Жаңалықтар

Борсеңгірдегі бетбұрыс

Борсеңгірдің іргедегі Сарысудан саяқ шыққанына да алпыс жылға айналып барады. Жер көлемі 575 509 гектар, басым бөлігі жайылымдық – 321 125 гектар, шабындығы – шамалы, 4 200 гектар, қалғаны басқа қажеттіліктің қарымтасын қайтаруға қолданылады. Осы аумақты 634 адам ен жайлап жатыр: жартысынан сәл астамы еңбекке жарамды, бос жүрген оның екеуі қоғамдық жұмысқа тартылған. Статистикалық тілге жүгінсек, жұмыссыздық деңгейі – 0,1%. 237372 гектар жарамды жерді ұзақ мерзімдік жалға алған 72 шаруа қожалығының шеті «Шұбарқұдықта», «Тобылғылықұм» мен «Жиделіқұмда» жатыр.

Ашығын айтайын, Борсеңгірдегі оң бетбұрыс бірден байқалады. Бұдан тура төрт жыл бұрын болғанмын. Еншісін бөліп, жеке шаруашылығын шыр айналдырған қожалық қатарына жаңадан жиырмасы қосылыпты. Соған сай мал басы да көбейген. Ол кезде ұсақ малдың ұзын-ырғасы 6 мың бастан асатын, 3 мыңдай ірі қара, мыңның үстінде жылқы, қырық шақты түйе түлігі бар еді. Өткен қысқа 7573 ұсақ мал, 3029 ірі қара, 2290 жылқы, 52 түйе түсіпті.

– Амандық болса, алдағы қыста 7900 қой мен ешкі, 3260 ірі қара, 2800 жылқы, 55 түйе түлігі қар басады деп жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай, жаздың жаңбыр[1]сыз болуы, көктемде көлтабанға қар суының мардымсыз жайылуы салдарынан шөптің түсімі биыл жылдағыдан әлдеқайда аз болды. Соған қарамастан, Сарықамыс пен Сымтас көлтабанынан – 2600 тонна, шабындықтан 1200 тонна мал азығын дайындап алдық. Шаруа қожалықтарында былтырғы қыстан қалған 700 тонна шөп бар, – дейді ауылдық округ әкімі Бауыржан Әлімбек.

Бауыржан – жасы «орда бұзар отызды» орталап қалған жігіт. Соған қарамастан, ауданда әртүрлі лауазымдық қызметті абыроймен атқарып үлгерген. Бір жылдан астам уақыттан бері осы шаруашылықтың тізгінін қолына алған. Мамандығы – экономист. Басында тұйықтау көрінген. Қызметіне қатысты сан-сапалақ сауалмен саумалап, талай сырдың тиегін ағыттырдым. «Адамға алдымен қажеті әлеуметтік жағдай ғой» деп, бір қойды. Үнсіздік ұзап бара жатқасын: «Сонда не істемек ойың бар?» деп, кезекті сауалды көлденең тарттым. Тағы тыныштық. «Мемлекет жасайтын жеңілдікпен шектелмей, бюджеттен тыс жәрдем жасау жолын қарастырамын», – деді бір кезде.

«Қашанғы қаражаттан қарасасың?». «Бұл тұрмысы төмен отбасы мен көпбалалы ананың, мүгедек пен зейнеткердің әлеуметтік жағдайына қатысты айтып жатқаным ғой. Әйтпесе, ауылда жұмыссыз азамат жүрмеуге тиіс. Ол үшін жеке кәсіп ашып, мемлекеттік бағдарламағақатысуын қадағалаймын». Әңгіме шаруашылыққа ойысқанда, манадан «бабы болмай» отырған Бауыржан шешіліп сала берді: «Ауылдың негізгі кәсібі — мал. Оның қай түрін болмасын көбейтіп қана қоймай, тұқымын асылдандыру бағытында фермермен бірлесіп жұмыс жүргізу керек. Қазір 4 шаруа қожалығы 13 асыл тұқымды (әулиекөл, ақбас) бұқаны380 сиырға қосу арқылы ірі қараны асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. «Сыбаға» несиелік бағдарламасына қатысқан «Жұмабаев Б.» шаруа қожалығы 29 млн. теңгеге 62 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры тұқымын сатып алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жариялаған Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге қатысты талай толғақты мәселенің түйінін тарқатып, алға нақты міндеттер қойды. Соның ішінде мал өнімін өндіру мен өңдеу – өз алдына бөлек, күрделі мәселе. Сондықтан, ауыл шаруашылық саласында мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдікті жан-жақты пайдалану керек. Ауылдың әлеуеті ғана емес, әлеуметтік жағдайы мен сыртқы келбеті де заманауи талапқа жауап беретіндей болғаны дұрыс. Биыл қатысу бюджеті бойынша бөлінген 3 млн. теңгені көпшіліктің ұйғарымымен село орталығында бос жатқан жерге болашақ «Саябақ» орнын қоршауға жұмсадық. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы екі көшеге асфальт төсетіп алдық. Алты көшенің бойындағы жетпіс бес шамды электр қуатын үнемдейтін заманауи түріне ауыстырдық. Ауылдағы әр он үйдің сегізіне ауыз су құбыры енгізілген. Осы шаруалардың орайлы шешілуіне пәрменді ықпал еткен аудан басшылығына ауылдастардән риза». Ауыл әкімі Бауыржан Әлімбек мана бір сөзінде: «Селоны соны сипатта жаңғырту ойда бар. Бойымдағы бар қабілет-қарымымды соған жұмсаймын» деген еді. Оның қандай болатынын кезінде көрерміз, жалпы бір бетбұрыстың болатынына өзім еріксіз иландым.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button