925 год. 1. Досов и Луканов – Киргизия, о киргизской печати 7 января» деген жазуға кез болдық. Осы тұста Сәбең кітабында басқаша жазған біраз жұмбақты шешуге тура келді.

Біріншіден, «Досовтың» Әбілқайыр екендігін, Көкшетау-Қотыркөлдің тумасы екендігін, жасынан пысық, зерек, Омбыда Мағжан, Сәкен, Нығымет, Хошмұхамметтермен бірге қазақ жастарының «Бірлік» ұйымында болғанын, 1920 жылы сол Омбыда «Кедей сөзі» газетін шығарысқанын, Орынбордағы кеңестер сьезіне Сәбеңмен бірге қатысып, кейінде қазақтан шыққан алғашқы төңкерісші-большевиктердің алдыңғы шебінде болғанын, Семейде, Ақтөбеде, Шымкентте басшы қызметтер атқарғанын, Қазақстанның Мәскеудегі өкілі, Орталық Комитетте нұсқаушы болғанын білеміз. Сондай-ақ, 1926 жылғы 29 желтоқсанда Сталиннің қабылдауына кіргені туралы «Досов Абель-Каир» – представитель Казахской республики» деген деректі көргенбіз. Сәбең кейін өзі жазғандай, 1933 жылы «Қызыл профессорлар институтында жүргенде РКП(б) Орталық Комитетінің нұсқаушысы Әбілқайыр Досовты «ең көп білетінім де, ең жақын сырласым да» (425-бет) дейді. Бірақ, Сталинге барғанда оның есімін атамайды.

Екіншіден, «Луканов» деген кім? Кремль қызметкерлерінің орыс емес нәсіл өкілдерінің аты-жөнін қағыс естуге бейім, сондықтан айтуға, жазуға шорқақ келетінін де байқадық. Мысалы, осы құжаттардың өзінде Нығымет Нұрмақовты біресе «Новмет», біресе «Нурманов», Әлихан Бөкейханды «Ализан», Сұлтанбек Қожановты «Ходжанов», «Хаджанов», Жалау Мыңбаевты «Мунбаев», Қаратілеуовты «Каратисаув», Қозыбағаровты «Казыбагаров», Тұрар Рысқұловты «Рыскунов» деп бұрмалап жазған.

Олай болса, «Луканов» деп оқығанымыз «Муканов» болып шығады. Дәптерге дұрыс жазылғанның өзінде, қолтаңбасы қисықтау біреу «М» әрпін каллиграфия түрінде көріксіздеу таңбалауы мүмкін. Баспамен түскен емес, қолдан жазылған түпнұсқасы дұрыс болса да, көшіруші қате жіберуі ғажап емес. Сәбеңнің өз жазғандарына қарағанда, 1924 жылдың аяғында, дәлірек айтқанда, желтоқсанның 24-25 жұлдызы шамасында Мәскеуге барған, он күндей күтіп, Сталиннің қабылдауына кірген.

Үшінші түйткіліміз де жоқ емес. Кітабында С. Мұқанов Орынбордан аттанғанда, қасына өзімен бірге оқитын ауылдасы Үмітбай Балқашевті ертіп барғанын жазады. Мейманханада екеуі бірге жатқан, Мәскеуді бірге аралаған, оқуда жүрген Абдолла Асылбековті тауып алғанда да жанында Ү. Балқашев болған. Бірақ, жазушы осы сапары туралы егжей-тегжейлі баяндағанда, Әбілқайыр Досов туралы аузына алмайды.

Ал енді Сталиннің қабылдауына Сәбит Мұқанов өз бетінше, Досов Әбілқайыр жеке кіріп шыққан деуге де келмейді. Тіркеу құжатында екі фамилия екі жолға, бөлек жазылмаған және уақыты да өзгеше емес. Жоғарыда көріп тұрғанымыздай: Досов и Луканов. Айта кету керек, Сталиннің Кремльдегі кабинетінде кісі қабылдау тәртібінде мұндай қосарлап жазудың жалғыз ғана мысалы осы: «Досов и Луканов». Осылайша, Досов пен Мұқановтың кабинетке бірге кіргені дәлелденген сияқты. Тіпті, екеуі бірге барып, Досов қабылдау бөлмесінде қалып қойып, Сталинге Сәбең жалғыз кірген деуге де болмайды Бір ғана мәселемен кірген екі-үш адам, «және» леген шылау арқылы немесе үтір арқылы, бір рет санымен бірге тіркеледі. Мысалы, 1925 жылы Мордовияны автономия дәрежесіне көтеру жөнінде ұсыныспен кірген Дорофеев пен Диманштейн, Түркіменстан ОАК төрағасы Айтақов, совнарком төрағасы Атабаев, партия жетекшісі Межлаук осылай бір номерде. Ал, Сталинге кірмеген адамның есімі қабылдауда болғандар қатарына тіркелмейтінін көрдік. Ондайларға «не принят» деген белгі соғылған.

Тоқсан жыл бұрын болып кеткен оқиға туралы күмәнімізді тарқатпай-ақ, осы жұмбақтың шешуін өзімізше долбарлайық. Сәбең Мәскеуге барған бұл сапары жарияланған кітаптың орысшасы «Годы возмужания» деген атпен, әрі кеткеенде, 1965 жылы баспаға берілген (375-бетті қараңыз.-З.Т.). Бұл кезде Совет Одағында «Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою» науқаны қызып тұрған, Сталиннің есіміне деген құрмет жоғалған, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарының біразы, олардың ішінде Әбілқайыр Досов та «қылмысы дәлелденбегендіктен» ақталған.

Сәбеңнің осы сапары туралы өз аузынан айтты деген мынадай жанама дерек тағы бар. Мұнда жазушы Сталиннің қабылдауында болғанын бекітеді, бірақ оқиғаны мүлде басқаша баяндайды. Күмәнсіз ақиқат екеніне көзіміз жетпейді, алайда, сол әңгімені тыңдапты дегендердің аты да, абыройы да салмақты, артық-кемі болса, бізге жеткізушінің арына тапсырып, мына жағдайға тоқталмақпын:

2010 жылғы 5 қазанда «Юридическая газета» деп аталатын орысша басылымда «Дух сильный и неподкупный» (авторы Алила Утешева) деген мақала шықты. «Белгілі журналист және жазушы Кемел Тоқаев туралы республикадағы юстиция ардагері, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Ізгілік Нұрмағамбетұлы Дабаевтың айтуынан жазып алынған» естелікте Сәбең туралы ла дерек берілген. Мақаланың осы тұсын ықшамдап, қазақшалағанда, әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай:

Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдин республика Жоғарғы Советінің марапат бөлімінің меңгерушісі Ізгілік Дабаевпен сыйлас екен, сол кісіні бір күні дастархандас болуға шақырады. Жиналғандар: жазушы Сәбит Мұқанов, Батыс Қазақстан обкомының хатшысы Бисен Жұмағалиев, Жоғарғы Совет ведомостыларының бас редакторы Кемел Тоқаев. Алғашқы сөз Сәбеңе берілгенде, ол: «қазақтар жек көргенін адамын төре, жек көрген асын кере дейді, мен орталарыңда жүре тұрайын» дейді, де бір әңгіменің шетін шығарды. Әлден уақытта Жанділдин: «Сәбе, Сіз осы Сталиннің қабылдауында қашан болып едіңіз?» деп сұрады.

Сәбит Мұқанов: «Мен ол кезде Қызыл профессорлар институтында оқушы едім. Бірде Сталинге жолыққым келді. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы: «қандай мәселемен кіретініңізді қағазға түсіріп беріңіз, кейінірек өзіміз шақырамыз» деді. Айтқандай, бірнеше күннен кейін шақырту алып, Бас хатшыға кірдім. Кабинеті шағын екен, Сталин әскери гимнастерка киген. «Қандай шаруамен келдіңіз?» деді. «Жазушы болғым келеді, бірақ Қазақстанда жазғандарымды баспайды, демагогсің, сенен жазушы шықпайды» дейді.

– Сталин: «Бізде, Орталық комитетте Мағжан Жұмабаев деген қазақ жазушысы бар. Ол бізге қазақтың барлық жазушылары туралы түсінік, мағлұмат беріп отырады. Соған тапсырып, жазғандарыңызды басып шығарып, Сізді жазушы қылып шығар дейміз» – деді.

– Мені демагогсың деп жүрген сол Жұмабаевтың өзі ғой. Ол маған қол ұшын бере қояр ма екен? деймін.

-Мен одан сұрамаймын. Бұйырамын,-деді Сталин.

Осылайша ол менің жазушы болуыма көмектесті, ал қолжазбаларымды Жұмабаевтың өзі редакциялады», деді Сәбит Мұқанов. Бұл әңгімені Нұрекеңнің сол жерде отырған қонақтары түгел естіген». Мақала авторы қарт адамның аузынан жазып алдым деген материалында, Сәбиттің Мағжанға жасаған қиянаты туралы жайсыз пікірді де сол жерде Кемел Тоқаевтан естігенін жазыпты.

Біз оларды тәтпіштемей-ақ қояйық. Көрген көзде жазық жоқ, газетке шыққан мақалада осы жайлар бар.

Көріп отырғанымыздай, бұл жерде Сәбит Мұқанов Сталиннің қабылдауына өзі Мәскеуде оқуда жүргенде барғанын айтады да, оған Мағжан есімін қосқан. Және өз кітабында «бірге бардық» деген Үміт Балқашев туралы немесе тіркеу құжатынан біз көрген Әбілқайыр Досов туралы ештеңе айтпаған.

Бұлардың қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін қазір дәлелдеу мүмкін емес, бір ғана даусыз шындық – 25 жастағы рабфак оқушысы Сәбит Мұқановтың сонша батылдық жасап, Орынбордан арнайы аттанып, Кеңес мемлекетінің бірінші басшысы Иосиф Сталинге барғаны, Сталиннің оны қабылдағаны.

Ендігі әңгімені Сәбеңнің өз кітабынан оқиық. (Сәбит Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он бірінші том. Өмір мектебі. Роман. Есею жылдары. Үшінші кітап. Алматы, 1977. 66-93-беттер).

Әлқисса, С. Мұқанов өзі жазған, мерзімді баспасөзде жарияланған, жарияланбаған өлеңдері мен мақалаларын жинақ етіп бастыру туралы талпынысы іске аспаған соң, Мәскеуге барып, партияның Орталық комитетіне шағым айтпақ болады. Қасына «сабақтас жолдастарының бірі» – Үмітбай Балқашевты алып, поезға отырып, төрт жарым тәулікте, Қазан вокзалынан түседі. Өзінің «КирЦИК-ке мүшелік билетін көрсетіп, «Делегаттар үйі» мейманханасынан орын алады. Ком. Академияда оқып жүрген Абдолла Асылбековты тауып алып, Орталық Комитетке орысша жазған арызын қаратып алады. Бұл 1924 жылдың 25 желтоқсаны. Ертеңіне Орталық Комитеттің Кремльдегі қабылдау бөлмесіне тіркеліп, арызын өткізеді. Мейманхананың телефон номерін берін, күтетін болады. Шақырған күні Кремльге келеді.

«… Жәрдемші маған: «кіріңіз!» деді. Мен кіре бергенде, кабинеттің төріндегі тікшілдеу шағын столдың аржағында отырған қара бұйра шашты, қалың мұртты адам маған қабағын түйе қарап алды да, орнынан көтеріліп, салмақты адыммен бері қарай аяңдады. Ішімнен «Сталин, әрине, осы!» деп жорыдым.

Менің атымды жазған запискамнан жаттап алған болуы керек, ол бөлме ортасына түйісе келе, қолын созды да:

-Сәлем, жолдас Мұқанов!-деді.

-Сәлем, жолдас Сталин.

Тікше столдың бержағында талдан тоқылған екі орындық бар екен. Сталин соларды нұсқап:

-Отырыңыз!- деді.

Мен әдеп сақтап, орындыққа жалп ете қалмай, қасына бара сәл кідіріңкіреп едім, онымды түсінгендей, Сталин өз креслосына бұрын отырды. Мен де отырдым. Ол стол үстідегі әлде не қағазға көзін жүгірте бастады. Шамасы, менің ЦК атына жолдаған хатым…» (88-бет).

Сәбеңнің өзі жазып кеткендей: «Көшірмесі өзімде сақталған бұл арыздың тарихтық және әдебиеттік мәні болғандықтан, құрметті оқушы жолдастар, сіздердің алдарыңызға сол қалпында тартқым кеп отыр». (Түпнұсқасы орысша, қазақшалаған Сәбит Мұқанов, тыныс белгілеріне дейін сақталды.-З.Т.)

РКП(б)П Орталық Комитетінің генералдық секретары

жолдас И.В. Сталинге.

1920 жылдан РКП(б)П-нің мүшесі, билет саны 517640, Орынбор қаласында тұрушы, Мемлекеттік рабфак студенті Мұқанов Сәбиттен.

Бұл баяндау хаттың жазылу мақсаты –РКП(б) Орталық Комитетіне Қырғыз халқының мәдени дәрежесін өсіруге себепкер боп жатқан обьективтік және субьективтік жағдайларды сипаттап беру.

Россия Коммунист (большевиктер) партиясының мақсаты: пролетариат диктатурасын іске асыру арқылы халықтардың мәдениетін көтеріп, коммунизм құрылысына апару екені ешкімге жасырын жайт емес. РКП(б)-нің СССР-дағы халықтарды коммунизмге жеткізу ісінде, бұл саясатты ұлт республикасының бәрінің арасында да жүргізу ісінде, солардың ішінде мәдениеті ең артта қалған халықтың бірі –Қырғыз республикасында ерекше табандылықпен жүргізу ісінде бұл мақсаттың аса қажетті екендігі байқалады.

1924 жылдың күзінде Қырғыз республикасы өзінің төрт жасқа толуын тойлады да, өткен күндердің істерін еске ала отыра, алдағы ұлы міндеттерге жоспар жасады.

Өткен күндерге көз тастасақ, атқарылған жұмыстар да көп, атқарылмағаны да аз емес. Халықтың мәдениеттік дәрежесін жоғарылату ретінде РКП(б) тастаған негізгі ұрандардың қалай іске асуын еске алсақ, сол істердің іске асуына байланысты пролетариат диктатурасының іске асуын ойласақ, Қырғыз республикасында жетіспеген нәрселер әлі де көп.

Жалпы әдебиеттің оның ішінде көркем әдебиеттің халықтар мәдениетін көтеруде орны ерекше екені мәлім. Осындай әдебиетті қараңғы халықтардың ішіне таратып, сол арқылы халықты пролетариат идеологиясымен тәрбиелеуді Қырғыз республикасындағы оқу-ағарту орындары, өкінішін қоса айтқанда, ойдағыдай іске асырғаны көрінбейді.

Қырғыз республикасының оқу-ағарту орны, атап айтқанда – Оқу Комиссариаты, оның Академиялық Орталығы қырғыздың ұлттық әдебиетін өркендету ісіне көңілін аз бөледі. Академиялық Орталық құрылғаннан бері Оқу Комиссариаты азғантай ғана кітап шығарды. Олар: бірінші – Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағы, екінші – Дулатовтың драмалық пьесалары, үшінші – Байтұрсыновтың ұлтшылдық өлеңдері…

Бұл авторлардың бәрі өздерінің ой-пікірінде пролетариатқа жат адамдар. Кең толғап сын бермей, қысқаша және шағын айтқанда, олардың шығармалары мазмұны жағынан революцияға қарсы жазылғандар. Басқаша болуға мүмкін емес. Жұмабаев, Дулатов және Байтұрсынов бұрынғы ұлтшылдар партиясы – алашорданың белсенді басқарушылары, қазір тондарын айналдырып Советке қызмет істеушілер. Олардың совет туралы жақсы шығарма жазуы мүмкін емес. Оған қосымша Академиялық Орталықты Байтұрсынов, Дулатов, Шонанов және Жолдыбаев басқарады. Олардың ішінде тек Жолдыбаев қана РКП(б) мүшесі, қалғандары тырнақша ішіне алғанда, қазіргі «партиясыздар», яғни бұрынғы алашорда мүшелері. Сондықтан Жолдыбаевтың, анау төрт «партиясыздың» ықпалында болуы ұғымды. Сол себептьі пролетариат рухында жазған автор шығармаларын, «көркемдігі» жетпейді деген сияқты сылтаулар тауып, Академиялық Орталық баспаға өткізбейді.

Мен де балалық шақтан әдебиетке әуестеніп жүрген адамның бірі едім. Өзім пролетарлық семьядан шыққан адам болғандықтан, қырғыз тілінде жазатын өлеңдерімді мен, әрине, қараңғы халқымның өткен уақыттағы ауыр халына, бүгінгі өскелең тұрмысына, алашордашыларды сынауға арнадым. Осы өлеңдерімді кітап жасау мақсатымен жолдас Жолдыбаевқа беріп едім, ол «өлеңдеріңізді аламын, бірақ бағасын беруді Байтұрсыновқа тапсырамын» деді. Бұл жауаптың астында көрініп тұрған сөз, – Академиялық Орталықтың менің өлеңдерімді баспаға өткізбеуі.

Осындай жағдай мені РКП(б) Орталық Комитетінен жәрдем сұрауға, жинағымды «Шығыс» баспасынан кітап қып бастыруға жәрдемдесуін өтінуге мәжбүр етті. Қолжазбаның сапасын айырып беруді, Қырғыз көркем әдебиетін жақсы білетін, менің өмірбаянымды да жақсы білетін, РКП(б) мүшесі жолдас Асылбековке тапсыруларыңызды өтінем! 25 декабрь 1924 жыл».

Бұдан әрі автор кабинет иесінің түр-тұрпатын, бөлме ішіндегі заттарды санамалап, суреттеп кетеді де, қағазды оқып болған Сталиннің оған назар аударып, шылым шегетін-шекпейтінін сұрағанын, бұл «шегем» деген соң басталмаған бір қорап папирос темекі мен сіріңке ұсынғанын, сөзді Сталиннің өзі бастап, Мәскеуге қалай жеткенін, Сәбең оқитын рабфактың жайын, елдегі жаңа экономикалық саясаттың нәтижесін, қазақ әйелдерінің жағдайын сұрағанын тәтпіштеп жазады (89-90-беттер). «Сталин қажет көрген мәліметтерін блокнотына түртіп» отырады да, бір сәтте Сәбиттен:

«-Әліби Жанкелдинді білесің бе?-деп сұрайды. Сәбит үстірт қана білетінін айтады.

-Қазақтың ханы болуды ойлай ма, ол?- деді жымиып.

-Ойламайтын болуы керек,- дедім мен.

-Ойлайды,- деді Сталин жымия түсіп.- дұрысына келгенде Қазақ республикасын сол басқару керек еді. Өйтуге азаматтық және коммунистік тазалығы жеткенмен, білімі, басқарушылық білгірлігі жетіңкіремейді. Бірақ ол адал революционер, шын большевик, батыр жауынгер!…

Біз де ол кісіні солай түсінеміз және қадірлейміз,-дедім мен.

Сталин білек сағатына қарады да,

  • Біраз уақыт болып қалған екен, енді мақсатты сөзімізге көшейік, ЦК-ның атына жазған хатыңды оқып шықтым, ақындыққа талпынуың дұрыс. Сондықтан, өлеңдер жинағыңды бастыру, бастырмау мәселесінен бұрын, оны сыннан өткізуіміз керек.

Мен оған бейілмін.

-Өкінішін қоса айтқанда, мен қазақ тілін білмеймін. Жас кезімде азербайжан тілін түсінуші едім. Оны қазір ұмыттым. Бұл Москвада қазақ тілі мен әдебиетін білетін кім бар?

Мен Абдолла Асылбековты атап ем:

-Тағы?-деді Сталин»… Бұдан әрі Сәбең осы Орталық Комитетте қызмет ететін Ғаббас Тоғжановтың есімін атап, оның атақты бай баласы екенін көрсетіп, біраз теріс мінездеме бергеніне қарамастан, Сталин қолжазбаны соған беретінін «кесіп айтады».

«-Ол маған әділ сын айта ма?-дедім мен.

-Айтады,- деді Сталин шегелеп. Қарсыласуға ұялдым. Сталин жәрдемшісін шақырып алды да,- мына материалды Тоғжановқа менің атымнан тапсыр, обьективті рецезия берсін!-деді, содан кейін маған:

-Сені тағы да қабылдауға уақытым бола бермес, Тоғжановтың жауабын кеңседен аласың,- деді»

Бірнеше күннен кейі Тоғжановтың сын-пікірі автордың қолына тиеді. «Оқып шықсам, әділ жазылған»,-деп Сәбит Мұқанов орысша жазылған сол рецезияның «дәлме-дәл аудармасы» ретінде мына мәтінді кітабының 92-93- беттеріне берген екен. Аманатқа қиянат болмасын, сол мәтінді бүгінгі оқырманға ұсынсақ, артық болмас.

«Рецензия. РК(б)П Орталық Комитетіне.

Жолдас Мұқанов Сәбиттің өлеңдер жинағы туралы

Жолдас Мұқановтың жинағына 1918-24 жылдардағы (орысшасында 1916-24.- З.Т.) жазған өлеңдері кірген. Өлеңдер әр тақырыпқа жазылған. Жолдас Мұқанов ұлтшылдарға қарсы шыққан, байшылдарға, өтірік коммунистерге қарсы жазған. Қазақтың батырақ-жұмыскерлерін суреттеген. Бірнеше өлеңдерінде қазақ еңбекшілеріне Ленинді, Калининді таныстырған.

Ішкі мазмұнына, алған бағытына қарағанда, өлеңдері жалпы жақсы. Әлеумет өміріне коммунисше қараған. Барлық шығармаларында да ол қанаушы тапқа дұшпан боп, еңбекші таптың өкілі болып сөйлеген.

Бірақ, бір айта кететін нәрсе, оның кейбір шығармалары өзінің негізгі жолына қайшы келіп отырады. бір өлеңінле ол қазақтың өткен дәуірін дәріптейді. Ол кездегі бай да, кедей де бірдей ел еді дейді; мұқтаждық, құлдық жоқ еді дейді. Бұл арадан Мұқановтың Маркс ғылымымен таныс емес екендігі көрініп тұр. Жеңіл тақырыпқа жазған өлеңі жақсы болып шығады. Ауыр тақырыпқа: қазақтың өткен күніне, білім күшіне, тап тартысына келгенде сүрініп отырады. Бұндай өлеңдерінің көбі нашар.

Көркемдік жағынан тәуірі де бар, жаманы да бар. Мұқановтың түрі мазмұнынан көп жерде ақсап отырады. Оның өлеңінде көркемдік әлі аз. Өлеңдерінің көбі әңгіме сықылданып, оқыған адамды жалықтырады.

Осы кемшіліктерінің бәрімен қатар, жолдас Мұқанов қазақтың коммунист ақыны. Жоғарыда біз, бұл өлеңдердің көбі коммунисше жазылған дедік. Ондай өлеңдер қазақта өте аз. Мұқановтар қазақтың советтік әдебиетінің бірінші қарлығаштары.

Ол әлі жас. Кешегі ауылдағы батырақ. Кәзір оған өте қатты шарт қою (мазмұны мен түрін бірдей шығар деу) дұрыс емес. Ол жаңа жаза бастады. Және үміті көп еңбек көрсетіп отыр. Мұндай жазушыларды сүйеу, көтермелеу керек.

Меніңше, бұл шығарманың нашар өлеңдерін алып тастап, тәуірлерін басу керек.

Ғаббас Тоғжанов. 13/1-1925 жыл».

Сәбит Мұқановтың көрсетуіне қарағанда, құжатқа Сталин қызыл қарындашпен: «Москвадағы «Шығыс» баспасына! Жолдас Сәбит Мұқановтың бұл жинағындағы өлеңдердің жақсылары таңдалсын да, олар жинақ болып басылсын. И.В. Сталин», деп бұрыштама соққан. (Қазақшалаған С. Мұқанов.-З.Т.)

Сәбең «бөлім қызметкеріне» рецензияға риза екенін айтады. Оның «Төреқұловты шақырып алып, өз қолыммен тапсырам» дегеніне өзінің күдігін де жасырмай, баспа директорына сенімсіздік білдіреді. «ЦК ұсынғаннан кейін басуға тиіс, баспа бастығына жолығыңыз» дейді. Төреқұлов Сәбит Мұқановқа оң қабағын бермей, «көрерміз, оқырмыз, пікірімізді айтып хат жазармыз», деп шығарып салады. Автордың баяндауынша, біраз күндерден кейін қолжазба поштамен өзіне қайтып келеді.

«Төреқұлов «Шығыс» баспасында директор боп тұрған шағында (1922-28) Бөкейханов, Жұмабаев сияқты алашордашыларға орыс тілінен аударылатын өзге шығармалар түгіл, Лениннің шығармаларын аудартуы, алашордашылардың ол шығармаларды қасақана бұзып аударуы әлденеше талассыз фактылармен дәлелденген нәрсе…Төреқұловты бұл кітапта атаған себебім, өлеңдерімнің жинағын «Шығыс» баспасына өткізбеуіне байланысты қылығын айту ғана» (105-106-беттер).

«Москвада қалдырған қолжазбам өзіме қайтып келгеннен кейін…Сәкенге барып мұң шақтым» (107-бет).

Міне, Сәбит Мұқановтың Мәскеу сапары осымен аяқталады.

* * *

Енді осы зерттеудің барысында, «Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, Сәкен Сейфуллиннің өмірбаянында кездеспеген тағы дерек туралы. Сәкен Сейфуллин 1925 жылдың 25 мамырында И. Сталиннің қабылдауында болған. Тіркеу тізіміне «пред. Совнаркома Киргизии» (Қазақ республикасы үкіметінің бұрынғы төрағасы) деп қағазға түскен. Өзі жазбаған соң, қандай мәселе жөнінде сөз болғанын айту қиын, сәуегейлік жасау абырой әпере өқоймайды, дегенмен Сәбит Мұқановтың: «Жуық арада (1960-жылдары.-З.Т.), Москвада…Марксизм-ленинизм институтынан, Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП(б) Орталық комитетіне, қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды»,-деп куәлік етуі де Сәкеннің Мәскеуге барып, Сталинге жолыққанын бекіте түсетін тағы бір дәлел.(«Есею жылдары», 1977. 1425-бет).

1927 жылғы 11 мамырда Сталиннің алдында болған Әлихан Бөкейхан Центроиздаттың ғылыми қызметкері ретінде «баспасөз қызметкері» деп тіркелген және «өз шаруасымен» деп белгі қойылған. Бұл арада Әлекең Сталинге өзі сұранып барды ма, жоқ шақыртылды ма? деген сұрақ та ойлануға тұрарлық. Себебі, әлихантанушы Сұлтан Хан Ақұлұлы 03.01. 2011 .жариялаған жеделхат Қазақстанға осыдан 6 күн кейін, 17 майда жөнелтілген екен. Яғни, бұдан мынадай жорамал жасауға болады: Әлихан Бөкейханның Қазақстанға іссапармен бару мәселесі қозғалып, жұмыс орнында рұқсат берілмегеннен кейін, ол Сталиннің өзіне барып, жағдайды түсіндірмек болған. Содан кейін ғана Сталин тарапынан Қазақстанға сұрау салынған. Дәл осы арада «Сталин Әлекеңе жаулық ойлаған» деп, артық айтып, күнәлі болмайық. Жаулық ойласа, қабылдай ма? Керісінше, Әлекеңнің жеке басының ерекше қасиетін сыйлап, оның қазақ халқының санасындағы қымбат орнын бағалап, қабылдаған, пікірлескен. Жергілікті маңызы бар мәселені баса-көктеп шепей, Қазақстан басшыларына жеделхат мсоқтырып, сұрау салған. Әлбетте, онсыз да жік-жікке бөлініп, жетесіз шаруамен әуре болған ағаларымыздың арсын ушықтырмайын деп, Голощекин қарсылық танытқан. Ал, Сұлтан Хан жазғандай «Сталин Әлекеңе жаулық ойлап», қайтсем, көзін жоям десе, уақыт шығындап оны қабылдай ма, Қазақстанға хат жаздырып… әуре бола ма? Сондықтан, кейде әділдікке жүгінген артық болмайды.

Сталиннің жеке басы туралы ойдан ұйқастырып, күпірлік жасағаннан гөрі, жоғарыдағы және бұдан кейінгі нақты фактілерді салмақтап көрсек-ші.

Үшінші дерек, Ф. Голощекинмен сиыспай, Қазақстандағы басшылық қызметінен босап, Коммунистік академия жанындағы марксизм курсында оқып жүрген жұмыссыз Сұлтанбек Қожановтың Бас хатшының қабылдауында болуы. Обалы қанша, дәл осы жерден де, Сталиннің ірілігін көріп тұрмын. Замандастарының айтуынша, жиын-топтарда Сталин Сұлтанбекке «Ей, Шыңғысхан!» деп оның беттілігін, өткірлігін, арған бетінен қайта қоймайтын табандылығын есіне салып отырады екен. Мыны құжаттарды қарап отырғанда, Қожанов Сталиннің алдында бірнеше мәрте болып, республиканың мәселелерін шешкен. Дәлірек айтсақ, Сталин оны кемі 5 рет қабылдаған, ал Ф. Голощекинді бір-ақ рет, 1927 жылы қапбылдаған.

Ал, Сұлтанбекті 1927 жылғы 23 ақпанда қабылдағанда, «не мәселемен?» деген сұрақтың тұсында «Тов. Сталин знает» (Сталин жолдас біледі») деп белгі қойылуы да, Сұлтанбек Қожанов пен Сталиннің қалыптасқан ара қатынасын, яғни өзгелерден гөрі жақын таныстығын, тіпті сыйластық сенімін көрсетуге тиіс. Зерттеу барысында бұған да көз жеткізгендейміз. Мысалы, Герувайтис-Степуро К.В. деген адам келгенде «Тов. Сталин знает по Туруханской ссылке, по личному вопросу» деп жазылған. Уездік партия қызметкерлері курсында тыңдаушы Кирсанованы «бұрын келісілген», Николаеваның тұсына «быв. зав. Женотделм ЦК», Ленгник пен Седой-Литвин дегендердің тұсына «из общества старых большевиков» деген түсінік бар.

Смағұл Сәдуақасов 1928 жылғы 21 наурызда қабылдауға кіргенде «быв. Наркомпрос Каз. Респ.» деп тіркеліп, «В распоряжение Казкрайкома» деп қоса жазылыпты. Бұл да Смағұлдың бұрынғы наркомдығын емес, Сталин тарапынан (ол кезде талай сауатсыз нарком болған) өзінің алдында бірнеше рет болған алғыр қазақ жігітінің қадірін бағалағандық болар.

1926 жылғы 22 ақпанда Сталин Сейтқали Меңдешевті қабылдаған. Соның алдында Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы болған Меңдешев тізімге «Қазақстан тұтынушылар кооперациясының төрағасы» деп тіркелген және ВКП(б) Орталық Комитетінің кадр бөлу бөлімінің резервінде екені көрсетілген. Қазақ автономиясының негізін қалап, алғашқы төрағасы болған жасамыс қайраткерге осындай құрмет көрсетілген.

Сәбит Мұқановпен әңгіме үстінде өзі мақтап, қолдау білдірген Әліби Жангелдинді Сталин бір жылдан кейін өз кабинетінде 1926 жылғы15 ақпанда қабылдап, тілдескенін көреміз. Есімізде болса, Сталин Әлекеңнің кісілігін, ұстамдылығын, тазалығын бағалап, әттең, білімі және басқарушылық алымы жетіспейтінін айтқан еді ғой. Міне, мемлекет мәселесін шешуге келмесе де, жеке басын сыйлап, Әліби Жангелдинді өз кабинетінде көруге көңіл бөліп, уақыт тапқан тағы Сталин.

Айтылғандарға түйін ретінде ескертейік. Сталиннің қабылдауына тілек білдіргендер әуелі хатшылық арқылы тізімге жазылады. Тізім қабылдаушының алдына келеді. Бұл тізімді Сталин өзі қарап шығады да, кімді қабылдайтынын, кімді қабылдамайтынын шешіп, тиісті белгі соғады. Қабылдау кезінде сөз болатын мәселелер жөнінде материал дайындау жөнінде хатшылық арқылы тиісті бөлімдерге тапсырма беріледі. Қабылданатындар тиісті тәртіппен жіктеледі. Алдымен жұмысшылар, одан кейін шаруалар, совет қызметкерлері, партия қызметкерлері, баспасөз қызметкерлері, кәсіподақ, жастар ұйымдарының өкілдері,…шетелдіктер деген сияқты. Бұлардың ретімен араласып келетінін, сан жағынан да сараланатынын байқадық. Демек, Сталиннің қабылдауында кім көрінгендер емес, кабинет иесінің назарына іліккендер ғана болғанын тағы еске саламыз.

* * *

Сол кезеңді зерттеушілер үшін керек болар деген оймен, «Сводки приема И.В. Сталиным посетителей за 1925-1928 гг.» деген тізімнен мына деректерді жазып алдық. Тізім 1952 жылға дейі қабылданғандармен толықтырылды. Орысша тіркеу тәртібі, тыныс белгілеріне дейін сақталды. (Кейбір түсініктер біздікі.-З.Т.)

Прием И.В. Сталиным советских работников за 1925 год.

32. Казыбагаров – член президиума облисполкома

35. Мурза-Галиев – председатель

51. Сейфуллин- б. председатель СНК Киргизии (Сакен Сейфуллин, бывший председатель КазАССР.-З.Т.) -25 мая.

52.Садвакасов, Новмаков (Смагул Садуакасов, Ныгмет Нурмаков-З.Т.)- члены Киргизского крайкома РКП, Наркомпрос и предсовнар. о положении в Киргизии -25 мая.

54. Алибеков, Каратисаув (Каратлеуов.-З.Т.)- Наркомзем и начальник землеустройства Киргизии – 25 мая.

76. Мирза-Галиев – председатель презид. ЦИК Казахстана, о разногласиях между членами комиссий по вопросу размежевания 28 сентября.

Прием И.В.Сталиным партийных работников за 1925 год.

4. Хаджанов – (Султанбек Ходжанов.-З.Т.) секретарь обкома Киргизии 26 января.

5. Нанейшвили -Секр. Кир. Обкома, по вопросам парт.работы- 29 января 1925 г.

7. Хаджанов, Нурманов, Садвакасов – (Ходжанов Султанбек, Нурмаков Ныгымет, Садуакасов Смагул.-З.Т.) члены бюро Киробкома, по вопросу Киргизии -2 февраля.

60. Ходжанов –член бюро Киробкома.

63. Нанейшвили – секретарь Киркрайкома 22 мая.

81. Садвакасов С. Член Казкрайкома, комиссия по размежеванию 28 сентября

90. Ходжанов – секретарь Кир. Крайкома 4 ноября.

Прием И.В. Сталиным работников печати за 1925 год

  1. Досов и Луканов – (Досов Абилкаир и Муканов Сабит.-З.Т.) Киргизия, о киргизской печати 7 января.

Прием И.В. Сталиным советских работников за 1926 год

26. Нурмаков – пред. СНК Казахской республики.

28. Мунбаев Ж. (Мынбаев Жалау.-З.Т.) -Председатель ЦИК-а Казахской республики 21 апреля.

32. Садвакасов С. – Наркомпрос Казахской республики, по вопросам бюджета Наркомпроса 27 июння..

50. Асфендияров С.С. чл. През. ВЦИК, по вопросу частн. Совещания по вопросам представ. Нац. Республик.

51. Рыскулов – зампред. СНК РСФСР 29 декабря.

53. Досов Абель-Каир – представитель Казахской Республики, 29 декабря 1926 года.

54. Садвакасов А.С. (Описка, прав. Садвокасов С.-З.) Нарком просвещения Казахской республики, по вопросам Казахстана, 29 декабря.

Прием И.В. Сталиным советских работников за 1927 год

12. Нурмаков Нигмет –СНК Казахской республики пред.СНК, по вопросам Казахской республики 26 января

15. Рыскулов –СНК РСФСР, зам.пред 2 февраля

16. Нурмаков Нигмет –СНК Казахской республики, пред.СНК, по вопросам Казахской республики 2 февраля.

Прием И.В. Сталиным партийных работников за 1927 год

  1. Голощекин Ф.И. –секретарь Казкрайкома 26 января.

Прием И.В.Сталиным работников печати. 1927 год

Прием И.В.Сталиным представителей учебных заведений за 1927 год

3. Ходжанов Султан-Бек – курсы марксизма при Ком. Академии, слушатель, по личному «Сталин знает») 23 февраля.

Прием И.В. Сталиным советских работников за 1928 год

14. Нурмаков Н. -Председатель СНК Казахской республики, по вопросу Казахстана 30 марта.

Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, фил. Ғыл. Кандидаты. ҚР білім беру саласының Құрметті қызметкері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

15 сәуір, 2016 жыл. Петропавл қаласы.

Басқа материалдар

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button