Буллингті кімдер жасайды?
Ұлттық Құрылтайда Президент өскелең ұрпақ тәрбиесіне тоқталды. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының мәлімдеуінше, қазақстандық жасөспірімдердің 13%-ы, шамамен әрбір 8 жасөспірімнің 1-еуі кибербуллингке ұшырайды. Жасөспірімдердің шамамен 11%-ы немесе 9 жасөспірімнің 1-еуі басқа балаларға киберәлімжеттік жасаушылар тобына қатысқан.
Ұлт бейнесі – тәрбие көрген, ғылым мен білім қуған, әлемді өз күшімен бағындырған жас ұрпақтан байқалады. Әрбір ұрпақтың санасында ұлтына, жеріне деген шексіз махаббаты болуы керек. Қазір «заман талабына сай» деп, балаға шектеу қоймайды. Соның әсерінен смартфонға байланған жас ұрпақ өсіп келеді.
Осы орайда Қарағанды қаласы №50 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі Бибігүл Кәрібайқызының пікірін білген едік.
– Бастауыш сынып мұғалімі ретінде буллингке ұшыраған оқушыларды әлі кездестірмедім. Ұстаз ретінде буллингке жол бермеудің барлық әдіс-тәсілдерін қолданып, мұндай жағдай орын алмауын қадағалаймыз. Тәрбие мектептен емес, тал бесіктен басталатынын ұмытпаған жөн. Ұстаздың басты міндеті – оқушыға сапалы білім беру, болашақ маман иесі ретінде дұрыс жолға бағыттау. Сондықтан, мектепте орын алған тәртіпсіздікке ұстазды кінәлау да орынсыз. Себебі, әр баланың жанында болып, оған дұрыс тәлім-тәрбие беретін ата-анасы бар. Кейбір отбасыларда орын алатын жанжал, ұрыс-керістің әсері балаға тиюі мүмкін. Тіпті, ата-анасы көңіл бөлмегендіктен балалар арасында бір-біріне қатыгездік сынды қоғамға жат әрекеттер мектеп қабырғасында орын алады, – дейді Бибігүл Кәрібайқызы.
Көпшіліктің айтуынша, мектеп оқушыларының арасындағы зорлық-зомбылық, қысым, әлімжеттік – зиянды ақпараттың көптігінен орын алады. Осы мәселе жөнінде «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы өз ойымен бөліскен еді.
– Әлеуметтік желідегі ақпараттың қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін сараптай алмаймыз. Қазір жасөспірімдердің буллингке, зорлық-зомбылыққа жақын тұру себебі де осы ақпараттық алаңдағы жағымсыз нәрселерден. Біз құндылық деген нәрседен ажырап кеттік. Мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдылық, қарапайымдылық сияқты құндылықтар үйде үнемі айтылуы тиіс. Ал, енді қысым, әлімжеттікке ұшыраған балалармен «Сенімен болашақ» бірлестігінің психологтары жұмыс жасайды. Бұл бала неге қысымға, әлімжеттікке ұшырады? Әдетте, қысымға ұшырайтын балалардың досы болмайды. Ол мәселе неден? Досы жоқ болғаннан кейін ол үнемі томаға-тұйық жүреді. Айналасына сенімсіздік танытады. Буллингті әдетте кімдер жасайды? Буллингті өз-өзіне сенімсіз адамдар жасайды. Өзінің бағасын көтеру арқылы, біреуге әлімжеттік жасағысы келеді. Демек, оның үйінде де өзіне мейірімділік жетпей жүреді де, біреуге соны жасау арқылы орнын толтырғысы келеді. Әлімжеттікке ұшыраған баламен бірінші ата-анасы жұмыс жасап, дос болуы қажет. «Балам, қандай мәселе болса да, бірге шешейік, сенің ең жақын досың ата-анаң, яғни біз, қандай жағдай болсын бізге айт, бірлесіп шешеміз, әрқашан сенің қолдаушыңбыз, сенім артамыз» деген сияқты үнемі жақсы сөздер айту керек, – дейді Индира Жанұзаққызы.
Осы орайда бізге бір оқушының анасынан анонимді сұрақ түскенін айта кеткен жөн. Оның айтуынша, баласы анимелермен дос көрінеді.
– Қазір аниме деген үрдіс шықты ғой. Анимелермен ғана дос. Мектепте досы жоқ. Мен ата-ана ретінде баламның мектепте ешкімнен қорлық көрмей, сапалы білім алғанын қалаймын. Егер, мектеп те осындай жағдай орын алса, бірден ұстазға жабу не болмаса ата-анадан жасыру дұрыс емес, – деді оқушының анасы.
Осы мәселе жөнінде біз психологқа жүгінген едік. Оның айтуынша, бала үйінде ешкімнен мейірім көрмейтіндіктен, анимелерді, неше түрлі кейіпкерлерді дос қылады. Соған сырын айтады. Сондықтан, балаға үйде көп көңіл бөлген дұрыс.
Ұлт тағдырына, болашағына алаңдаған Мемлекет басшысы бұл мәселенің түбегейлі жойылуы керек екенін айтқан болатын.
– Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ұрпақ тағдырына бейжай қарамай, қоғам болып өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысу – міндет.
Аружан СЕРІКБАЙ,
Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің II курс студенті.