Болжамның баянды болуына не кедергі?
Шағын бизнеске шапағаты тиіп, орта бизнеске оттегі болатын үр жаңа мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Қарапайым заттар экономикасы». Атауының өзі айтып тұрғандай, бағдарлама қоғамда күнделікті қажетті тауарлар шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздейді. Яғни, жеңілдетілген несие арқылы басымдық берілген салалардағы шағын кәсіпкерлердің шаруасын дөңгелетуге сеп. Бұл – Елбасы Жолдауынан соң түзілген дара бағдарлама еді. Сөйтіп, былтыр қоржын қорында 600 млрд. теңгесі бар жаңа бағдарлама әзірленді. Биыл сол қор тағы толықты. Нақтырақ айтқанда, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ тағы да 100 млрд. теңге бөлуді тапсырды.
Бұған дейін мәлім етілгендей, бағдарлама ішкі нарықтағы импортты отандық тауарлармен алмастыруды көздейді. Сол арқылы өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандырып, сапалы өнім көлемін арттыруды мақсат тұтқан-ды. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 600 млрд. теңге бөлді. Оның ішінде, 400 млрд. теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд. теңге – агроөнеркәсіптік кешенді қайта өңдеуге, тағы 100 млрд. теңгесі агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталған еді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде өнеркәсіп тауарларының шамамен 82%-ы, азық-түлік өнімдерінің 35%-ы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 23%-ы импортталады.
Былтырғы жылы бағдарлама аясында еліміз бойынша 365 тауар өндіру түріне, оның ішінде, 118 азық-түлікке және халық тұтынатын 247 тауарға жеңілдетілген несие берілді. Мұндағы жеңілдетілген қарыздың жылдық мөлшерлемесі – 8%, ал несиелеу мерзімі – 7 жыл.
Қарағанды аймағында да өндірілетін өнімдерге және өнеркәсіптердің әлеуетіне талдау жасалды. Бұл орайда, облыстың кәсіпкерлер палатасы жанынан өңірлік жобалау кеңсесі ашылғаны мәлім. Сол кеңсе арқылы аймақтағы 2 800-ден астам компания іріктеліп алынған болатын. Олар – тамақ, жеңіл, жиһаз өнеркәсібі саласындағы компаниялар. Палатаның мәліметінше, қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар 169 кәсіпорын белгілі. Мұндағы сома – 125, 8 млрд. теңге көлемінде.
«Бүгінде құны 5,1 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба қарастырылуда, ал 16,5 млрд. теңгенің 110 жобасы қолдау тапты. Идея үлгісінде 52 жоба бар. Олардың жиынтық сомасы – 104,2 млрд. теңге шамасында», – дейді өңірлік жобалау кеңсесінің мамандары.
Жобалау кеңсесі түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқанын айтады. Бүгінге дейін бағдарлама хақында 100 мың бизнес субъектісі хабардар болыпты. Дегенмен, кәсіпкерлердің бағдарламаға қатысуына кедергі келтіріп отырған түйткілді жайттары да жоқ емес. «Соның ең негізгісі – бизнесті жүргізуші ұйымның несие кепілдігіне ұсынған дүниесінің төмен бағалануы, кепілдікті қамтамасыз етудің жетіспеушілігі», – дейді жобалау кеңсесінің қызметкерлері.
Жалпы, несиелендіру бағдарламасын тиімді іске асыру 2025 жылға қарай, тауарлардың импорттағы үлесін 59%-дан 37%-ға дейін төмендетуге, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құруға, салық түсімдерін 1,1 трлн. теңге көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік береді деген болжам бар. «Болжамдардың сол күйінде қалмай, іске асуы үшін туындаған кедергілерді дереу жою – міндет. Бағдарламаның баянды болуы бұған тікелей тәуелді», – дейді мамандар.
Қызғалдақ АЙТЖАН