ҰБТ-ға онлайн тіркеу жалғасады
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде пайдаланылатын сұрақтар арасында IV тоқсанның бағдарламасы қамтылмайды. Тестілеу сұрақтары мектеп бағдарламасында меңгерілетін негізгі тақырыптарды қамтиды.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, мамандар тест тапсырмаларының мазмұнын егжей-тегжейлі талдаған.
– Біз қашықтықтан оқуға көшу ҰБТ-ға дайындалуға әсер етпейді деп есептейміз. Оның үстіне, мектеп оқушылары Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған сынама тестілерін тегін пайдалану мүмкіндігіне ие. Әрбір пән бойынша 70 нұсқа әзірленді. Біз оқушылардың сынама тестілерін белсенді пайдаланатынын көріп отырмыз. Карантин кезінде оқушылардың сынаққа жақсы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалуда. Оның үстіне сұрақтар төртінші тоқсанның тақырыптарын емес, жалпы мектеп бағдарламасын қамтиды. Айтпақшы, соңғы жылдары фактологиялық материалды жаттау мен есте сақтауға емес, функционалдық сауаттылыққа байланысты сұрақтардың үлесі артып келеді, – деді Дидар Смағұлов.
Айта кеткен жөн, ҰБТ-ға онлайн тіркеу 10 мамырға дейін созылады. Тестілеуді өткізу бұрынғы форматта қалғанымен, қосымша санитарлық шектеу шаралары енгізіледі. Сонымен қатар, карантин ұзартылған жағдайда ҰБТ-ны өткізудің балама нұсқасы дайындалмақ.
Аяулым СОВЕТ