Бас тақырыпОблыс әкімі

Бораннан кейінгі жағдай пысықталды

Аймақ тұрғындарын әбігерге салған ақ боран басылғанымен, қар тазалау машақаты азаймай тұр. Ал, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК тұрғындардың облыс және қала басшылығына айтылған наразылықтары орынды деді. Себебі, уақытылы әрі тиісті тазаланбаған қардың салдарынан қаланың Майқұдық және Пришахтинск тұрғын аймақтарына қатынайтын қоғамдық көліктер тоқтап қалған. Ал, лажы болмаған халық ауа-райының қолайсыздығына және ара-қашықтықтың алшақтығына қарамастан, жаяу шұбырды. Осы және өзге де мәселелер туралы облыс әкімдігінде шұғыл жиналыс өтті.

 

Жолдар түске дейін ашылады

 Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбетовтің айтуынша барлық маңыздағы және бағыттағы жолдарда кейінгі күндері алты рет дабылды ескертулер берілген. «Ұлттық Ұлан», жергілікті полиция қызметі және атқарушы органдарымен бірлесе жұмыс жасау арқылы 105 құтқару іс-шаралары жүргізіліп, 954 адам және 229 көлік қар құрсауынан шығарылған. Ал, жол бойындағы дәмханаларда жылыту және тамақтану пункттері ұйымдастырылды.

– Төтенше жағдай туралы және жолдардың жабылатыны жайлы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында және «Дәрмен» мобильді қосымшасында тұрақты түрде жарияланып отырды. Өткізу бекеттерінде қазір 507 техника жұмыс істеуде және 240 адам жылыту бекеттеріне орналастырылды, – дейді Ибрагим Күлшімбетов.

 Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жол бойында қалған 820 көлік және 2118 адам тамақпен, жанар-жағармаймен қамтылған.

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов боран кездерінде облысқа қарасты 44 жолда қозғалыс тоқтағанын айтады. Бірақ, «түске дейін жолдың барлығы қардан аршылып, қозғалыс қалпына келтіріледі» деп уәде берді ол облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке. Ол жол бойында арнайы техника екі ауысыммен тоқтаусыз жұмыс істеп жатқанын жеткізіп, кез келген көлік түріне қозғалысты қамтамасыз етеміз деп отыр. Сондай-ақ, Әскербек Ибрагимұлы 29 қаңтардан қалааралық және қалаішілік қоғамдық көліктер тоқтаусыз жүріп жатқанын да айтады. Жолдағы жағдайға байланысты мерзімінен кешіксе де, қозғалыс тоқтамаған. Әуежай да жұмысын жалғастырған.

Облысқа қарасты жолдардың барлығы түске дейін ашылады десек, қиындық тудырғаны – Нұр-Сұлтан қаласына баратын жол. Алдында қар тазалайтын арнайы техникасы жеткіліксіз болып, сынға ұшыраған «ҚазАвтоЖол» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдос осы жолы да 30- 40%-ға көлік жетіспейтінін алға тартты. «Облыс жолдары түске дейін ашылады, республикалық жолдарды неге ашпайсыздар?» деген Жеңіс Қасымбектің сұрағына ол да түске дейін ашамыз деп жауап берді. Берген уәде орындалмаса, министрлікке шағым жасайтынын айтқан әкім, «ҚазАвтоЖолдың» жұмысы көңілге қонбайтынын жеткізді.

Ал, ең көп наразылық – облыс орталығында. Жағдайға тиісті баға бере алмай қалған әкімдік тағы да проблемадан шеттеп қалған сыңайлы. Қала әкімінің міндетін атқарушы Жақсылық Шалабеков қар тазалау жұмыстарына қатысты бұған дейін талай айтылған ақпаратпен шектелді.

Күштің бәрін қоғамдық көліктердің жүрісін қамтамасыз етуге жұмылдырудамыз. Шұғыл шараларға арналған қордан қосымша қаражат бөлдік, – деген Жақсылық Рамазанұлының бұл ақталуы «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» кері болды.

 Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек те 29 қаңтардағы қоғамдық көліктердің жүре алмай қалуы салдарынан ашынған тұрғындар әкімдерге деген ашуын әлеуметтік желіде жариялағанын айтып отыр. «Тұрғындар жұмыстарыңызды жақсы бағалаған жоқ. Менің де берер бағам – осы» деген ол, көше қарларын тазалауды аяқтап, аулаларды тазалауға кірісуді тапсырды.

Жылу беру – тұрақты

 – Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, 8 жылу станциясы тұрақты жұмыс істеді. Теміртау қаласында да 5 негізгі қазандық – іркіліссіз. Бірлі-жарым істен шыққандары болғанымен, олар да жылдам ретке келтіріліп, қатарға қосылды – дейді облыстың энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Бірақ, облыстағы 13 елді мекен электр көзінен ажырап қалған. Аталған елдімекендер Осакаров, Ақтоғай, Нұра, Абай, Шет, Қарқаралы аудандарында.

 Ал, көмірмен қамтамасыз ету – қалыпты. Тұрғындар үшін жалпы қажеттілік – 1 400 000 тонна, коммуналдықтұрмыстық қажеттіліктер үшін – 600 000 тонна. Бүгінгі күні облыс бойынша 37 көмір сату орны жұмыс істейді. Қазірдің өзінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін 1,26 млн. тонна көмір тиеліп, дайын тұр. Шұбаркөл көмірінің орташа бағасы –10 100 теңге, – дейді Ұлантай Үсенов.

Ал, аудан әкімдері түске дейін барлық елді-мекендерге жарық беріледі деп уәде етіп отыр.

Қарғын суға дайындық қалай?

Биылғы түскен қардың көптігі су тасқынына алаңдатушылық тудыруда. Осы орайда, Жеңіс Қасымбек қала және аудан әкімдеріне су тасқынына дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуге бір апта уақыт берді. Одан кейін, аймақ басшысы елді мекендерді судан қорғауды талқылау үшін төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен кездесетін болды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдарда 125 көпір, 3440 су өткізу құбыры бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта 13 көпір мен 70 су өткізу құбыры жөндеуден өткен. Өткен жылдарда су тасқынынан қираған 5 көпір қалпына келтірілген. «Әзірге апаттық жағдайда тұрған көпір саны – 4, оларды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді, әзірге конкурстық рәсімдер жүргізілуде» дейді ол.

Жеңіс Қасымбек су тасқыны қаупі бар жерлер туралы да сұрады. Әскербек Халтонов аса қауіпті аймақ – Нұра, Осакаров және Ұлытау аудандарындағы құрылғылардың барлығы алмастырылғанын жеткізді. Ерекше бақылауға алынатын жерлер Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа аудандарында орналасқан.

Қарағанды қаласындағы қауіпті орындар да аталып өтті. Олардың қатарында Сұрыптау кенті мен Бадин көшесі бар.

Дегенмен, «Қазгидрометтің» облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Нұрбаев жердегі тоңның өткен жылдардағыдай 1,5 метр емес, 0,5 метр болуы көктемде қар еріп басталғанда судың жерге сіңуін оңайлатуы мүмкін деп отыр.

Басқа материалдар

Back to top button