Ресми

Бюджет әлеуметтік салаға бағытталады

Өкілеттіктері шеңберінде өзекті мәселелер мен жинақталған проблемаларды шешуге ықпал етіп, халық пен билік арасындағы алтын көпірдей болған облыстық мәслихат депутаттары аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен 2023-2025 жылдарға арналған өңір бюджетін бекітті. Бұған дейін үш жылдық кезеңге арналған облыстық бюджеттің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында және облыстық бюджет комиссиясында егжей-тегжейлі талқыланған. Әлбетте, облыстағы ахуал, тұрғындарының әл-ауқаты бюджеттен бөлінетін қаржыға тікелей байланысты екенін ескерсек, мәслихат төрағасы Нұркен Қобжановтың басшылығымен өткен сессияда қабылданған шешімнің қаншалықты маңызды екені белгілі.

Бюджет қайда бөлінді?

Қаржы басқармасының басшы­сы Людмила Башаринаның айтуынша, 2023 жылға арналған облыстық бюджет жобасында түсімдер мен шығыстар бойынша өзгерістер ескерілген. Мұнда 2022 жылы облыстық бюджеттен бөлініп, өңірлер толық пайдаланбаған нысаналы трансферттер, салық және әкімшілік айыппұл түсімдері, одан бөлек, өткен жылдан қалған бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары да кірген. Сонымен, бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 64%-ы экономиканың нақты секторына бөлінетінін айтады Людмила Викторовна.

– Бұл қаражатқа жылумен, сумен жабдықтау, су бұру нысандарын жөндеу және салу, коммуналдық шаруашылықты дамыту, қалааралық және қалаішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау көзделген. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен автомобиль жолдары жөнделіп, тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынады. Апатты су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіруге және облыстың ветеринариялық станцияларының материалдық-техникалық базасын нығайту да назарда болды, – деді басқарма басшысы.

Облыстық қаржы басқармасының мәліметінше, бюджет қаражатының шамамен 30%-ы әлеуметтік салаға бөлінеді. Оған денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және жөндеу жұ­мыстары кіретінін айту керек. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс­шаралар өткізу, сондай-ақ білім беру, спорт және денсаулық сақтау нысандарын салу да осы 30% есебінен болмақ.

Облыстық бюджетті бөлу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету назардан тыс қалған жоқ. Людмила Викторовна бөлінетін қаражаттың 5%-ы облыс аумағында осы шараны жүзеге асыруға қа­растырылған деген ақпаратпен бөлісті.

Одан бөлек, Людмила Баша­рина облыстық бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін ұлғайту республикалық бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер бөлу есебінен мүмкін болғанын айтады. Осылайша, облыс бюджеті 43,4 млрд. теңгені құрады. Ал, бөлінген 6,5 млрд. теңге мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбекақысын арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендия мөлшерін ұлғайтуға жұмсалады. Одан бөлек, эпизоотияға қарсы іс-шаралар өткізуге, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, орманшылар қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, ауыл тұрғындарына шағын несиелер және агроөнеркәсіптік кешен шеңберінде субсидиялар беру де осы қаражат есебінен жүрмек.

Облыстық бюджет қаражаты республикада бағалы қағаздар шы­ғару есебінен де ұлғайғанын айту керек. Ол үшін Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігімен кредиттік тұрғын үй құрылысы жобаларының тізбесі келісілген. Атап айтқанда, 4,7 млрд. теңгеге Қарағанды, Балқаш және Абай қалаларында кредиттік үйлер салынады.

 

ONAY! тиімділігін дәлелдеді

Нұркен Қобжанов бюджетті тиім­ді атқарудың түпкі мақсаты аза­маттардың өмір сүру жағдайларын жақсарту екенін айтады. Осы мақсатта биылғы жылдың бірінші ақпанынан облыс орталығын серіктес қалалармен байланыстыратын маршруттарда ONAY! электронды төлем жүйесі енгізілгенін білеміз. Оған Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларына және Шахан, Топар кенттеріне қатынайтын маршруттар кірді. Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мақсұт Қобжанов аталған бағыттарда жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тарифтер бұрынғыша қалғанын айтады. Ал, электронды төлем кезінде – 80 теңге.

– Жүйе жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін жоғарылатты.Тариф төмендеді, кондукторсыз ав­тобустарда жанжал да тоқтады.Ал, ONAY! мобильді қосымшасы арқылы қоғамдық көліктің қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігі пайда болды, – дейді Мақсұт Жолдыбайұлы.

Айта кетерлік тағы бір жағдай, басқарма дерегі бойынша жолау­шылар легі де артқан. Яғни, бұрын тәулігіне шамамен 16 мың адам тасымалданса, көрсеткіш екі есеге артып, 33 мыңға жеткен. Электронды төлем жүйесін енгізу жолаушылар санын да нақты біліп отыруға әкелген. Бұл өз кезегінде жаңа қоғамдық көліктерді жаңартуға мүмкіндік бермек.

– Өткен жылы облыс тасымалдаушылары 69 жаңа автобус сатып алса, биыл тағы 175 көлік алу жоспарда. Оның 43-ін жоғарыда аталған бағыттарға жұмылдырамыз. Автобус отандық өндіруші QazTehna зауытынан алынады, – дейді Мақсұт Қобжанов.

Басқарма басшысы сондай-ақ, облыстың әлеуметтік маңызы бар қалалық, қала маңындағы және ауданішілік қатынастарының тізбесіне өзгерістер енгізу мәселесін де ұсынды. Мақсұт Жолдыбайұлы бүгінде тізбе 132 маршруттан тұратынын айтады. Бағыттарды қала және аудан әкімдіктері ұйымдастыратындықтан, солардың ұсыныстары негізінде тізбеге 12 жаңа қатынас енгізіліп, сұранысы жоқ екеуі шығарылады. Ал, екі маршруттың атауы өзгереді.

Одан бөлек, теміржол қатынастарына қатысты да ақпаратпен бөлісті Мақсұт Қобжанов. Ұлытау облысының құрылуына байла­ныс­ты «Қарағанды-Жезқазған» және «Жарық-Жезқазған» маршрут­та­ры­ның статусы облысаралыққа өзгеріп, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің құзырына берілмек. Дәл осы себеппен автомобиль қатынастары бойынша бес маршрут та тізбеден шығарылып, Ұлытау облысы әкімдігінің құзыретіне кіреді.

 

Агломерация өңірді дамытады

2023 жылғы 1 қаңтардағы қабылданған «Агломерацияны дамыту туралы» Заңға сәйкес, Қарағанды агломерациясын құру бойынша жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын айтады облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева. Жалпы республика бойынша 5 агломерация болса, соның бірі – Қарағанды қаласы.

Біріншіден, агломерация орталығы болуы үшін 500 мың тұрғын болу шарт болса, Қарағанды қаласында 516,2 мың халық тұрады. Екіншіден, агломерацияға Қарағанды қаласынан 20 шақырым радиустағы елді мекендер, сондай-ақ Қарағанды қаласынан 30 шақырым қашықтықта, республикалық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан ауылдық елді мекендер кіреді.

– Агломерацияға кірген барлық өңірлерден орталыққа дейін көлік қатынасы бар. Бірыңғай еңбек нарығы қамтамасыз етілген және өндірістік, әлеуметтік-мәдени функционалдық байланыстарға ие, – дейді Татьяна Юрьевна.

Жалпы, Қарағанды агломерациясына 5 қала және 28 ауылдық елді мекен кіреді. Адам саны – 800 мыңнан асады. Ауылдық елді мекендер Абай, Осакаров, Бұқар жырау аудандарының аумағында орналасқан.

Татьяна Юрьевна Қарағанды агломерациясының ерекшелігі – құрамына 4 моноқаланың болуында дейді. Сәйкесінше, халықтың жұмыспен қамтылуы да қала құрау­шы кәсіпорындардың қызметіне байланысты.

Қарағанды қаласын екінші деңгейдегі агломерациялар тізбесіне енгізу инфрақұрылымдық дамуды үйлестіруді жақсартуға, желілердің тозуы, көлік байланысына және экология мәселелеріне байланысты проблемаларды шешуге, сапалы білім беру қызметтерін ұсынуға, денсаулық сақтауды жақсартуға мүм­кіндік беретінін айтып отыр басқарма басшысы. Бүгінде облыс­та Қарағанды агломерациясын да­мытуды ұйымдастыру процесі басталған. Сәйкесінше, бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспар әзірленеді.
Сонымен қатар, сессияда депутаттар Абай ауданының әкімшілік-­аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу шешімін қабылдады.

92 нысан салынады

2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 27 дәрілік зат және 13 ауру, 19 медициналық бұйым бойынша тегін қамтамасыз ету жүргізілетінін айтқан облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова облыстық мәслихаттан бұл тізімнен 5 назология бойынша 5 препаратты алып тастауды қарастыруды сұрады. Аталған препараттарды бұдан былай Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша «СК Фармация» ЖШС қаражаты есебінен алынады.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облыста 92 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарға енгізілгенін де айтты. Оған 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт кіреді. Жаңа нысандардың құрылысы 57 мың ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

92 нысанның 42-сі – биыл, 50-і 2024 жылы салынады. «Жергілікті бюджеттен медициналық кадрларды тарту үшін 69 медициналық қызметкерге оның ішінде 50 дәрігер, 14 акушер, 5 фармацевтке 262 млн. теңге бөлу жоспарда» деген Бибігүл Райханқызы облыстық мәслихат депутаттарынан ауылдық жерлердегі медицина және фармацевтика қыз­меткерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуді сұрады.

Бибігүл Төлегенованың сессияда көтерген келесі мәселесі – облыс бойынша псориаз ауруымен ауыратын науқастарға «Секукинумаб» препаратын сатып алуды қолдау. Дәл осы псориаз ауруына облыста екі бала шалдыққан. Бірақ, аталған препарат «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен дәрілік заттарды, бейімделген емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды беру тізбесіне» кірмегенімен, орфанды аурулар мен оларды емдеуге арналған дәрілер тізбесіне енгізілген. «Секукинумаб» препаратының бір шприці – 273 мың теңге.

– Препарат псориаз ауруын емдеудің хаттамасына кірген. Аталған препарат әр пациентке алғашқы кезеңде аптасына бір рет, содан кейін айына бір рет салынуы керек. 2023 жылы әрбір пациентті қамтамасыз ету үшін 12 шприц яғни, 2 пациентке 24 шприц қажет. Сомасы – 6 млн. теңге, – дейді Бибігүл Төлегенова.

Аталған препарат үшін арнайы ақша бөліп те керек емес. Бұған дейін облыстық бюджеттің бөлген қаражатын үнемдеу есебінен сатып алатынын айтады басқарма басшысы. Басқарма басшысының бұған дейін нақтыланған және қарастырылған ұсынысын депутаттар бір ауыздан қолдады.

 

Әлеуметтік жағдай – бірінші кезекте

Сонымен қатар, депутаттарға Қарағанды облысы әкімдігі жанын­дағы комиссияның дербес құрамындағы өзгерістер туралы ақпарат ұсынылды. Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің, Жастар ісі жөніндегі облыстық кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның, Терроризмге қарсы комиссияның, Жер комиссиясының, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның құрамы бекітілді.

Ал, Ермағанбет Қабдулаұлы бюд­жеттегі өзгерістер тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын іске асыруға, жаңа жылыту маусымына сапалы дайындық мақсатында шаралар өткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Одан бөлек, қалалық қоғамдық көліктерде балалардың тегін жүруі қамтамасыз етіліп, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары мектепке дейінгі мекемелерде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Аймақ басшысы Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі стационар ашылатынын да жеткізді. Атап айтқанда, балалар күндізгі стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын шағын мекеме пайда болады. Ол 12 төсекке арналған.

– Биыл біз әлеуметтік жобаны – мүгедек балаларға арналған сыйымдылығы аз үйді іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл – біз алғаш бастаған өте маңызды жоба. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Сессияны аяқтаған облыстық мәслихат төрағасы қатысушыларға белсенді жұмысы үшін алғыс білдірді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button