Білім

Болсашы елдің бәрі Владиславтай…

Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігі көпке үлгі. Өйткені құшағы кең қазақ елі қиын-қыстау замандарда өз жеріне келген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Елімізде соңғы уақыттарда қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейгенін көз көріп жүр. Бұған әсте таңқалуға болмас. Мемлекеттік тілді білу – баршаның міндеті дегенімізбен, өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлеуі – қазақтың елі мен жеріне деген құрметі. Бүгін қазақ тілін бір кісідей меңгерген кейіпкер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Қоғаммен байланыс жөніңдегі аға офицері, кіші сержант Владислав Горизанов туралы айтпақпыз.

«Өзге ұлт өкілі болсам да, қазақ елінде, қазақ жерінде туып-өскен соң қазақ тілді меңгеруді жөн көрдім. Әрине, тіл үйрену оңайға соққан жоқ. Дегенмен, қажеттілік пен ниет болса, алынбайтын асу жоқ. Қазақ балаларымен бір аулада ойнап, тіл табысу үшін тіл білудің қажет екенін сездім. Сөйтіп, қазақ тілін үйренуге тура келді», – дейді Владислав.

Тіл білудің артықшылықтары орасан. Қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, халықтың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысқанын айтты ол. Күнделікті өмірі мен қызметінде қазақ тілін білудің көп көмегі тиіп жүргенін жасырмады.

Владислав Горизанов алғашқыда тіл үйренуде қиындықтар кездескенін айтты. Күнделікті өмірде дүкенге барып, өнімдердің атауларын сұрау, қазақ балаларымен тіл табысуда, ауызекі сөйлеу мәнерінде сөздік қордың жоқтығы, екпіннің болуы оған қатты әсер еткен. Уақыт өте келе, сөздік қорды нығайту үшін көбірек кітап оқуға, ойын тек қазақ тілінде жеткізуге тырысқан.

«Тіл адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырады, табыстырады. Ал мемлекеттік тіліміз – ең басты байлығымыз, оны әрбір қазақстандық азамат міндетті түрде білуі қажет», деп есептейді ол.

Астана қаласында Жамбыл Жабаев атындағы мектепте қазақ сыныбында оқыған. Бала кезінен қазақша кітап оқуға әуес болған оны мұғалімдер мектеп кезінде үлкен сахнаға шығарып, қазақ ақындарының өлең шумақтарын, проза, поэзияларын жаттатып, мәнерлеп оқудан сайыстарға қатыстырған. Оның нәтижесі де жаман болмағанын айтады Владислав.  

«Әлі күнге дейін есімде, алғаш рет Сәкен Сейфуллиннің өлендер жинағын қолға ұстадым. Сол өлеңдерді оқудан алған әсерім бөлек еді. Кейін Абай атамыздың шығармашылығымен, өмір жолымен танысып, «Абай жолын» оқуға аңсарым ауды. Жастық шағымнан кітап оқу – басты хоббиімнің бірі болатын. Бала кезден патриоттық тәрбиені бойыма сіңіргеннен болса керек, қазақ тіліне, халқына деген сүйіспеншілігім артты», – дейді ол.

Владислав Горизанов қазақтың ұлттық аспабы домбыраны тартатынын да тілге тиек етті.

«Ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Мен үшін жер бетінде қазақтан дархан, қазақтан жомарт кеңпейіл халық жоқ», – дейді Владислав.

2021 жылы Қарағанды қаласына қызметпен келген. «Тіл үйренгеннің пайдасы мол. Барған жерімде, жүрген ортамда қазақша сөйлейтініме көпшілігі риза болып, сыйлайды. Мен тілге қалай құрметпен қарасам, елдің маған деген ықыласы да, құрметі де бөлек», – дейді жас жігіт. 

Владислав Владимирович тіл меңгерген өзге ұлт өкілдеріне арналған түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 2022 жылы Қарағанды қаласы әкімінің «Nur Qadam» жастар сыйлығының «Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында лауреат атанған. Сондай-ақ, республикалық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауда бас жүлде иеленген.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button