Басты тақырып

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

     2017 жылы ҚР«Білім туралы» Заңға енген өзгерістерге сәйкес Ұлттық бірыңғай тестілеуді түлектер ЖОО-ға түсетін кезде тапсырады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыс мектептерін 7058 түлек бітіреді. «Алтын белгі» төсбелгісіне – 281, үздік аттестатқа үміткер – 150 түлектің бәрі мемлекеттік бітіру емтиханына қатысады. Сонымен, Ұлттық бірыңғай тестілеудің кезеңдері қандай?

Бітіру емтиханы – болашағың

Алдымен, оқушылар мектепте қорытынды аттестаттау, яғни, мемлекеттік бітіру емтиханынан өтеді. Осы емтиханнан кейін екінші жоғары оқу орнына түсу сынағы, яғни, ҰБТ тапсырады.

Мемлекеттік бітіру емтиханы мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және 1 таңдау пәні бойынша өтеді.

Тестілеу ана тілі және әдебиеттен (оқыту тілі) жазбаша (эссе) емтиханнан басталады. Талапкерлер 3 сағат аралығында ұсынылған үш тақырыптың біреуін таңдап, 250-300 сөзден тұратын эссе жазуы қажет. Ал, математикадан өтетін жазбаша емтихан 5 тапсырмадан, оған 5 сағат беріледі. Сол сияқты Қазақстан тарихынан өтетін ауызша емтихан билетінде 3 сұрақ бар. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен (берілген уақыт 80 минут, барлығы 40 сұраққа 40 балл) өтеді.

Мемлекеттік емтиханның соңында талапкер соңғы таңдау пәнінен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика пәндерінің біреуін таңдайды) өтеді. Бұл бөлімде барлығы 40 тест тапсырмасы бар.

Қорытынды аттестаттаудың нақты мерзімі министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығынан белгілі болады. Емтихандар 29 мамыр мен 9 маусым аралығына жоспарланған.

Сенің мүмкіндігің –

бейіндік пән

Ал, биылғы өзгерістер бойынша ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі боп қалды. Тестілеу форматына сай 5 пән бойынша 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) беріледі. Тапсыратын 5 пәннің 3-еуі міндетті, оған қоса талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-еуі таңдауға ұсынылып отыр. Тест екі блок бойынша өтіп, бірінші блок – математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығына, екінші блок – екі бейіндік пәнге арналған. Тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Ал, талапкер жинауы тиіс балл – 50.

Айта кеткен жөн, биылғы өзгерістің бастысы – ЖОО-ның барлық 175 мамандығының бейінді пәндерге байланысты 10 комбинацияға бөлінуі. Бітіруші түсетін мамандығына байланысты бейінді пәндерді 52 мамандықтың ішінен таңдау мүмкіндігі бар.

ҰБТ барысында талапкерлер емтихандағы кейбір сұрақтардың жауаптарымен келіспей жатады. Дұрыс жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған комиссия жүргізетіндіктен, бітіруші келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдана алады.

Жалпы, сынаққа өтініш қабылдау ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы 10 наурыз – 10 мамыр аралығында жүреді. Ал, тестілеу – 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Белгілі себеппен тапсырмағандардың 2018 жылдың қаңтар айында ақылы негізде қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Шектік балл деңгейі өзгермейді.

Кешенді тестілеу –

колледжде

Сондай-ақ, колледж бітірушілері үшін тестілеуге өзгертулер енді. Жаңа талап бойынша оларға 60 сұрақ беріліп, оның 20-сы жалпы пәндер және 40-ы – бейінді пәндер бойынша (мысалы, педагогикалық мамандыққа баратын педагогикалық колледждің бітірушісіне арналған) ұсынылмақ. Бітіруші тестілеуді ҰБТ форматымен тапсырады. Шектік балл – 35 болса, тестілеуге берілетін уақыт – 100 минут. Колледж түлектері үшін тестілеу – 17-23 шілде аралығында өтеді.

Жалпы, сауалнама барысында облыс түлектері биыл жаңа үлгідегі тестілеуге дайын екенін айтуда. Ұстаздары болса, оларға таңдау пәндері сәттілік әкелеріне сенімді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button