Бас тақырыпМәселе

«Былтырғы мен биылғы-ай»

Жаңа белес, жаңа кезеңге қадам басар сәтте былтырғы мен биылғыны салыстыра сөз сабақтайтын әдетіміз бар еді ғой. Ендеше, былтырғы жылдың дәл осы күнінде қандай күй, нендей халде едік? Әңгіменің түйініне, мәселенің мәнісіне осылай төтесінен түссек…

Қасіретті қаңтар жанымызды жаралы еткен. Бейбіт түрде басталған шеру бейберекет ереуілге ұласты. Оқ атылып, қан төгілген. Тай төбеліндей ғана арандатушы тарап ахуалды ушықтырып, төңкерістің аз-ақ алдында қалған екенбіз. «Ақырып теңдік сұрау» – атаның жолы дегенімізбен, артық кеткенімізді кейін білдік. Кешіккен сабыр себебі айқын оқиғаның салдарын күрделендіріп жіберді. Ғаламтор бұғатталып, алаңторға шырмалғанбыз.

Сурет: rast.kz сайтынан

Себебі айқын деп қалдық па? Иә, жылдар бойы қордаланған мәселе жоқ емес еді. Және ол шегіне жетіп те қалған. Халыққа етене жақын билік тармақтарының салғырттығы. Ол да ем қонбас дауасыз дертке айналған. Жіліктің майлы басын ұстаған олигархтардың менмендігі. Бұл жайлы ауызбен айтып, жеткізу тіптен қиын. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Оған дауа болмай кеткен. Осының барлығы жиналып келіп, қоғамдағы аузы бітеу жараға айналған. Жараның бір күні жарылары анық еді… Жарылды. Жоқ, талап – орынды. Алғашында бейбіт түрде айтылды. Дат айтудың далалық һәм даналық үлгісімен айтқанбыз. Билік назар аударды. Бірден шара қолданып, Үкімет доғарысын қабылдау бойынша шешім де қабылданды. Не керек, былтырғы Барыс жылы осылайша ауыр басталған.

Тіпті, елдігімізге қатер төніп, Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздаған екенбіз. Әрине, мұның барлығы – сыртқы күштердің арандатушылық пиғылы болғаны дәлелденді. Егер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол сәттегі батыл байлам, тарихи тәуекелі болмағанда, әлдеқандай жағдай боларын дәл сол күні ешкім болжай алмас еді. Дегенмен, бір жамандықтың мың игілігін көріп отырмыз бүгін.

Жылдар бойы халықтың өкпе-назын өршітіп келген билік режимі өзгеріске бет бұрды. Бір жылдың ішінде аңызға етене жағдайлар ақиқатқа айналды. Демократиялық қағидаттарға негізделген реформалармен бетпе-бет келдік. Билік пен бұқараның ымырасы ырысқа бастады.

Осынша күрделі кезеңде оқиға ортасынан хабар таратып, халықтың билікке деген сенімін оятуға сеп болған сүйікті «Орталықтарыңыз» жаңа дәуірге өздеріңізбен бірге қадам басып отыр. Осыдан тура бір жыл бұрын жедел ақпарат көздері бұғатталып, қоғам іштен тынып тұрған ауыр күндерде арнайы шығарылым әзірлеп, ықпалды топтардың ырқында кеткендерді сабырға шақырған да біз едік. Есік қағып, табалдырық аттаған жаңа жылда да осы бағытымыздан айнымақ емеспіз.

Барыс жылы жалпыхалықтық референдуммен басталған саяси реформалар мен өзгерістер кезеңі жаңа жылда да жалғасын табады. Сіздің пікір мемлекетшіл пиғылда өрбіп, патриоттық сипатта өріліп жатса, газетімізден ойып тұрып орын беруге әзірміз. Ақиқаттан алшақ кету ойымызда жоқ.

Қадірлі оқырман!

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары газет таралымы біртіндеп азайып келеді. Бұл – біздің «Орталыққа» ғана емес, барлық қағаз басылымдарына тән проблема. Хабар тарату шапшаңдығы басым жаңа медианың заманы туды. Десек те, дәстүрлі БАҚ-тың бағы тайды деуге әлі ертерек.

…Күнтізбе мен тарихтың жаңа парағы ашылды. Жаңа күннен, жаңа жылдан жаңа леп байқалады. Биыл да қаңтар туды. Былтыр саяси дауылымен сабырымызды қашырған қаңтар биыл ақ боранымен әбігер етіп тұр. Биылғы бұрқасын былтырғы дауылдың жанында түк емес.

Жыл жемісті болсын!

Ерсін МҰСАБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button