Рухани жаңғыру

«Былдыр-былдыр тіліңнен» немесе балаларда тіл мүкістігі неге көп?

    Жасырып, жабатыны жоқ, бұл күні жұдырықтай баланың басым бөлігінде тіл кемістігі көп. Дыбыстарды дұрыс айта алмайтын былдырлаған балдырғанды кез келген отбасынан ұшыратасыз. Содан логопед қазір тоқсанышы жылдардағы қант тапшылығындай қат. Баласының тіл мүкістігін түзеуге логопед іздеген ата-ана екінің бірі, егіздің сыңары. Қала баласы логопедпен жете таныс. Ал, ауыл баласы – бейтаныс. Өйткені, ауылдық балаларда «р», «ж», «ш», «с» секілді дыбыстарды айта алмайтындары – некенсаяқ. Оларда тіл мүкістігі жоқтың қасы. Неге? Ойланып көрдіңіз бе? Есесіне, «р»-ны «ыл», «ш»-ны «с» дейтін қала баласы жыртылып айырылады. Себеп? Себеп – қазір құм, асық ойнаған, малта сорған, сүйек мүжіген бала жоқ…

Бұл мәселені айдың, күннің аманында, жар астынан жау іздеп, ауадан алып отырғанымыз жоқ. Өйткені, осы проблема өзіміздің де басымыздан өткен. Баламыздың «Р» дыбысын айта алмауы логопед мамандарға жүгіндірген. Сонда мамандар көпшілік мән бермейтін талай жайтты көкірекке құйып берген-тін. Сөйтсек, бар мәселе – баланың тілінде емес. Оның түп тамыры өзіміздің осал, былқылдақ тәрбиемізде екен.

Жұлдыз, логопед:

Баланың саусақтарының ұшындағы бұлшық еттерінің дамуы, үнемі қозғалысқа түсуі тіл бұлшық етінің жетілуіне әкеледі. Сол арқылы бала тілі дамиды екен. Мұны мамандар «ұсақ моторика» дейді. 3-4 жастағы баланың дыбысты дұрыс айтпауы қалыпты құбылыс. Ал, егер 5 жасқа дейін ол түзелмесе, алаңдауға негіз бар. Мамандарға арнайы бару керек.Сонда ғана баланың дұрыс сөйлеуіне сенім мол. Бірақ, бұл бірнеше сеансты қажет етпек. Ең бастысы, балаға дер кезінде көңіл бөлу қажет.

Мамандардың айтуынша, бала «р»-ны айтқанда тілде діріл, вибрация болуы тиіс. Егер ол діріл болмаса, «р» «л»-ға айналады. Тілде діріл пайда болуы үшін логопедтер балаға түрлі жаттығулар жасатады. Тілдің бұлшық етіне әсер ететін. Соның нәтижесінде тіл дамиды. Мұндай жағдайға жеткізбес үшін баланың кішкентай күнінде мән берген дұрыс.

Заман өзгерген сайын баланың тәрбиесі де өзгерді. Бұрын бала ауланың бір бұрышына төгіп тастаған құмның ортасында отыратын. «Қолың жарылып кетті ғой» деп үлкендер қуалап жүріп әзер кіргізетін үйге. Осы күні құмның шаңын шығарған баланы емге ұшыратпайсыз. Асық туралы, тіпті, жақ ашпай-ақ қоялық. Асықтың не екенін білмейтін бала бар. Мұны неге сөз қылдық? Біле-білсек, мамандардың баяндауынша, «р»-ды баланың «ыл» деуінің сыры осы ұлттық әдет-ғұрыптан ажырағандықта жатыр.Ең әуелі, құм. Баланың дыбысты дұрыс айтуына құмның қандай қатысы бар дейсіз ғой. Мамандар құммен ойнаған баланың саусағының ұшындағы бұлшық еттер дамитынын айтты. Сол арқылы тілдің бұлшық еті жетіледі. Ал, енді шақшадай басыңызды шарадай етіп көріңіз. Балаңыз құм, топырақ ойнай ма? Дұрысы, ойнатасыз ба?

Екінші, асық. Шыны керек, ертеректе өз басымыз, үйде асықпен неше түрлі ойын ойнайтынбыз әжемізбен. «Жиырма бір», «Ханталапай», «Бес асық» секілді асық ойындарын төр алдына асығын шашып тастап, ойнап отыратын бала. Бұл да дәрігер қауымның сөзінше, баланың саусақтағы сезім, жүйке нүктелеріне әсер етпек. Сонда оның тілге де ықпалы зор. Бүгінде бұл үрдіс бар ма? Асық ойнамақ түгілі, оның не екенін бейхабар балдырғандар жетерлік. Мұны ойға тағы бір мәрте түйіп алған жөн.

Үшінші, малта. Кәдімгі малта құрт. Қатқан, әбден күн көзінен кеуіп қалған құртты ұртымызға салып жүретініміз – ауылда өскен бәрімізге таңсық емес. Ал, осы малтаның бала тілінің дұрыс шығуына ықпал ететінін білесіз бе? Атақты грек шешені Демосфеннің тілінің мүкістігін кетіру үшін ұсақ малта тасты аузына салып жүрген деген аңыз бар. Әрине, грек малта құртты қайдан білсін. Қазақ емес қой. Ал, қазақтың тіл кемістігін жоятын құралы қолында тұр. Ол – құрт.

Төртінші, сүйек мүжу. Ертеректе ата-әжелеріміз тісі енді шыққан баланың қолына қойдың жілігін ұстатып қоятынын көретінбіз. Бала әлгі жіліктің басын олай жалап, былай жалап, өзімен-өзі әуре болатын. Сөйтсек, мұның да мәні тереңде екен. Бала сүйек мүжіп, тілі екі ұртына кезек қозғалып, әуреге түскенде, тілдің бұлшық еттері дамитын көрінеді. Бұл болса, болашақта бала тілінің дұрыс шығуына ықпал етпек. Міне, мәселе қайда жатыр?!

Кешегі көшпенділерден қалған салт-дәстүр, дағдының алар орны ерен екен. Ендеше, тамырымыздан ажырамайық.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button