Боямасыз болмыс
Байқайсыздар ма, осы Астанаға қоныс аударғандар алты айдан кейін адам танымай қалады. Қызмет бабымен барғандарды кешіруге болатын шығар. Басқа орта, басқа деңгей. Тіпті, құрылыс жұмысына жалданып кеткендердің өзі немістің қоқысқа тастаған ескі көлігін мініп алады да, танауын шүйіреді-ай келіп… «Өзі болған қыз төркінін танымастың» нақ өзі.
Ал, жерлесіміз Жұмажан Жүкеновтің Астанаға қоныс аударғанына ширек ғасырға жуықтап қалды. Астана Бас қала болмай тұрып-ақ, барған. Ұстағаны – «жіліктің майлы басындай» қызметтер. Оның өзіне тіленіп барғаны жоқ. Астана «аттай қалап», қолқалап шақырған. Негізі, астаналықтар кісі танымай кетсе де, Астана адам таниды екен. Қырықтың қырқасына енді ғана қадам басқан Жұмекеңнің боямасыз болмысын да, қабілет-қарымын да таныды. Жұмажан аға да қазыналы Қарағандысын, нұрлы Нұрасын ұмытқан жоқ. Қарапайым қалпынан айныған жалқы сәтін көрмеппіз. Үнемі елпең қағып, елден келгенді елжірей қарсы алып жүргені. Үлкен-кішінің алдында «бетегеден – биік, жусаннан – аласа» қалып танытып, жатсынып-жатырқауды білмейтін адамзаттың абзалын көресің. Іскерлігі – ілкімді, қабілеті – қарымды.
…Екеуміз ана тіліміздің қызғыш құсы, көрнекті ғалым Қайролла Нұрмахановтың шаңырағында, Орал апамның дастарқанында танысқан едік. Шынымды айтайын, Қайрекеңе іні болу бақыты маңдайыма жазылмапты. Ал, Орал Мәнсүрқызының туған ұлындай болып, мейірім-шапағатын көріп бақтым. Иманды болғыр, жазиралы даламның көшіп жүрген жайлауындай еді ғой. Жұмекең – осы кісілердің күйеу баласы. Үлкен қыздары Ғалияның жолдасы. Орал апамның берекелі дастарқанынан басталған таныстығымыз екеумізді аға-інілік сыйластыққа жетелей берді.
Жұмажан Қамкенұлы 1954 жылы 15 маусымда Нұра ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келіпті. Әкесі партия қызметкері болады да, ауданның бірнеше шаруашылығында басшы қызметтер атқарды. Яғни, көшіп-қонып жүріп қызмет еткен. Оның үстіне, Жұмекең өмір есігін ашқан жылдар тың игеру науқанының қызу жүріп жатқан кезі. Нұра өңірі дүбірге бөленіп, дала думанға кенелген. Міне, осы кезеңде партиялық тапсырмамен Қамкеңнің қызмет етпеген ауылы жоқ. Жұмекеңнің бойындағы көпшілдік, орта өзгерсе де, өзгермейтін болмыс, кез келген ортаға тез бейімделу, кісімен тіл табысу секілді ізгі қасиеттер сол бала күнінде дарыса керек.
Еңбекке бала күнінен араласты. 14 жасында трактор тізгіндеп, ауыл тұрғынарына ауыз су таситын. Елдің ризашылығын ала салып, мектепке жүгіреді. Еден жуушы болып істейтін анасына қолғабыс етуге.
…Бүгінде «Нұр Отан» партиясының Орталық Аппаратында қоғамдық қабылдау желісінің жетекшісі лауазымындағы Жұмажан Қамкенұлының Нұрадан – «Нұр Отанға» дейінгі соқпағында ізгілік тұнған із жатыр. Абзал ағаның азаматтық қалпы мен боямасыз болмысын әдемі сөзбен әдіптемей-ақ, қызмет жолын теріп шықсаңыз, газетіміздің бір бетін толтырар дерек пен дәйек жатыр. Басқасын қойып, Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетінде оқып жүрген студенттің омырауына орден таққанын естіп пе едіңіз? Естімесеңіз, айтайын. Жұмажан Жүкенов студент шағында университеттің комсомол ұйымына жетекшілік жасайды. Жалындап тұрған жас хатшының қоғамдық белсенділігі мен іскерлігі мемлекет назарынан тыс қалмай, соңғы курста «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Парасатты парторгтың комсорг ұлының көшелі өмір соқпағы осы сәттен басталған.
Университет бітіріп, өзі білім алған кафедраға оқытушы болып қалды. Ғылымға ден қойды, ізденістен жалықпады. Комсомол комитетінің хатшысы лауазымын оқытушылықпен бірге алып жүрді. Жүрегіндегі от пен бойындағы жігерін аңғарған облыстық комсомол комитеті Жұмекеңді ғылымнан алшақтатты. Қолқалап жүріп, облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің тізгінін ұстатты. Осы сәттен бастап, Жұмекеңнің қызмет бабындағы өрлеу кезеңі – жұлдызды сәті басталды. Бірден обкомның назарына іліккен жас маман саяси-ағарту үйінде кеңесші, Қарағанды облыстық партия комитеті идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі секілді лауазымды қызметтерді орда бұзар шағында атқарып үлгерді. Осы қызметтерде жүріп, ғылымнан қол үзген жоқ. Экономика ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы білім Академиясының мүше-корреспонденті атанды. 1990 жылы Свердловск партия мектебін бітірді.
1993 жылы Астанаға қоныс аударып, онда ҚР Парламент Мәжілісі аппаратында, ҚР Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. 2010 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін «Нұр Отан» партиясы Орталық Аппаратында Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі лауазымында. «Нұр Отан» партиясының миллиондаған халық алдындағы абырой-беделі осы Жұмажан Жүкенов сынды іскер азаматтардың біліктілігімен өлшенсе керек. Тәуелсіздіктің тірегі бола білген жетекші партия аз уақыттың ішінде биліктің ғана емес, берекенің партиясы болғанын ел біледі. Ал, Қоғамдық қабылдау бөлмесіне мұң-мұқтажын арқалаған мыңдаған азаматтардың келіп, мәселесі оң шешім тауып жатқанын көзбен көріп отырмыз. Тұла бойынан барынша мәдениеттілік пен қарапайымдылық менмұндалап тұратын жібек мінезді Жүкеновтің алдынан өкпелеп шыққан жұмыр бастыны көрмеппіз. Ресми статистика айтады: «Нұр Отанның» Қоғамдық қабылдауына жолданған барлық талап-тілек пен өтініш-бастамалардың 40 пайыздан астамы оң шешім тауып жатқанын. Осының барлығында желінің жетекшісі Жұмажан Қамкенұлының қолтаңбасы жатыр. Еңбегі еленбей жатқан жоқ. Студент шағында алған алғашқы орденінің қатарын тәуелсіз еліміздің «Құрмет», «Парасат» ордендері мен бірнеше медальдары толықтырған.
Даладай дархан, баладай аңғал қалпымен-ақ, саясаттың саңлағына айналды. Жалпақ жұртқа саясатта жүргендердің салқындығы аян. Ал, Жұмекеңнің бойындағы ізгілік барша жұрттың ондай ойынан із қалдырмайды. Біз – тұтас бір қоғам, бір жүйенің парықсыздықтан ыдырағанын көрген ұрпақпыз. Кешегі партократтардың әлі күнге биліктің биік мінберінде шығып алып, бюрократияның отын көсеп жүргенін және көріп жүрміз. Ал, Жұмекең екі жүйеде де көшбасшы бола жүріп, боямасыз болмысынан ажыраған жоқ. Ол нағыз азаматтың ғана қолынан келсе керек-ті…
♦ ♦ ♦
…Жақында тағы хабарласқанбыз. Орал апаны еске алып, біраз толқып алдық. Сағынып жүр екенбіз. «Иә, мамам болғанда, басымыз жиі қосылып тұрушы еді. Ол кісі кеткелі сәлем-сауқатымыз да сиреді ғой» деді қамығып. Телефон тұтқасының арғы жағынан жайдары жанның жайлау мінезінің лебі еседі. Адалдығы аңқып тұр.
Жұмажан аға бүгін Пайғамбар жасы – 63-ке толып отыр. Шаңырағында – ұлан-асыр той. Тек төрдегі Қайролла аға мен Орал апаның орны ойсырап тұр. Тағдырыңыз таралғы еткен кем-кетіктің орнын Ғалия жеңгем екеуіңізден өрбіген бала-шаға мен немерелердің қызығы толтырсын, Аға!
Ерсін Мұсабек.