Жаңалықтар

БРУЦЕЛЛЕЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК

Осы мақала арқылы қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектері арқылы бруцеллез ауруының пайда болу тарихы, жұғу жолдары және оған қарсы күрес шаралары туралы оқырмандарды таныстыруды жөн санадым.

Бруцеллез ауруы бірнеше шет мемлекеттерде кең таралған. Сонау Африканың тропикалық мемлекеттерінен бастап Алясканың мұз құрсаған аймақтарына дейін бұл жұқпалы ауруды кездестіруге болады. Бруцеллез жаңадан пайда болған ауру емес, атам заманнан бері келе жатқан дерт. Бруцеллез көне дүние дәрігерлеріне де мәлім болған. Ертеде өмір сүрген грек дәрігері Гиппократ (б.э.д. төрт ғасыр бұрын өмір сүрген) адамның буын-буынын кеміріп, сай-сүйегін сырқырататын, қара терге түсіріп, тынышын алатын осы бір ауру бруцеллез туралы кезінде жазған екен.Одан кейінгі заманда да әр ғалым, әр дәрігер бруцеллез ауруын әр түрлі атап, оның өзіндік ерекше белгілерін өздерінше сипаттап жазып отырғаны мәлім. Мәселен, қазақ халқы оны «селсоқ ауруы», «сарып ауруы» десе, түрікмен ағайындар «ешкінің безгегі» деп атап келгенін білеміз.

Он тоғызыншы ғасырдың соңында Жерорта теңізіндегі Мальта аралында әскери қызмет атқарып жүрген ағылшын солдаттарының арасында безгектің бір өте ауыр түрі бұрқ ете түседі. Ол кезде «Жерорта теңізі безгегі» деп аталатын бұл аурудың қоздырғыш микробтары мен болу себептері көп уақытқа дейін ғалымдарға белгісіз әрі түсініксіз болып келді. Армияның жағдайы күрт нашарлаған соң, Мальта аралына арнайы медициналық комиссия жіберіліп, ол комиссия құпия аурудың сырын ашуға әрекет жасайды. Сөйтіп, бруцеллез туралы алғашқы ғылыми деректер мен пайымдаулар ағылшын әскери дәрігерлерінің еңбектерінде жазылып қалған. Комиссияның мүшесі, жас әрі дарынды микробиолог Давид Брюс 1887 жылы безгектен (бруцеллезден) қайтыс болған солдаттың көк бауырынан осы безгекті қоздыратын микробты тапты. Ғалым бұл микробты жергілікті жердің атымен (Мелита) «микрококкус-мелитензис» деп атайды. Жоғарыда айтылған комиссияның бір мүшесі Заммит (1906ж.) Мальта аралында ешкінің соншама көп екендігіне назар аударады. Ол эксперимент арқылы да, табиғи жағдайда да бруцеллездің ауру ешкінің сүтінен жұғатынын анықтайды. Бруцеллезбен ауырған ешкінің сүтін ішкен адам мен маймыл 14-15 күннен соң безгекпен ауыратынын дәлелдеп берді. Сөйтіп, Заммит бүкіл Жерорта теңізі аймағындағы «микрококкус-мелитензис» микробының ұясы сол жердегі ауру мал екендігін тапты. 1897 жылы Дания ғалымдары Банг пен Стрибольт іш тастататын аурудың қоздырғыштарын сиырдың шуынан тапқан. Осы микробты сау буаз сиырға жұқтырғанда ол іш тастаған. Ал 1914 жылы американ ғалымы Траум, 1916 жылы Гут және Смит деген ғалымдар іш тастаған шошқадан да жоғарыдағы қоздырғыштарға ұқсас микробтар тапқан. 1916-1918 жылдары американ зерттеушісі Алиса Ивенс микробтардың сыртқы тұрпаттарын зерттеп, жоғарыда сөз болған сиыр  мен шошқадан табылған микробтардың бір-біріне ұқсастығын анықтайды. 1920 жылы Мейер мен Фезье, Алиса Ивенс жасаған осы қортындыны растап, үш түрлі микробтарды бір топқа бөледі. Сөйтіп, бұл микробты тұңғыш рет тапқан ғалым Давид Брюстің құрметіне оны Brucella деп атады. Содан бері бұл ауру бруцеллез деп аталып кетті. Міне, бруцеллез ауруымен әуелі ешкі, қой, сиыр, шошқа ауыратыны анықталып, солардан адамға жұғатыны мәлім болса, кейінірек ғалымдар бруцеллезбен үй жануарларының (түйе, ит, жылқы, т.б.), тіпті жабайы жануарлар (тиін, қоян, суыр, т.б.) құстар мен түрлі жәндіктер де ауыратындығын дәлелдеді. Мал және басқа да жануарлар мен жәндіктер, сондай-ақ адам арқылы бруцеллез ауруы дүние жүзіне тарай бастады. Ресейге бруцеллез Мальта аралынан Қырым соғысы (1853-1856ж.ж.) кезінде тарады. Патша өкіметі бруцеллезге қарсы ешқандай шара қолданбады. Сол себепті де бұл ауру біздің жерге, әсіресе, Орта Азия мен Қазақстанға едәуір тарады.

Бруцеллезбен малдар қалай ауырады және адамға қалай жұғады?

Бруцеллез микробтары тек мал мен адам организмінде ғана емес, сондай-ақ толып жатқан жабайы хайуандарда, аңдарда, тышқандарда және т.б. кездесетіндігін жоғарыда айтып өттік. Алайда бруцеллез адамға көбінесе малдан жұғады. Өйткені адамның көбірек араласатыны мал ғой. Бруцеллез адамға малдан қалай жұғады деген сұраққа жауап бермес бұрын бруцеллезбен ауырған малды қалай білуге болады, оның белгілері бар ма, бар болса, қандай? – деген сұраққа жауап беріп көрейік. Бруцеллез ауруы малдың әр түлігінде түрліше білінуі мүмкін. Сиыр мен бұқада бруцеллез ауруының белгілері көбінесе байқалмай, елеусіз өтуі де мүмкін. Мұндай жағдайда малдың ауырған-ауырмағандығын тек ветеринариялық зертхана әдістерімен ғана білуге болады. Ал кей жағдайда аурудың аздап болса да сезілуі ықтимал. Ондай сиырдың немесе бұқаның буындары ісініп, аздап ақсаңқырайды. Сиырдың желіні, бұқаның жыныс безі ісе бастайды. Бруцеллездің ең ауыр асқынған және қауіпті кезеңі 5-7 айлық буаз сиыр іш тастайды. Соның салдарынан ол сиыр жыл сайын қысыр қалатын болады. Адамға бруцеллездің жұғуына көбінесе ауру қой мен ешкі себеп болады. Ірі қара малдың бруцеллезі сияқты қой мен ешкіде де бруцеллез көбінесе байқалмай, белгі бермей жүре беруі мүмкін. Ауру деп сезіктенген малды үнемі бақылап отырғанда ғана оның ауырғанын білуге болады. Қой мен ешкідегі бруцеллез ауруының белгісі көбінесе іш тастаудан, өлі төл туудан көрінеді. Кейде ешкі немесе қой сүйек пен буынның ауруға шалдығуына байланысты ақсай бастайды. Мұндайда саулық қойдың емшегі, қошқардың жыныс безі ісетін жағдайлар болады. Шошқада бруцеллез кенеттен, не созылмалы түрде өтеді. Ауру аяқ астынан басталғанда оның температурасы көтеріледі, жем жемей, арықтай бастайды. Еркек шошқаның жыныс безі ісіп кетеді. Буын-буындары ісініп, шодырайып тұрады. Іш тастайды. Ірі қара малдағы сияқты шошқада да бруцеллез ешқандай белгі бермей, тек лабораториялық әдістер арқылы тексергенде ғана білінуі мүмкін. Жылқыда бруцеллез ауруы өзге малға қарағанда басқаша білінеді. Жылқыда бұл аурудың салдарынан іш тастау деген болмайды. Оның есесіне жылқының желке, жон еттері қабынып, шықшыты іріңдейді, кейде тіпті шірігендей белгі береді. Сондай-ақ ауру жылқының буындары ісіп, ауыратын болғандықтан, тез болдырып, ақсап қала береді. Ғалымдардың айтуынша жылқы малы бруцеллезбен сирек ауырады. Ал түйелерді алсақ, бұларда да бруцеллез ірі қараның ауырғанындай басталады. Тұңғыш боталайтын буаз інген 6-7 айдың арасында іш тастайды. Ауру түйенің буыны ісінетін де кезі болады, бірақ бұл белгі сирек кездеседі. Сонымен, бруцеллез белгілері әр түрлі мал түліктерінде түрліше білінгенімен, бәріне ортақ белгі буаз малдың (сиыр, қой, ешкі, түйе, шошқа) іш тастауы болып табылады. Мал іш тастағанда бөлінетін сұйық заттармен, шумен, өлі түскен төлмен бірге бруцелла микробтары да қоса шығады. Сондықтан бруцеллез ауруының жұғуы (80%) сәуір-шілде айларында, яғни көктемгі немесе жазғы мезгілдерде көбірек кездеседі. Демек, малдың іш тастаған жерлеріндегі (жайылым, қора және т.б.) микробтар адамға, сау малға жұғуы өте жоғары болады. Осындай жерлерге мал иесі жергілікті ветеринар мамандарға хабарлап дезинфекция жасатуға міндетті (ҚР АШМ 2015ж. 29.06. №7-1/587 «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар»; Дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу қағидалары). Бруцеллез микробтары ауру малдың зәрі, жыны мен қиы арқылы да үнемі шығуынан мал жайылымдары мен cуаттар, ондағы шөп, топырақ, су, қысқасы, сол аймақтың бәрі де түгел ластануы мүмкін. Кейде тіпті құдық суының өзін қайнатпай ішу де өте қауіпті, себебі ауру малдың зәрі арқылы ластанған топырақ, шаң-тозаңның құдыққа түсуі ғажап емес. Ауру малдың терісі, жүні, түбіті арқылы да бруцелланың жұғуы әбден ықтимал. Сондай-ақ ауру сиырдың, ешкі мен қойдың сүтінде де микробтар өте көп болады. Қоздырғыштар шикі сүттен жасалған тағамдарда: брынза, кілегей, қаймақ, қымыз, май, шұбат, ірімшік, ет, т.б. көп ұялайды. Бруцеллезбен ауырған биені сауу қауіпті және ондай биелердің сүтінен қымыз дайындауға үзілді-кесілді тыйым салынуы керек. Сиыр бруцеллезімен адам сирек ауырады. Ал сиырлардың қой, ешкі бруцеллезін жұқтыруы өте қауіпті. Егер қой, ешкі малының бруцеллезі адамға жұқса бұл өте қатерлі, адамның ұрпақ әкелмеу мүгедектігіне әкеп соғады. Теңіз тышқанына, ақ тышқанға және қойға жасалған тәжірибелерден бруцеллез қоздырғыштарының теріден де өтетіндігі, ас қорыту жолы арқылы да, тыныс жолдары, адамның көзі арқылы да жұғатыны анықталды. Бруцеллалар адамның организміне тері арқылы, әсіресе дененің терісі сыдырылған, жарылған жерлері арқылы тез жұғады. Көптеген зерттеушілер тіпті олардың жарақаттанбаған сау теріден өтіп барып жұғатындығын да анықтап берді. Қолды жумай тамақ ішу, тіпті ауру мал қорасының ішінде темекі тартудың өзі де қауіпті. Бруцеллезді шаң-топырақ арқылы да жұқтырып алуға болады. Қолға қолғап кимей ауру қойды қырыққанда, сондай-ақ жүн түткенде, тері өңдегенде де жұғады. Ауру мал қораларында немесе оның маңында жалаң аяқ жүруге болмайды. Ауру малдан туған қозы-лақпен ойнаған балалардың да ауруы мүмкін. Адамға бруцеллездің жұғу қаупін тудыратын, негізінен, ауру малдар, олардан алынатын азық-түліктер, шикізат өнімдері. Ауру малдың етін бұзғанда да бруцеллез ауруын жұқтырып алуға болады. Қоздырғыштар ауру малдың бауырында, көк бауырында, желінінде, сүйек майында көп кездеседі. Сондықтан бұл жағдайларды үнемі есте сақтап, тиісті сақтану шараларын қолданып отыру қажет.

Ветеринария ғылыми-тәжірибе журналының 2017 жылғы №2 (50) санында жарияланған мақалада әлем бойынша бруцеллез ауруына тұрғындардың шалдығу көрсеткіші Испания мен Қырғызстаннан кейін өкінішке орай Қазақстан үшінші орында екен.

Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің карантиндік және аса қауіпті ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының м.а. Г. Муксинованың салыстырмалы мәліметі бойынша Қарағанды облысында: 2016 ж.-10 адам, 2017 ж. (6 ай) 6 адам бруцеллез ауруына шалдықса, Республика бойынша 2016 ж.-1047 адам, 2017 ж. (6 ай) – 460 адам аталған ауруға шалдыққан.

Жоспарлы ветеринариялық іс шараларды орындау барысында 2016 жылы Қарағанды облысы бойынша бруцеллезге ірі қара – 2956 бас, ұсақ мал – 242 бас анықталса, 2017 жылдың 8 айында ірі қара – 3405 бас, ұсақ мал – 170 бас ауруға анықталды. Биылғы жылғы 8 айлық жоспар бойынша ірі қара малының бруцеллез ауруына анықталу көрсеткіші: Абай ауданында 384 бас, Ақтоғайда 110 бас, Бұқаржырауда 311 бас, Жаңаарқада 832 бас, Қарқаралыда 837 бас, Нұрада 203 бас, Осакаровта 189 бас, Ұлытауда 181 бас, Шетте 249 бас, Балқашта 2 бас, Жезқазғанда 4 бас, Қарағандыда 19 бас, Қаражалда 8 бас, Приозерскіде 0, Саранда 16 бас, Сатбаевта 26 бас, Теміртауда 4 бас, Шахтинскіде 30 бас. Қой-ешкі малы: Абай ауданында 17 бас, Ақтоғайда 13 бас, Нұрада 20 бас, Осакаровта 111 бас, Шетте 4 бас, Шахтинскіде 5 бас.

Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар бойынша қолайлы шаруашылық жүргізуші субъектілерде жануарлардың бруцеллезін уақтылы айқындау мақсатында жоспарлы түрде диагностикалық зерттеу бүгінгі күні келесі тәртіппен жүргізіледі: ірі қара мал: физиологиялық жағдайына қарамастан аналық бас – жылына екі рет; 4-6 айлық төлдер – жылына бір рет; аталық бұқалар – тоқсан сайын; қалған ересек бас – жылына бір рет; іш тастау орын алған жағдайда, тасталған төлдерді биосынаманы қою арқылы бактериологиялық немесе ПТР (полимеразды-тізбекті реакция), ал іш тастаған малдардың қаны зерттеледі; қой мен ешкі: аналық қойлар (ешкілер) – (ұрықтандырылар алдында және төлдеу науқанынан кейін) жылына екі рет; одан әрі өсімін молайту үшін пайдаланылатын 3-4 айлық жастан бастап төлдер және қалған ересек мал басы – жылына бір рет; аталық қошқарларды бруцеллез бен инфекциялық эпидидимитке – жылына екі рет (шағылыстыру науқанына дейін және кейін); іш тастау болған жағдайда, тасталған төлдерді биосынама қою арқылы бактериологиялық немесе ПТР, ал іш тастаған малдардың қанын зерттейді; шошқа: негізгі аналық мегежіндер және аталық қабандар – жылына бір рет; одан әрі өсімін молайту үшін пайдаланылатын ағымдағы жылы туылған мал басын толықтыратын төл – жылына бір рет; тасталған төлдер – биосынама қоя отырып, бактериологиялық немесе ПТР, іш тастаған аналық мегежіндердің қаны зерттеледі; жылқы: бруцеллезге (бурсит) күдіктенуге негіз болатын белгілері анықталған кезде зерттеледі; спорттық және цирктік жылқылар – ел шегінен тыс алып өткен (тасымалдаған) жағдайда, жөнелтілерден бұрын зерттеледі; сондай-ақ жалпы мал басының 1 % – жылына бір рет зерттеледі; марал (бұғы): жылына бір рет аталықтардың панттарын кесу кезінде; түйе, оның ішінде 4-6 айлық жастағы төлді – жылына бір рет бруцеллезге зерттейді; ит: шаруашылық жүргізуші субъектілердің аумағында (отардың жанында) мекендейтін ересек иттерді – жылына бір рет бруцеллезге зерттейді.  Ветпункт мамандары тарапынан ауруға анықталған жануарлардың жақ немесе сауыр тұсына «Б» әрпін басу жолымен ыстық немесе суық таңбалау әдістерімен белгі салады. Ауруға анықталған мал 15 күн ішінде тиісті аумақта орналасқан мал союды жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне  санитариялық союға жіберіледі. Шектеу қойылған аумақта 5 күн ішінде сойысқа жіберіледі.

Эпизоотиялық ошақтарда жүргізілген зерттеулер барысында анықталғандай аурудың таралуына көбінесе адами факторлар себеп болуда. Мал иелері тарапынан ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабымен белгіленген міндеттері мен «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларымен» белгіленген талаптардың орындалмауы себебінен жануарлардың аса қауіпті аурулары таралуда. Атап айтқанда, әрбір мал иесі басқа жақтан мал әкелгенде немесе сатқанда жергілікті мал дәрігерлерін ескертпейді, сырттан құжатсыз әкелген малды карантинге қоймай жұқпалы ауруларға қанын алып зерттеместен ауылдың жалпы табынына (отарға) немесе шаруа қожалығының малына қосады. Көбінесе мал иелері ауруға анықталған сиырдың бұзауын (қозы, лағын) етке өткізбей алып қалады. Қора-жайға көктемде мал қорадан шығарда және күзде қораға кірерде дезинфекция жұмыстары жүргізілмейді. Бруцеллезге анықталған малын уақтылы етке өткізбей, ветеринариялық зертханаға сенімсіздік білдіреді. Айтып кететін маңызды жәйт, ветеринариялық зертханада қан сынамаларына қойылатын бірнеше серологиялық: агглютинация, комплиментті байланыстыру немесе комплиментті ұзақ байланыстыру, Роз-бенгал сынамасы, иммунды ферментті талдау (ИФТ) реакциялары арқылы ауру жұқтырған малдың қоздырғышы қан сынамасынан бірден анықталады. Көбінесе мал иелері «малымыз іш тастаған жоқ немесе ауру белгілері жоқ, малымыз сау» – деп малдәрігерлеріне сенімсіздік білдіруі дұрыс емес. Аталған реакциялар арқылы қоздырғыш қанға түскен уақыттан бастап, малдың ауру белгілері білінбестен бірден анықталады. Ал іш тастаған малдан қоздырғыштың сыртқы ортаға зәрі, нәжісі, сілекейі арқылы таралуы, басқа малға жұқтыруы өте жоғары болады. Сондай-ақ, бруцеллез анықталған ауладағы барлық мал түліктері мен ит, мысық та қоса бруцеллезге зерттету керек. Әйтпесе ауру қоздырғышы басқа жануардан қайта жұғып ауру кең тарала береді. Жоспардан тыс итті ақылы түрде жыл сайын қанын зерттетіп отырған дұрыс. Бүгінгі күні облыстық ветеринариялық зертханада бруцеллезге ақылы зерттеу барлық мал түліктеріне 292 теңгені құрайды. Ауылдық жерде бос жүрген иттерден ауру таралу фактілері жиі кездеседі. Тағы бір ескеретін жағдай, ауру мал төлдегенде шуын немесе өлі туған төлді итке тастағаннан ит арқылы бруцеллез ауруы көрші аулалардағы сау малдарға жұғады. Сондықтан, малдың шуын немесе өлі туған төлді өртеп жіберу немесе мал қорымына тастау керек. Бруцеллез қоздырғыштары малдың тезегінде, зәрінде, ластанған суда қырық күнге дейін өлмей өмір сүре береді және суыққа төзімді келеді. Мысалы, мұзға, қарға түскен бруцеллалар бір-екі айға дейін шыдайды. 5-6 градустық суық бруцелланы тек 35 күннен кейін, ал 20 градустық аяз 20 күннен кейін ғана өлтіре алады. Сондай-ақ, бруцеллезбен ауырған сиырдың сүтінен жасалған тағамдарда (сары май, құртта, ірімшіктерде) қоздырғыштар 40-60 күнге дейін өмір сүреді. Тұзы аз брынзада да бруцеллез микробтары көпке дейін сақталады. Бруцеллезбен ауырған малдың тұздалған етінде бір, бір жарым айға дейін өлмейді. Бруцеллалар жер қыртысында, көңде, қида немесе тезекте 3-4 ай өмір сүретіні анықталған. Бруцелланың әлсіз жақтары да баршылық, әсіресе қатты ыстықтан қорқады. Күннің тура түскен сәулесінен, қайнатқаннан тез өледі. Мысалы, суды 50 градусқа дейін қайнатқанда микробтар 1 сағатта, ал 70 градуста 10-15 минутта өледі, ал әбден қайнаған суда олар бірден қырылады. Тамақ арқылы асқазанға барғанда бруцеллез қоздырғыштары асқазан сөлінің әсерінен қырылып қалады. Сондай-ақ улы дезинфекциялық ертінділердің әсерінен бруцелалар бірден жойылады.

Қорыта айтқанда, «сақтансаң, сақтаймын дегендей» дер уақытында ветеринариялық мамандар тарапынан тиісті ветеринариялық іс шаралардың атқарылып, мал иелері тарапынан өз міндеттерін жауапкершілікпен орындаған жағдайда бруцеллезді жеңуге болады.

Данияр Мерғазин,

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары.

 

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button